BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.35 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.57
Астана:

Жан серігі әсем ән. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымкеш Жұмаділованың өмірі мен өнері жайлы. Жезтаңдай әнші жайлы 2007 жылы жазылған аудиохабарды тыңдаңыздар.

00:00 / 28:14

Қазақ операсының іргетасын қалап, классикалық дәрежеге жеткізген Қанабек, Күләш, Манарбек, Серғали, Кәукен, Шабал сынды дара тұлғалар болса, осы қасиетті өнерді әрі қарай дамыту біздің қазіргі сахна төрінде өнер көрсетіп жүрген шеберлерге аманат.

Өнер саңлақтары ән шырқаған киелі сахнада емін-еркін жүріп, жақсы көрген рольдеріңді ойнау, образға кіру, көрерменді иландыру қандай бақыт!

Замана бұлбұлы Күләш Байсейітованың елі - Қарағанды облысы Ақтоғай жерінде екінің бірі әлі күнге Күләшқа еліктеп ән салады.

Қасиетті құнарлы топырақтың киесі бойына дарыған ақжарқын да жайдары жас қыз өнер деп жолға шыққанда алға қойған арманы биік, шығар шыңы бұлттан да биік еді.

Бала кезінен әжесіне еркелеп өскен ол үш-төрт жасынан-ақ үйге қонақ келсе орындыққа шығып ән салғанды ұнататын. Ондайда қайран әже мақтанып отыратын-ды.

Мектеп жасында да осы әдетін қойған жоқ.

Бүгінгі сөз еткелі отырған әншіміз - өздеріңіз Қазақ радиосының әуе толқынынан жиі тыңдайтын опера әншісі Рымкеш Жұмаділова.

Өнер деп алға ұмтылған қыз әуелі Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы музыка училищесінен дәріс алып, кейін Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясында оқуын жалғастырды. Қажымас қайрат пен мұқалмас жігердің арқасында алға қойған мақсатына жетіп, Рымкеш Әлжанқызы Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында көп жылдан бері жемісті еңбек етіп келеді.

Абырой –атақ біртіндеп келген әнші 2003 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды.

Өмір болғаннан кейін қайшылық пен бөгет те жолында кездеспей қоймайтыны хақ. Осының бәрін ақылмен жеңіп, өзінің өміршең өнерін зор еңбектің арқасында дамыта білген Рымкеш Жұмаділова консерватория бітіре салысымен Күләш Байсейітова атындағы Республикалық ән байқауында және Бакуде өткен Халықаралық Глинка атындағы әншілер конкурсында лауреат атанған.

Рымкештің 2001 жылы «Қазақконцерттің» концерт залында «Аққулы әнім» атты ән кеші өтсе, 2004 жылы Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында «Жұлдызды кеш» деп аталатын есеп беру кешін өткізгенде көрерменнің ілтипаты ерекше болды. Әншінің дауыс мүмкіндігіне, қанша биікке шырқаса да ұшқан құстың еркіндігіндей әдемі үнді сол жолы халық тамсана тыңдап, өнеріне бас иді.

2007 жылы «Қазақтың бір қызымын өнер қуған» деген дәл осындай тамаша кеш осы залда өтті. Мен бұл кештің куәгері болдым. Шындығында да қайнар бұлақтың көзіндей ән тиегін ағытқан әнші маңайын өзінің құдіретті үнімен жаулап алды, көрермен сілтідей тынып тыңдап қалған да шындық.

Ал Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойына орай әзірленген «Туған ел берерім көп менің саған» атты Рымкеш Жұмаділованың жеке шығармашылық кешінде халық залға сыймай кеткенін өз көзімізбен көрдік, куә болдық. Әр көрерменнің сүйіп тыңдайтын әншілері болады десек, Рымкеш Жұмаділованың ән кешіне жарнамасыз-ақ халық ағылып келгені ән құдіреті, дауыс мүмкіндігінің ерекшелігінен болса керек.

Оның сахнаға шыққандағы еркіндігі, еркелігі, көз тартар ажары, айнам- көзі, жылы жымиысының бәрі, бәрі кешегі Күләшті еске түсіргендей еді.

Сыбызғыдай сызылған әсем дауыс, әсерлі орындаушылық шеберлік оның бұлбұл үніне тыңдаушысын іңкәр етті. Дауысында даланы дархан бояуы, Сарыарқаның самал желіндей желпіген тазалық бар әдемі әнші қай әнді орындамасын, қай образды ашпасын, үнінен жасандылықты іздесең де таппайсың. Ол шынайы өнерімен тыңдаушысын баурай білетін хас шебер. Оған айғақ, Евгений Брусиловскийдің «Ер Тарғынында» Ақжүніс, Латиф Хамиди мен Ахмет Жұбановтың «Абайындағы» -Ажар, Сыдық Мұхамеджановтың «Ақансері-Ақтоқтысындағы» - Ақтоқты, Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сарасындағы» Сара мен Алтынай, Базарбай Жұманиязовтың «Махамбетіндегі» Зылихасы, Еркеғали Рахмадиевтың «Абылайханындағы» Күлпаш екені даусыз.

Рымкештің Қазақ радиосының әуе толқынынан жиі берілетін халықтың «Ахау керім», «Гүлдерайым», «Маусымжан», Сегіз серінің «Гауһар тас», Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», Манарбек Ержановтың «Қуанамын», Сыдық Мұхамеджановтың «Тербеледі тың дала», Нұрғиса Тілендиевтің «Ақ шағала», Ілия Жақановтың «Еділ мен Жайық» әндері қай қазақтың болсын, көңіліне шуақ сыйлайтыны кім-кімге де аян.

Осы өнерінің арқасында Рымкеш Жұмаділова опера ұжымымен Түркия, Қытай, Балтық жағалауларына барып өнер көрсетті. Қазақтың Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрімен Кеңестер Одағының, сондай-ақ қазақ жерін армансыз аралап, сандуғаштай сайрады, ел құрметіне бөленді.

Ол жолдасы Байзақ екеуі екі қызды тәрбиелеп, жақсы білім бере білді. Өнерімен қоса аналық парызын мінсіз атқарған әнші әлі де ән қанатында самғап, елімен жиі қауышуда.

Енді әнші Рымкеш Жұмаділовамен болған сұхбатқа кезек береміз:

Алтын: Сіздің қазақ операсына сіңірген еңбегіңіз елеулі екенінін өнер жанашырлары жақсы біледі. Туған жердің қадір-қасиетін қалай түсінесіз?

Рымкеш: Біздің ауыл Қарқаралы уезі, қазіргі Қасым Аманжоловтың ауылы бар ғой, Аққора, Милыбұлақ деген жерлер. Мен сол ауылдарға жақын Берікқара деген дүниеге келдім. Кейін жерді бөліске салғанда біз Ақтоғай ауданынан қарадық. Ақтоғай ауданында өзінің халық театры және «Тоқырауын толқындары» деген ән-би ансамблі бар.

Біздің елден Мағауия, Әшімтай, Күләш, Манарбек сынды атақты әнші-күйшілер шыққан жер ғой. Мен де осындай атақты адамдардың елінен шыққанымды әркез мақтан етемін.

Ол кезде «Қазақконцерт» бірлестігінен келетін әншілердің концерттеріне қалмай барып, тамашалайтын едік. Әсіресе Қазақ радиосының әуе толқынынан берілетін небір ән-күй біздің рухымызды байытатын.

Үлкен арман Қарағандының музыка училищесіне алып келді, оқуға түсіп, ән факультетінде оқып жүргенде Василий Никиферович Герасименко деген ұстазым: - Рымкеш, сенің дауыс мүмкіндігің үлкен, сен консерваторияға баруың керек,- деп ақыл-кеңес берген.

Сол кісінің ақылымен 1978 жылы консерваторияның дайындық бөліміне оқуға түстім. Жиырма сегіз үміткерден алты бала ғана оқуға түсті. Надежда Дмитревна Юмашеваның сыныбында оқып, кейін Қазақстанның халық әртісі Бекен Бекенұлы Жылысбаевтың сыныбы бойынша консерваторияны 1986 жылы бітіріп шықтым. Сол жылдан бастап Абай атындағы опера және балет театрында қызмет етіп келемін.

Алтын: Опера сахнасында еңбек еткеніңізге де отыз жылға жуық уақыт болыпты. Осы уақыт аралығында өз ойлаған рольдеріңізді ойнай алдыңыз ба?

Рымкеш: Бізге жаңа сахнаға келгендіктен көбіне балалар операсынан кішігірім рольдерді ойнауға рұқсат ететін. Біртіндеп «Біржан-Сарада» Алтынайдың ролін, «Біржан-Сарада» Сараның, «Карменде» Микаэланың, «Ер Тарғында» Ақжүністі ойнадым. «Ақансері-Ақтоқтыда» Ақтоқтыны ойнадым. Өнерім шыңдала түсті. «Турандот» операсынан Лиудың ролін ойнадым.

Опера деген оңай емес, үнемі өз дауысыңмен айтасың, фонограмма деген мүлдем болмайды, «ән айтсаң да жаныңды жеп айтасың» демекші, оңай болмаса да қалап алған мамандық болған соң орта жолда тастауға болмайды. Бұл мамандық үнемі ізденісті қажет етеді.

Дирижермен, режиссермен, костюмермен жұмыс жасаймыз. Кейде хормен шығып ән айтамыз. Одан кейін партнер дейміз, жаныңдағы серігіңмен бірге сахнада біртұтас образ жасау керек, ол да үлкен ізденісті, еңбекті қажет етеді.

Опера деген өнердің шыңы, оны көп адамдар түсіне бермейді, оның өз тыңдаушысы бар. Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен эстрада «жұлдыздары» көбірек насихатталып жатса да біз өнердің классикалық үлгісін көрсетіп, өз тұғырымыздан көрінуге тырысудамыз.

Алтын: Сіз үнемі өсу жолындасыз, қандай роль әлі ойналмады, не бөгет етеді, осы жайлы ойыңызды жалғастырсаңыз.

Рымкеш: Қызығы мен шыжығы жетерлік бұл өнерде бәйгеден қалмай жарысқа түсу, көксеген арманға жету әр әншінің алға қойған мақсаты.Өнер де, өмір де күрделілігімен қызықты шығар.

Пуччинидің «Чио-чио Санындағы» Баттерфлляйдің ролін ойнағым келеді.

Бізде тамыры қазақпын деп соғатын опералық оркестрдің дирижерлары жоқ. Қазақ опералары аз қойылады, есесіне орыс, шетел операсы жақсы жолға қойылған. Опера әншісі дирижермен біте қайнаса роль де жақсы ашылады. Қазіргі дирижерлар тер төккісі келмейді. Сонымен қатар кешегі Қанабек Байсейітов пен Құрманбек Жандарбеков сынды өнер жанашырлары, мықты режиссерлар шықса деп армандаймын.»

Алтын: Кезінде Күләш апаларымыз қиын рольдерді қалай ойнады, керек десеңіз, ол кісіде арнайы музыкалық білім де болған жоқ, кімнің арқасында өзін көрсете алды, табиғи дарынына қоса жақсы режиссер мен мықты дирижердің еңбегі көп көмек берді, олар қолдап-қоштады.

Жақсы опера әншілері бар, бірақ Күләштар өнер көрсеткен кезде халық лық толса, қазір көрерменнің келуі де сылбыр. Соның себебі не?

Рымкеш: Бізде коммерция көп жүреді әрі жарнама аз, басшылар тарапынынан қамқорлық жоқ. Өнерді бөледі, бәріне бірдей қарамайды, сол себептен жап-жақсы әншілер консерватория бітіріп келеді, өз орнын таба алмай, қабілетін көрсете алмай жатады, көбі хордан аса алмай қалады.

Қайыржан Жолдыбаев деген жақсы тенор болды, Германияға кетіп қалды. Тамара Өтәлиева деген жақсы сопрано Италияға кетіп қалды. Дарынға қамқорлық жоқ. Бізде жершілдік басым.

Өнер халықтікі болған соң ала қойды бөле қырыққанды қою керек деп ойлаймын. Соған қарамастан мен өз театрымды жақсы көремін. Жақсы әншілер шықса қуанамын. Әр уақыт үкімет тарапынан қамқорлық болса екен деп ойлаймын.

Патша уағында да, шетелде де театр өкіметтің қарауында, қамқорлығында болады. Театр жеке коммерция бола алмайды, ол шоу бизнеске кіре алмайды, сол себепті театр өкімет қарауында болу керек.

Қазақ опералары жоқтың қасы. Жас композиторлардың қазақ операсын жазуға өрелері жетпейді, жеңіл жанр- эстрадамен ғана айналысады. Жеңіл музыка бүкіл теледидар мен радиолардың толқындарын басып кеткен. Классикалық өнер насихатталмайды.

Компьютермен ән жазып алған небір дарынсыздар күй таңдамайды, дауысын күштеп ән айтпайды, әрі-беріден соң өздерінің не айтып тұрғанын да түсінбейді. Ал осындай өнердің келешегі бар ма?

Әншілердің де құны арзандап кетті, бүкіл әншілер тойда ән айтқан соң театрға, концерттерге көрермен аз келеді. Әншілер өз қадірін кетірген заман.

Атақ-даңққа жеткен үлкен жұлдыздарымыз өнерге жаны ашымайды. Олар жалпы өнердің бағытын қадағалаған болса, осы ағымға сыншы ретінде қарап, жөнге салып, жол сілтеуші еді.

Әркім жеген нанын білген тоғышар уақытта өнер деп шырылдаған адамның үні жоғарыға жетпей жатады. «Жалғыздың үні шықпайды» дегеннің кері.

Мәдениет саласында кешегі қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов пен Ілияс Омаровтай қамқор бола білетін, жанашыр адам отырғанда ғана өнер өрлейді. Алланың көзі түзу болсын, біздің тілегіміз де орындалар күн алыс емес.

Алтын: Сіз опера саласында көптен еңбек етесіз. Кімдерді ұстаз, кімдерді дарын деп, кімдерді шәкіртім деп есептейсіз?

Рымкеш: Гүлзат Дәуірбаева, Дина Хамзина сияқты жақсы әншілер еңбек етеді. Талғат Күзембаев деген жақсы баритонымыз бар. Талғат Мұсабаев деген жақсы әншіміз көпшілік көңілінен шығып жүр. Бізде істейтін жас әншілердің көбінің үйі жоқ. Ақшалары аз. Соған қарамай бұлар күні- түні аянбай еңбек етеді. Жастарымыз адамгершіліктері мол, ниеттері кең болса екен деп тілеймін!

Алтын: Бүгінгі күнгі республикалық теледидардан беріліп жатқан өнер хақындағы бағдарламаларға көңіліңіз тола ма?

Рымкеш: Көңілім толмайды. Ұлттық идея жоқ. Мәскеудің теледидарының тақырыбын алып, соны қолмен қойғандай қайталайды, тың дүние ойлап табар ойшыл режиссерлер жоқтың қасы. Түрік пен корейдің, үндінің киносериялары қаптап кетті. Осымен біз өзіміздің ұлттық құндылығымызды жойып жібергелі отырғанымыз анық. Өзімізде үлгі-өнеге боларлықтай ұлттық құндылығымыз, тарихымыз, әдебиетіміз бен мәдениетімізді неге қолданбасқа?!

«Білім мен мәдениет» телеарнасының бағыты көңіл толарлықтай. Күндіз-түні ашып қалсаң, ұлттық құндылығымыз жайлы хабарлар, концерттер жүріп жатады, бұл нұр үстіне нұр емес пе!?

Алтын: Әр өнер иесінің елінің қадір-қасиетін, өнерін шетелдерге барғанда насихаттауға мүмкіндігі бар. Ал қазақ өнерін олар қалай қабылдайды?

Рымкеш: Қазақстанның онкүндігінде Қытайдың Шанхай қаласында кон-

церт бердік. Сегізсерінің «Гауһартасын» жақсы қабылдады. «Бұл ән бе, ария ма?»- деген сұрақтар келді, біз ән екенін түсіндірдік. Түркия да, Кореяда да қазақтың халық әнін ерекше зейін қойып тыңдады.

Алтын: Қазір театр басшылары бұрынғы опералардың мәтінін ауыстырып, шоу жасап жатыр, мысалға Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсының жаңа нұсқасын көріп ренжіп қайтқанымыз бар, негізгі нұсқадан тек әуені ғана қалыпты, осылай барды жоққа айналдырғанды өз басыңыз қалай түсінесіз?

Рымкеш: Шығарманың түпнұсқасы көп жыл бойы көрерменнің жүрегінен орын алып, санасына сіңген туынды емес пе, өз басым бұндай жаңалыққа қарсымын. Шіркін, Сыдық Мұхамеджановтың өзі тіріліп келіп «айналайындар-ау, бұларың не?» деп айғай салса не деп жауап берер еді, патшағарлар?

Небір дарындар бар, арнайы тапсырма берсе қай қайсысы да сол осы заманғы операны жазып беруге білімдері жетеді. Кезінде композитор Евгений Брусиловский айналдырған екі айдың ішінде «Қыз Жібек» операсын жазып шығарды емес пе?!

Алтын: Сіз біраз жылдан бері Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясында ұстаздық етесіз. Болашақ әншілердің дауыс қою мүмкіндігіне аса көңіл бөлесіз, осы жайлы да біле отырсақ.

Рымкеш: Халық кафедрасында дәстүрлі ән орындаушылардың дауыс мүмкіндігін ашу, әнді еркін шырқау, жоғары ноталарды еркін алуы үшін тер төгіп, еңбектеніп жатырмын. Нәтиже жаман емес, қолына домбыра алып ән шырқап жүрген жастардың біразының әнді шебер орындауына септігім тиіп жүргені рас.

Алтын: Әңгімеңізге рахмет!

Өмірдің бұралаң жолында қиындыққа мойымай, әркез ағынға қарсы жүзген, бөгетті ақылмен бұза білген, саф алтындай таза өнерімен, сыңғырлаған үнімен алаш аспанын әнге бөлеген, түр-тұлғасынан тектіліктің иісі аңқып тұрар, осынау қазақтың кең даласындай дархан көңілімен шарықтата ән салып, өзін дос-дұшпанға мойындата білген күрескер әрі қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі опера әншісі әрі ұлағатты ұстаз Рымкеш Жұмаділова жайлы бір үзік сыр осымен тамам. Бұл әнші өмірінен шағын ғана эпизод.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер