BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

«7-20-25» бағдарламасы баспанаға қолжетімділікті арттырады – сарапшы

«7-20-25» бағдарламасы халықтың пәтерге қолжетімділігін арттырады. Бұл туралы қолданбалы экономика зерттеу орталығының директоры Жақсыбек Күлекеев айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Алдымен сарапшы халықты баспанамен қамтамасыз етуді көздейтін бағдарламаларға тоқталды.

«Біз үш индикаторды алдық. Ол стандартты, «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламалары. Стандартты бағдарламаға халықтың қолы жетпейді. Ал «Нұрлы жер» тұрғындарға пәтерді ипотекамен алуға мүмкіндік береді. Ал «7-20-25» бағдарламасы халықтың баспанаға қолжетімділігін арттырады. Бұл бағдарлама басқа стандартты бағдарламалармен салыстырғанда пәтерге деген қолжетімділікті екі есеге дейін арттырады. «Нұрлы жер» көрсеткішімен салыстырғанда, «7-20-25» бағдарламасы пәтерге деген қолжетімділікті 25%-ке арттырады. Аталған бағдарламаның жүзеге асырылуы халықты баспанамен қамтамасыз етуге жол ашады», - деді Жақсыбек Күлекеев NurOtan Trends еркін пікірталас алаңының кезекті отырысында.

Оның айтуынша, халықты 2030 жылға дейін баспанамен қамтамасыз ету үшін жыл сайын 18 млн шаршы метр тұрғын үй салу қажет.

«Бүгінгі таңда елімізде халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жан басына шаққанда 21 шаршы метрді құрайды. Егер біз бұл көрсеткішті 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін көтергіміз келсе, онда 1 адамды 9 шаршы метрмен қамтамасыз етуіміз қажет. Мысалы, 2030 жылы еліміздегі халықтың саны шамамамен 22 млнд-ды құрайды. Жоғарыда аталған көрсеткішті, осы санға көбейтсек, біз 2030 жылға дейін 200 шаршы метр тұрғын үй тұрғызуымыз қажет. Осыған 12 жыл қалды. 200 млн шаршы метр тұрғын үйді 12 жылға бөлуіміз керек, сонда біз жыл сайын 17-18 млн тұрғын үй салуымыз керек», - деді сарапшы.

Сонымен қатар Жақсыбек Күлекеев ауылдарда салынған тұрғын үйдің сапасына алаңдаушылықпен қарайтынын атап өтті.

«Ауылдарда тұрғызылған үйдің сапасына қатысты бізде мәселелер бар. Елімізде халықтың 40%-і ауылда тұрады. Оңтүстікте салынған тұрғын үйдің сапасы сын көтермейді. Ол жақтағы азаматтар канализациясыз, балшықтан үй салады. Ал мұны сапалы баспана деп айтуға келмейді», - деп түйіндеді сөзін ол.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер