USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Жігіттер, бекерге мақтанбалық...

Бекерге мақтанбалық

Бекерге өмір көрдім деп мақтанбаңдар,

Талай қырын кештім деп ақталмаңдар.

Бос кеудеге көкірек керіп дүниеде,

Құр сөзге, сылтың тірлікте сабылмаңдар.

Шүйке мұрын, арзан күйді тоқтатыңдар,

Ауыз тиып, арам сыйды жоқ қылыңдар.

Бес қаруын сайлаған қазағымның,

жігітке лайық қасиетке оқталыңдар.

Таң атса көпірген өсек осасыңдар,

Іске келсек... мына бəрің осалсыңдар.

Қатындармен жарысып салғыласқан,

Пасық мінезді ұстамай босатыңдар.

Мін тауып, сын айтуға асықсыңдар,

Өтірікке дос, шындыққа жасықсыңдар.

Пайдасын көріп алып ертеңіңде,

Сырт айналып кетуге асықтыңдар...

Досым деп дос көңілін табасыңдар,

Алдында құрша жүгіріп шабасыңдар.

Бағы тайып халсіз күй кешкен кезде,

Рахымсыз аш қасқырдай қабасыңдар.

Ананың қас-қабағына бір қараңдар,

Ақ сүтін, ұйқысыз түнін ақтаңдар.

Шетел қуып... апармасаң да Меккеге,

Тым болмаса бір кəдесіне жараңдар.

"Əке" деген алып тұлға асқарың бар,

Алатау аппақ қарын жастандыңдар.

Самал желмен ерелеткен ет жүрегін,

Неліктен қарттар үйіне тастадыңдар?..

Қыздарды көше бойына тұрғызбаңдар,

Есерсоқ кім көрінгенге ұрғызбаңдар.

Түнгі клубта темекісін тұтатып,

Алдына сары сыра құйғызбаңдар.

Некесіз бала өмірге туғызбаңдар,

Көз жасын зинаменен жуғызбаңдар.

Етек түрген, қылығы кеткен көшеде,

Дүниенің мастығына қуғызбаңдар.

Өз балаңды өзің қуып сорламаңдар,

Жетім етіп, қу жанын қорламаңдар.

Есі кеткен, панасы жоқ, қоқыс терген,

Көше шетін бейшарамен толтырмаңдар...

Ер жігітім, бекерге біз мақтанбалық,

Мақтануды неге əлі тастамадық?

Сес көрсетіп, секем алмай ерсілікке,

неліктен біз бой үйретіп жасқанбадық?!.

Ұқсас сілтемелер:
03 Желтоқсан 2016, 23:08
Бақыт деген
03 Желтоқсан 2016, 22:23
ТӘУЕЛСІЗДІККЕ 25 ЖЫЛ...
03 Желтоқсан 2016, 22:09
Уақытыңды бағала
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады