BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.2 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.34 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.52
Астана:

Жүсекеңнің шәкірті. Әнші Кенжеғалы Тәшкенов жайлы

00:00 / 23:17

Жүсекеңнің шәкірті

Ән атасы Әміренің мектебін жалғастырған әнші Жүсіпбек Елебеков қазақ өнеріне өз өрнегін, сара жолын қалдырған біртуар дарын иесі десек, ол кісінің қыран құстай баптап, қияға ұшырған қаншама түлектері бар.

Бірі бағы жанып ел еркесіне айналса, енді бірі қоңыр тіршіліктің күйбеңімен кетіп, саф алтындай жарқырамай жатқаны!

Өмір белгісіздігімен қызық...

Бала кезінен әнші болам деген арман келе –келе өнер ошағы Алматыға жол салып, үлкен додадан сүріндірмей, Кенжеғалы Тәшкеновты мақсатына жеткізді.

Көкше жеріндегі Степняк қаласынан келіп, Республикалық эстрада-цирк студиясына түскенде оның қуанышында шек болған жоқ.

Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жүсіпбек Елебековтың сыныбына оқуға түскен Кенжеғалының ол кезде алар асуы биік еді.

1969 жылдың күзі болатын.

Кенжеғалы Шыңғыстаудан келген Жәнібек Кәрменов, Жаңаарқадан келген Қайрат Байбосыновпен бірден достасып кетті.

Ол кезде студенттердің жататын орындары студияның екінші қабатында болатын. Олар үнемі жұбын жазбай бірге жүрді., бір ұстаздың алдынан дәріс алды.

Кенжеғалы Тәшкеновтың ән орындауында өз ерекшелігі болатын. Ол кешегі Ақан сері, Біржан сал мен Үкілі Ыбырайдың әншілік мектебінің өкілі еді. Даусының тембрі әдемі болатын. Тумысынан қарапайым да салмақты жігіт асып-сасуды білмейтін.

Жүсекең Ақансерінің «Құлагер» әнін үйретіп отырып: «Пай, пай! Кенжеғалы, сенің орындауыңда Көкшенің самал желі еседі, шіркін, туған табиғаттың әсері-ай! Бұл әнді орындағанда өкінішпен, сезім қоса, әр сөзге мағына беріп орындасаң, одан да жақсы болар еді!- деп ақыл-кеңес қосып отыратын. Сол жолы ұстазы: - Кенжеғалы, сен ертеңге дейін былайша шертіп тартуды үйреніп кел!- деп домбырада әлденеше тартып көрсеткені бар.

Түннің бір уағына дейін шертіп тартудың қыр-сырын меңгергенше Кенжеғалының қолы талып қалғаны бар.

Жүсекең қызық еді ғой, шәкірттерін: «Өзімдей айт!» деп қатал бұйыратын.

Мектепті жаңа бітірген жігіт әнді сезіммен айтуға қиналып қалатын да кездері болатын.

Кенжеғалы Тәшкенов 1993 жылдың қысында Қазақ радиосындағы музыка редакциясына келіп, ән жаздырғысы келетінін айтты. Ол кезде музыка редакциясының бас редакторы Төлеутай Наров еді.

Сол жылдары күніге кешкі сағат алты мен сегіз аралығында концерттік студияда тегін үнтаспаға жазатын. Кенжеғалының бағы ма, сол күні оншақты шақты әнді Қазақ радиосының алтын қорына жазып кеткен.

Ертеңінде мен сұхбат алып хабар жасауға кірістім. Бір аптаның ішінде Кенжеғалы Тәшкеновтың шығармашылығы жайлы хабар әуе толқынынан өтті. Содан бері күнбе-күн әншінің әндері насихатталып келеді.

Біздің білгенімізден білмегеніміз көп, жасырақ кезіміз, үлкен апайлар «уақытша хабар» деп, тер төгіп дайындаған сол бір хабарды өшіріп жіберді.

Сол жолы Кенжеғалы өнер хақында ерекше толғанған еді.

«Таумен тау кездеспейді, адаммен адам кездеседі» демекші, өзіміздің алтын қорымызда қырық жылдан аса еңбек еткен Шолпан Шоқбасованың ұлы Ержан Кенжеғалының екі қызының бірі Алмаға үйленді. Кенжеғалы Тәшкенов жайлы ой жалғасын тапты.

Жуырда жаңа жыл қарсаңында Шолпан апай құдасы жайлы жазылған мәліметті әкеп маған табыстады. Қысқа да нұсқа жазылған дүниеден там-тұмдап хабар жазу жүктелген соң осы бір естелігімді өздеріңізге баян еткелі отырмын.

Менің әлі көз алдымда. Ол орта бойылы қара мұртты қараторы жігіт еді. Біз сол жолы студияда көп әңгімелестік.

Кенжеғалы Тәшкенов Республикалық эстрада-цирк студиясын бітіргеннен соң Жамбыл, Алматы облыстық филармонияларында қызмет етеді.

«Адамның басы- алланың добы» дегендей, дәм бұйырған жерде өз өнерімен тыңдаушысын тәнті еткен әнші жігіт Алматының маңындағы Қапшағай қаласынан қоныс тепті.

1979 жылы Кенжеғалы Тәшкенов Қапшағай қалалық Мәдениет бөлімін басқарды. Кейін Мәдениет үйінің директоры болды. Осы кезде «Мақсат» вокалды-аспапты ансамбльді құрып, жастарды өнерге баулыды. Бұл ансамбль облыстық және республикалық ән байқауларында лауреат атанды.

Кенжеғалы Тәшкенов 1991 жылдан бастап Жүсекеңнен үйренген әндерін шәкірттеріне үйрету мақсатында мектеп ашып, ұстаздық іспен айналысты. Ондағы ойы жас ұрпаққа дәстүрлі әннің қыр-сырын ашып, ән құдіретін сезіндіру, болашақта өзіндей өнерді сүюге тәрбиелеу еді.

Кенжеғалы Тәшкеновтың шәкірттері бүгінде бірталай ән байқауларының жүлдегерлері. Республикалық Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінің түлектері. Солардың ішінде консерватория студенті Ерлан Халықов та бар.

Кенжеғалы 1975 жылы Ұлы Жеңістің 30 жылдығына орай Қазақстанның өнер өкілі ретінде Германия, Польша жерлерінде өнер көрсетіп, бірінші орынға ие болды. Осы сапарында Мәскеу консерваториясының ұстазы оқуға шақырған-ды.

Мен Кенжеғалы Тәшкеновты өмірімде екі рет көріппін. Екінші көруім, Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Музей Жамбыл ауылында өткен Жамбыл бабамыздың туғанына 150 жыл толуына орай өткен мерейтой үстінде көрдім. Олар Қапшағай қалалық мәдениет бөлімінің атынан екі киіз үй тіккен екен. Келген қонақтарға ән салып, сол маңда концерт қойып жатыр екен. Әңгімелесіп шүйіркелескен біз тағы да өнер жайлы сөз қозғадық. Мен:

- Мүмкіндік болса радиоға келіп тағы біраз әндерді жазып қалдырсаңызшы!- дегеніме: - Қол тисе бір келермін, - деп жауап қатқан. Бұл Жүсекеңнің шәкіртін соңғы көруім екен.

Кенжеғалы жүрген ортасында сыйлы бола білген жан еді. 2000 жылдың күзінде дүние салғанда сыйлас ағасы Әлібек Нұрғожа:

Білмеймін, сенерімді, сенбесімді,

Жоғалтып алғаным ба, Кенжешімді,

Даусыңнан айналайын, әнші жігіт,

Әміре ағасындай теңдесімді.

Дауысың құлағымда саңқылдаған,

Жүзіңді сағынам-ау, жарқылдаған.

Бауыр ең үлкен менен кішіге де,

Кездессе құшақ жайып аңқылдаған.

Жоғалттым мен өзіңдей теңдесімді,

Сезбеппін, енді қайтып келмесіңді.

Жадымда мәңгілікке қалды есімің,

Ақжарқын, иман жүзді келбетің де... - деп жырмен жоқтау жазған. Осы бір бірер ауыз жыр шумақтарынан Кенжеғалы Тәшкеновтың адами қасиеті мен адамгершілік қасиетін байқау қиын емес.

Ел-жұртына сыйлы, жүрген ортасын думанға бөлеген, соңынан шәкірт ертіп, артына үлгі-өнеге қалдырған Кенжеғалы Тәшкенов бабалар мұрасын жеткізген өнердің өз өкілі еді...

Отбасында әйелі Әбзура Нұржамал мен Алма есімді қыздарын жақсы тәрбиелеп қатарға қосты. Бүгінде ұрпақ қызығын көріп отырған бақытты ана, өзі де шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Ата жолын қуған Фатима Қапшағайдағы музыка мектебінде оқиды.

Екінші Швейцария атанған Көкше жеріндегі «Алқатерек» аулының түлегі өнер-білім деп Жүсіпбек Елебековтың алдынан дәріс алды. Өзі де шәкірт тәрбиесіне аса мән берді.

Өзінің үзеңгілес досы Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосыновтай таза өнер жолына түскенде, бәлкім, халқы таныр арқалы әншілердің қатарында алты алашқа аты шыққан да болар ма еді?

«Жазмыштан озмыш жоқ» дегендей, тағдыр кітабына жазылған өлшеулі тіршілігі, межелі уақыты біткенде Кенжеғалы Тәшкенов өмірден озды. Өкініштісі, өнер бәйгесінде Құлагердей мәреге жетпей мерт болды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер