BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.01 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.39 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.53
Астана:

Баспананы тегін алуға тағы бір мүмкіндік

Фото: imotisiana.com

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Кеше Астана қаласында өткен «Қазақстанның ауылдық аумақтарын тұрақты дамытуға әйелдердің үлесі» атты ауыл әйелдерінің бірінші форумына келген «Асыл адам» қорының негізін қалаушы, «Бақытты отбасы» әлеуметтік жобасының авторы Көңілбай Шүкенов жаңа жоба қолға алынғанын айтты.

Бұрын соңды болмаған ерекше жоба

«Бұл жоба 2014 жылы көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмектесу, оларға үй салып, бизнес жобалар жасап беру мақсатында ашылды. Төрт жыл ішінде «Бақытты отбасы», «Ақылды үй» әлеуметтік жобаларын іске асырдық. Бұрын алдымызға жылап келген көпбалалы отбасыларға үй салып беретінбіз, бірақ олар белгілі бір кәсіп түрімен айналыспайтын. Бұдан былай бағытымызды сәл өзгертіп, Қазақстанда бұрын соңды болмаған бірегей жаңа жобаны қолға алмақпыз. Бұл жоба «Шаруа мекені» деп аталады», - дейді Көңілбай Қалдыбекұлы.

Аты айтып тұрғандай, жоба көпбалалы ғана емес, еңбекқор отбасыларға арналған.

«Ақмола облысы, Аршалы ауданына 190 шаршы метрлік бес үй салдық. Сол бес үйдің бірінде тегін тұрып, жұмыс істейтін көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға байқау жариялаймыз. Байқауға Қазақстанның барлық өңірлеріндегі тұрғындар қатыса алады», - дейді ол.

«Шаруа мекені» жобасына қатысу шарттары

Қордың негізін қалаушы бұл жобаға қатысу шарттарын түсіндірді.

«Бұл үйдің ауласына жылыжай болады және үй құстарын асырауға мүмкіндік жасалады. Байқауда жеңімпаз болған отбасы осы үйде тегін тұрады және жарты жыл бойы жаңа технология бойынша жеміс-жидек егіп, үй құстарына қарайды. Егер көмек қажет болса, сол сала бойынша білікті мамандар келіп, бағыт-бағдар береді. Жобаның жүзеге асу барысында отбасы мүшелеріне ұялы телефон ұстауға рұқсат етілмейді. Егер ай сайын төлейтін несиелері болса, банкке несие төлеу уақытын тоқтата тұру туралы өтініш жазамыз. Жарты жыл бойы оларға күн сайын тапсырма беріліп, ол видеоға түсіріледі. Жобаның телевизиялық нұсқасы YouTube каналынан көрсетіледі», - дейді ол.

Осы жылдың желтоқсан айында www.asyl­adam.kz сайтында «Шаруа мекені» деген атаумен парақша ашылады. Қатысуға ниет білдіргендер сол жерге өтініш жібереді. Арнайы комиссия құрылып, ақпан айының соңына дейін іріктеу болады. Жобаға өткен отбасы наурыз айынан бастап Аршалыдағы үйге барады.

Аталған жобаның ерекшелігі осы ғана емес. Жобаға қатысқан отбасы осы үйді бір жылдан кейін өз меншігіне аударып алуға құқылы. Ол үшін не істеу керек?

Бизнес және тегін үй

«Егер отбасы мүшелері күн сайын берілетін тапсырманы бұлжытпай орындаса, жылыжайда өскен жеміс-жидекті сату арқылы ай сайын 600 мың теңге табыс таба алады. Ал ай сайын 600 мың табыс тапса, өздері тұрып жатқан үй сол отбасыға сыйға беріледі», - дейді Көңілбай Қалдыбекұлы.

Ол осы жоба арқылы ауылда тұрып, жұмыс істеп қана қоймай, мол табысқа кенелуге болатынын дәлелдегісі келетінін айтты.

«Егер жоба сәтті жүзеге асса, сол үйдің қасындағы төрт үйге басқа да көпбалалы отбасыларды кіргіземіз. Олар да жарты жыл бойы біздің талап бойынша жұмыс істейтін болады, бірақ әр отбасы қолға алатын кәсіптің бағыты әртүрлі болмақ. Мысалы, бір отбасы жылыжайда жеміс-жидек өсірумен айналысса, екінші отбасы мал өсіреді, үшінші отбасы қолөнермен айналысады», - дейді ол.

Қайырымды жандар қатысатын жоба

Көңілбай Шүкенов қазіргі уақытта «Арман үй» деген науқан жасап жатқандарын айтты.

«Осы науқан бойынша барлық министрліктерге хат жолдадық. Бұл жоба бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жақсы жұмыс істеп жатыр», - дейді ол.

«Арман үй» жобасына аталған қайрымдылық қорына қол ұшын созған кез келген адам қатыса алады.

«Мысалы, табиғи апаттан қирап қалған үйге жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде қасымызға келген қала тұрғыны «Асарлатып жатыр екенсіздер. Көмегім болсын деп сіздерге тамақ әкелдім» деді. Біз оған сертификат бердік. Онда «Сіз жақсы адамсыз. Осы сертификат арқылы «Арман үй» жобасына қатыса аласыз» деген сияқты сөздер жазылған. Кез келген қайырымдылық жасаған адамға осындай сертификат береміз. Келесі жылы 1 наурызда, яғни алғыс айту күні арнайы ұтыс ойынын өткізіп, сәттілік серік болған сертификат иесі Қосшыда салынып жатқан жаңа үйдің 2 бөлмелі пәтеріне ие болады», - дейді жоба авторы.

Ол Ауылдағы әйелдер форумына қатысушыларға бірнеше сертификат үлестіріп берді.

Көңілбай Шүкеноқайырымды іспен айналысу себебін былай түсіндірді:

«Мақсат – кедейлікпен күресу, өмір сапасын жақсарту. Оқушы кезімде болашақта кім болғымыз келетіні туралы алғаш шығарма жазған кезде «Адамдарға қайырымдылық жасаумен айналысамын» деп жазған едім. Сол арманым, міне, іске асуда. Жалпы өзім мамандық бойынша құрылысшымын», - дейді ол.

Фотолар Көңілбай Шүкеновтың жеке мұрағатынан алынды


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер