BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Қытай Қазақстан арқылы Еуропаға қандай тауар жөнелтеді?

Фото: Гүлжан Раманкулова

Бүгінде ҚХР-да «Қытай-Еуропа-Қытай» бағыты бойынша жүк тасымалдайтын көлік-логистикалық хаб құрылған. Қытайдың логистикалық орталығының өкілдері хаб арқылы Қытайдан Қазақстанға, сонымен қатар Еуропаға біздің еліміз арқылы қанша және қандай өнім жеткізіп-әкелетіні туралы айтып берді, деп хабарлайды Вaq.kz тілшісі.

Еуропаға Қытайдың логистикалық орталығынан күн сайын тауар салынған контейнерлер жол тартады. Сол себепті Қазақстанның Қытай үшін транзитті ел ретіндегі рөлі жылдан-жылға жүк көлемі ұлғайған сайын артып келеді.

Қазақстандық журналистер Қытай елшігінің ұйымдастыруымен болған іссапар барысында Сиань қаласындағы жүк тасымалдайтын халықаралық сауда-логистикалық паркке барды.

Парк Пекин, Шанхай, Қорғас және басқа да елдердің қалаларымен байланыстыратын жедел тасжолдармен біріккен. Сиандағы орталық теміржол контейнер станциясы – Қытайдағы 18-дің бірі. Бұл станция 2013 жылы ашылды. Нысанға құйылған инвестицияның жалпы көлемі 4,8 млрд юань болды.

Сиань қаласындағы станция құрылғаннан бері 100-ден астам инвестициялық жоба іске асырылды, ал оған тіркелген кәсіпорындардың саны 3000-нан асты.

Гүлжан Раманкулова

Халықаралық сауда-логистикалық паркі әкімшілігіндегі PR менеджмент және маркетинг бөлімі бастығының орынбасары Лю Ян жүктердің осы жерден Еуропаға Қазақстан арқылы өтетінін айтты.

«Сауда-логистикалық орталық 2013 жылы құрылды. Иә, тауарлар Алматы және Орталық Азияның тағы да бес елі арқылы өтеді. Мәселен, күн сайын Орталық Азияға, сондай-ақ Қазақстанға күніне екі-үш контейнер жөнелтіледі. Паркте барлығы жеті линия бар, оның біреуі Алматы арқылы жүзеге асырылады», - деді Қытай елшілігі ұйымдастырған пресс-турға келген журналистерге Лю Ян.

Гүлжан Раманкулова

Мекеме қызметкерінің айтуынша, орталықта 700 вагоннан құралған парк бар. Ал жүктің 30%-і – жергілікті, яғни Шэньси провинциясының, ал 70%-і – Қытайдың басқа провинцияларының өнімдері.

«Жеңіл өнеркәсіптен бастап өңдеу өнеркәсібіне дейін тауар жеткізіледі. Қазақстан – ортадағы біріктіруші торап, одан әрі тауар Еуропаға кетеді. Ал кері қарай жолда Қазақстаннан бал, бидай алып қайтамыз», - деді Лю Ян.

Осы орайда, 7 қыркүйекте Астанада Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» идеясының бесжылдығына арналған Қазақстан-Қытай бизнес форумында видеоүндеу арқылы Қазақстан Қытайдың тауарын Еуропаға жеткізуде маңызды рөл ойнайтынын айтқанын еске сала кетейік.

«Жүктер Еуропадан Қазақстан арқылы Қытайға шамамен 15 күнде жеткізіледі. Ал жүктерді теңіз арқылы жеткізу 4 аптадан 6 аптаға дейін уақытты алар еді. Осы орайда логистика мен ілеспе маршруттар жетілдіруде. Тіпті, индустрия мен инвестиция саласында біріккен ынтымақтастық туралы бағдарлама бар. Оның аясында жалпы соммасы 27 млрд АҚШ долларын құрайтын 51 Қазақстан-Қытай инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл инвесторлардың сенімі мен Қазақстанның инвестициялық климатты жақсартуға баса мән беретінін көрсетеді», - деген болатын ҚР Президенті бизнес форумда.

Гүлжан Раманкулова

Логистикалық орталықтан Еуропа және Орталық Азия елдеріне қарай 44 бағыт бойынша жүк жөнелтіледі.

«Мынау бірінші теміржол бағыттары: Сиань-Гамбург, Сиань-Будапешт, Сиань-Орталық Азия. Сиань-Орталық Азияға Алашанькоу, Қорғас, Алматы, Ташкент арқылы жетеді", - деп мәлімдеді маман.

Басқа елдерге көбінесе автомобильдер, косметикалық өнімдер, жеңіл өнеркәсіп және химиялық өндіріс, электроника өнімдері жөнелтіледі. Жеңіл өнеркәсіп пен электроника өнімдері жіберілетін көлем жағынан көш бастап тұр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер