Жарнамасыз танылған кәсіпорын - |11 Маусым 2018, 18:47
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 360.12 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 409.67 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.33
Астана:

Жарнамасыз танылған кәсіпорын

Ескірмейтін естеліктер

Жарнамасыз танылған кәсіпорын

Кезінде Сыр өңірінде өнімдері одақ көлемінде кеңінен тараған кәсіпорынның бірі – аяқкиім фабрикасы. Кеңес одағы кезінде олар шығарған өнімнің тоғыз түріне мемлекеттік сапа белгісі берілген.

Сонау Ұлы Отан соғысының отты жылдарында қаламызға Мәскеуден «Париж коммунасы» атты кәсіпорын көшіп келіп, өнім шығара бастады. Міне, фабрика осы кәсіпорын негізінде құрылды. Алғашқы жылдары оның орналасқан мекенжайы нашар, мамандары аз еді. Арада жылдар өтті, фабрика қайта салынып, орталық жылу жүйесі, конвейерлі тасқынды жүйе кәсіпорын бейнесін өзгертті. Ескі жабдықтардың орнына заманауи отандық, ішінара шетелдік жаңа технологиялар орнатылды. Фабрикада 30-дан астам ұлттың өкілдері жұмыс істеді. Мұндағы өткізілген социалистік жарыстар жұмысшылардың еңбек етуге деген құлшынысын оятты. Сол кезде цех пен цех, жеке жұмысшылар арасындағы жарыс апта сайын қорытындыланып отырды. Озаттар құрметіне фабрика ауласында Еңбек даңқы жалауын көтеру, оларға ақшалай-заттай сыйлықтар беру дәстүрге айналды. 1970 жылдардың орта шенінде мұнда тек балалар аяқ киімі тігілді. Ол өнімдер халықаралық көрмелерге қойылып, жүлделерге ие болды. Германияда, Египетте, Үндістанда, Алжирде, Түркияда өткен халықаралық көрмелерде Қызылорда аяқ киім фабрикасы мамандары жасаған модельдерге сұраныс жоғары болды. Фабрика ауласындағы Құрмет тақтасына ілінген, кеуделері орден-медальға толған еңбек озаттары мұндағы еңбек дүбірінің салтанатын паш еткендей еді. Көп жыл бойы фабрикада жұмыс істеген Орынкүл Асқарованың есімі сол кезде елге кең тарады. Ол талай рет облыстық, қалалық кеңесінің депутаты болып сайланып, Ленин, Октябрь революциясы ордені мен бірнеше медальды иемденген.

Сонымен қатар, Полина Пя, Анна Носова, ВЛКСМ ХVIII сьезінің делегаты Тамара Скалькова сынды озаттар еңбек көрігін қыздыра түсті. Сол кездегі фабрика директоры болған Л. Г. Веренковичтің дерегіне қарағанда кәсіпорын жыл сайын 2 миллион 500 мың жұп аяқ киім шығару керек болса, ол міндеттемені үнемі артығымен орындаған. Жыл сайын мемлекетке 500 мың сом шамасында пайда түсірген. Фабрикада 1980 жылдары 400-ден астам адам еңбек еткен. Аты одаққа тараған ірі кәсіпорын өз мамандарына бес қабатты тұрғын үй салып бергені жөнінде деректер бар. Оның қасында балалар бақшасы орналасқан.

Бүгінде арамызда сол аяқкиім фабрикасының өнімін пайдаланған адамдар көп кездеседі. Солардың бірі– 1990 жылдары Мәскеуде өмір сүріп, оқыған жерлесіміз Зоя Асқарова. Оның айтуынша, сол кездері балалар киімі тапшы кезең екен. Бір күні ұзақ-сонар кезекке тұрып, қызыл түсті балалар аяқ киімін қолына ұстап, размерін көрейін деп табанын аударса «Қызылорда» деген сөз көзіне оттай басылған. Қызылорда аяқ киімі Мәскеуде өте жоғары сұранысқа ие болғанына таң қалдым» дейді ол.

Кезінде ешбір жарнамасыз атағы жер жарған аяқ киім фабрикасының тарихы бүгінде жылдар жылнамасында ғана жаңғырып тұр.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
26 Маусым 2018, 11:35
Одаққа танылған өндіріс
Пікірлер