BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.86 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 424.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.6
Астана:

Тарихи оқиғалардың куәгері – Қамал Әлпейісова

Ол кісінің әуелі атына қанық болдым. Белді бір ұйымда қызмет ететін сіңлімнің тағылымгер апайы еді. Сіңлімнің екі сөзінің бірі апайының атымен байланысты: қандай кеңес беретінін, мақаласын қалай түзеткенін, кей кезде, сірә, намыстарына тигісі келетін болар, жастарды қатты сөздермен қамшылайтынын айтып келетін. Шынымды айтсам, осындай тағылымгерім болғанын өзім де қалар. Қанша дегенмен, оқып, білім алу мен қызмет етудің арасында қиындық тудыратын нәрселер көп қой. Сөйтіп жүргенде, ол кісімен танысып, сұхбаттасудың сәті түсті.

Камал Әбілқасымқызы Әлпейісова – жазушы, ғалым, аудармашы. Ұзақ жылдар бойы орталық мемлекеттік органдарда қызмет еткен. Ең бастысы, ол – ерекше қызық мамандық иесі, ілеспе аудармашы. Ол өзінің қол жеткен жетістіктерін Астанаға қоныс аударуымен байланыстырады. Ал ондай жетістіктер аз емес. Және бір қызығы, ол кісінің жетістіктерін тізбелегенде, «тұңғыш» деген теңеу жиі айтылады. Ол қазақша-орысша және керісінше ілеспе аударма жасайтын қыздарынан шыққан тұңғыш ілеспе аудармашы. Сосын «Үздік аудармашы» атты республикалық конкурстың тұңғыш жеңімпазы атанған. Одан кейін «Қазақ тілінен орыс тіліне ілеспе аударма жасаудың заңдылықтары» деген тақырыпта диссертация қорғаған, бұл да – осы салада қорғалған тұңғыш ғылыми еңбек.

«Астанаға қоныс аударғандарды Алматыда қалған жұрт біраз уақыт «Жел ұшырып әкеткендер» деп қалжыңдап жүрді. Ал кейбіреулер желтоқсан айында қоныс аударғандықтан, «декабристер» дейтін», - деп еске алады ол.

Негізі Камал Әбілқасымқызы ел астанасын көшіруге байланысты алғашқы әңгімелерден бастап, ресми шешім қабылданған жиын туралы нақты біледі. Өйткені, қызмет бабымен сол жиындарда ілеспе аударма жасап, тарихи сәттерді өз көзімен көрген.

Ел астанасын көшіру туралы сөз қозғалып, Президенттің жарлығы шыққан кезде ол Парламент Сенатында қызметте етіп жүреді. 1997 жылы 8 желтоқсан күні бұлар мінген эшелон Сарыарқаға бет алғанда ІІ Алматы вокзалында қалың жұртшылық ақ тілекпен шығарып салғанын еске алғанда кейіпкерім сол күндерді көз алдына елестетіп жымиып қойды.

Бұл деректі кадрлар маған да таныс – олар талай рет теледидардан көрсетілген. Ақмола вокзалында музыка ойнап, шашу шашылып жатқаны, поездан түскендер тізіліп тұрған автобустарға мініп жатқаны да сол бейнежазбаларда сақталған. Ол бейнежазбалар жаңа астананың шежіресін бастайтын тарихи құжат болғандықтан да қадірлі.

Камал апай сол күннен бастап жаңа астана екеуінің тағдыры бірге өріліп келе жатқанын айтады. Оның: «Көшіп келгенде тың игерген жылдардан бері тұрған көзге қораш үйлерден тұратын қаланың, автобустарда қара көзді қандастар анда-санда ғана төбе көрсететін облыс орталығынан бір мемлекеттің айбынды астанасына айналуы көз алдымда өтуде. Жай ғана көз алдымнан өткізіп қоймай, қал-қадерімше өз үлесімді қосқанымды да мақтан етемін» дегеніне біздің буын қызыға қарайды.

Олар көшіп келген күннің ертеңінде тарихи жиын - Парламент пен Үкіметтің бірлескен отырысы болып, онда Президент Қазақстан халқына үндеуін жария етеді. «Бүгін біз, Қазақстан Республикасының жоғары билік органдары, 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Ақмоланың мемлекет астанасы екендігін салтанатты түрде жария етеміз. Бүгіннен бастап осында, ұлан-ғайыр елдің орталығында, халық тағдырына қатысты барлық шешімдер қабылданатын болады...»

Әрине, біздің кейіпкеріміз ол тарихи жиында да ілеспе аударма жасаған. «Мен Елбасының әр сөзіне терең мән беріп айтқан салтанатты, толқулы сөзін орыс тіліне ілеспе аударма жасадым. Ол үндеудің мәтіні тасқа басылып, Мемлекеттік туымыз сияқты көк түсті папкаға салынып, сол жиынға қатысқандармен бірге маған да ескерткішке берілді. Папканың сыртында «Воззвание к народу Казахстана» деген жазу бар бұл папка – мен үшін құнды естеліктердің бірі» дейді Камал Әбілқасымқызы.

Қала құрылысының сол кездегі қарқыны, қала көшелерін электрмен дәнекерлеу аппараттарының жарқылы жарық етіп, қазық қаққан, тас кескен құралдардың шуылы тербеп тұратыны туралы алғаш қоныс аударушылардың бәрі де айтады. Бір ерекшелігі, олар мұны «бұл шу тыныштығымызды алды» деп ренжімей, сүйсіне әңгімелейді. Нәтижесі бүгін көз сүйсінтеді: еліміздің түкпір-түкпірінен келген құрылысшылардың күшімен қаншама мәдени, әкімшілік ғимараттар, тұрғын үйлер салынып, Астанамыз көркем қалаға айналды.

Ұлан-ғайыр далада бой көтерген қаланың аты бірден алысқа кеткені бізге аян. Мұнда атқарылған жақсы істерге алыс-жақын елдерде таңдана, тамсана қарап, елдікке, бірлікке, ынтымаққа үндеген іс-шараларға қатысуға ынта білдірушілер көбейе бастағаны да белгілі. 1999 жылы өткен «Әлем қалалары – бейбітшілікті жақтайды» халықаралық конкурсында Астана жеңімпаз атанып, ЮНЕСКО-ның Бас хатшысы Федерико Майор «Бейбітшілік қаласы» сертификаты мен тиісті медальды табыс еткені – елорданың халықаралық деңгейде мерейі асқан күні болар, сірә.

Содан бері әлемнің әр нүктесінде Астананың бауырлас қалалары пайда бола бастайды. Кеңестік республикалардың астаналарын былай қойғанда, Санкт-Петербург, Исламабад, Берлин, Анкара, Каир, Амман, Дамаск, Путраджайя, Пекин, Ницца, Бухарест, Уфа, Қазан, Будапешт, Варшава, Гданьск, Бангкок, Сеул, Урумчи, Ханой, тағы басқа қалалар мен Ресейдің бірнеше облысы елордамызбен тонның ішкі бауындай жақын болуға ұмтылғандардың қатарында.

Апайдың айтуынша, ел-елден өнер жұлдыздары ағылып келіп, елорда халқы рухани мол азыққа кенеледі. Жыл өткен сайын адамдардың психологиясында да өзгеріс пайда болып, «астаналық» деген ұғым орныға бастайды. Қоныс аударушылар алғашында өздерін мұнда уақытша келгендей сезінеді екен. Арада 4-5 жыл өткенде кезекті еңбек демалысына кеткендер асыға оралып, «Түу, шіркін, ауасын-ай!» дейтін болыпты.

Қала халқы астана болғалы күрт өсіп, 2002 жылы оның жарты миллионыншы тұрғыны дүниеге келгенін жұртшылық қуана тойлапты. Ал осыдан екі жыл бұрын астаналық миллионыншы тұрғын дүниеге келіп, бұл оқиға елорданың ғана емес, еліміздің басты жаңалықтарының бірі болғанда біздің қатарластарымыз: «Астаналық рух, астаналық бірлік, астаналық ынтымақ осындай жайлардан туындайтын шығар» деп ойладық.

Кейіпкеріміз өз әңгімесін жыл өткен сайын жер бетінде Астананың атын естіп, көзбен көргісі келгендер көбейе түскеніне нақты мысалдармен тұздықтап отырды. Мысалы, аз ғана уақыт ішінде шахматтан жасөспірімдер арасында халықаралық турнир, бокстан әлемдік деңгейдегі жарыс, бал билерінен халықаралық сайыс өткізіліп, Рим папасы Иоанн Павел II, БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннан сияқты тұлғалар келген.

Атақтары жер жарған спортшыларға, өнерпаздарға қоса түрлі ауқымды іс-шаралар: халықаралық «Азиада» ойындары, Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдер басшыларының саммиті, халықаралық ЭКСПО көрмесі, жыл сайын өткізілетін Астана экономикалық форумы Астананың даңқын одан сайын асырып, беделін нығайта түскенін әркім біледі. Ал біздің кейіпкеріміз солардың бәрінде дерлік ұйымдастырушылар қатарында жүріп, ілеспе аударма жасағанын білетіндер аз. Қарапайым қазақ қызы қаншама тарихи оқиғаларға куә болған!

Ол – жай ғана аудармашы емес, кітаптарын жұртшылық іздеп жүріп оқитын жазушы. «Айтылмаған әңгіме» атты әңгімелер жинағы 2014 жылы Астана жастары ең көп оқитын кітап деп танылған.

Ол өзін Астананың төл тұрғынымын, «астаналықпын» деп айтады. «Ел ішінде Астананы Президенттің төл жобасы дейді. Бірнеше жыл қатарынан Елбасының Астананың құрылысына, Астананы абаттандыруға, Астананы мәдени ортаға айналдыруға, Астананы таза сумен қамтамасыз етуге, т.б. тақырыптарға арналған жоғары дәрежелі жиындарында ілеспе аударма жасай отырып, қаламен бірге тыныстадым, қаламен бірге көктедім» деп толғанады кәсіби ілеспе аудармашы-ғалым.

Иә, елдің өміріне қатысты болып жатқан қоғамдық-саяси оқиғалардың бел ортасында жүруі, үлкен жиындарда айтылған озық идеялар мен құнды пікірлерді көпшілікке жеткізетін ілеспе аудармашы болуы – бір төбе болса, тікелей Астананың өзіне қатысты тарихи шешімдердің қалай туғанына куә болуы, қазақ елордасының өркендеуіне арналған жиындарда ілеспе аударма жасауы – тағы бір төбе еңбек. Бұлар оған «астаналықпын» деп айтуға толық құқық беретін салмақты дәлелдер деп ойлаймын.

Астананы көркейтетін түзу жолдар, алып ғимараттар ғана емес, Астананы көркейтетін оның еңбекқор тұрғындары да. Солардың бірі – елорда мәртебесін алған алғашқы күннен бері оның өркендеп жетілуіне зияткерлік қабілетін арнап, еңбек етіп келе жатқан біздің кейіпкеріміз.

Балжан Ошақбаева,

БҰҰ Даму бағдарламасының қызметкері


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер