BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 368.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.21 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Жақсы көрші басыңды бағалар

Өмірдің өзінен

Жақсы көрші басыңды бағалар

Ауылдық жерде өскендіктен бе, көп жайға көз жұма қарамай бағамдап отырамыз. Өзімізді балалық шақтан қалыптастырып, балапандай баулып, қатарға қосқан елдегі ағайынның қашанда орны бөлек пе деген ойға қаламын. Әсіресе, тұлымшағымыз желбіреп, желмен жарысып ойнақтаған бал дәуреніміздің бәрін көз алдымызға бір сәт елестетеміз. Алдымен сол киелі мекендегі құдай қосқан көршілеріміз еске түскенде жүректе сағыныш оянып, олардың амандығын тілеп, өткен күндерді еске аламыз.

Ата-анамыздың берген ұлағаты да санамызда самаладай жарқырап тұр. Олар «адамнан о дүниеге барғанда алдымен ата-анаңа қалай қарадың, екінші, ұстазыңды құрмет тұттың ба, үшіншіден, көршіңе не істедің, тату-тәтті тұрдың ба?» деген сұрақтар көлденеңнен тартылады» деп жататын. Сондықтан ата-ананы ренжітпей, ұстазыңды барынша сыйлаңдар, көршімен тату-тәтті тұруды үйреніңдер, олардың шамасы жетпей жатқан жұмысына жүгіріп барып қол ұшыш созыңдар, сонда Алла тағала сендерді рахымына бөлейді» деген ақылын үзбейтін. Қарап отырсақ, осы қарапайым ғана үш қағидатпен-ақ жеткіншектің адами келбетінің қалыптасуына үлкендер аса мән берген екен.

Бір-бірімен көңілі суыспай, қатар қонған көршілер бара-бара туыстай болып, біте қайнасып кетеді емес пе?!
«Жаман көршің асыңды бағалар, жақсы көршің басыңды бағалар», дейтін қазақ баласы олармен әрдайым тату тұрғанды қалайды. Бала кезден ана сүтімен беріліп, әке-шешенің атқарған ісімен артындағы ұрпаққа ұласатын халықтық тәрбие көршілік хақына қалай назар аударғаны аңғарылады. Ол кезде көршілер арасындағы татулық ерекше еді. Ата-ана тарапынан ешқандай бұйрық болмаса да, таным-түйсігімізде бір-бірімізге құрмет бізді бір үйдің баласындай, қос қолдың саласындай бауырмалдыққа бастайтын. Аналарымыз сиыр сауып келе жатқан шелегін үйге кіргізбей жатып, ойын баласы бізді шақырып, «анау Шәрбан апаңның сиыры тумады, ағарғаннан қиналып отырған шығар» деп үйден ыдыс әкеліп «сүт құйып апарып бер» деп бізді жұмсайтын. Анамыздың айтқанын бұлжытпай орындап, үлкеннің ризашылығы мен батасын алатынбыз. Бізде сүт болмай жатса, ол кісілер әкеліп беріп, сүттей ұйыған береке орнайтын. Көршілер жиналып киіз басатын, көрпе көктейтін, жүн түтетін. Біз сол ауызбірлікті көріп, жақсы адамдардың шарапаты мен махаббатына бөленіп, бой түзедік. Еңбектің, достың, көршінің қадірін түсінетіндей дәрежеге жеттік. Міне, тәрбие мектебі деген осында екен ғой. Бір нанды бөліп жеген көршілерім сондықтан жүрегімнің төрінде тұр. Олар алыстан сыйласып, тек той-томалақта бас қосатын туыс-бауырдан менің жаныма анағұрлым жақын.

Менің бақытыма орай қалада көпқабатты үйге қоныс аударған кезде жақсы көршілер бұйырды. Олар бізге қарама-қарсы пәтердегі Жұмаш, Шынар деген жаны жайсаң керемет жандар еді. Менің жанымда анам мен әкем бірге тұрды. Қартайған шағында жиі ауыратын. Бірінші қабатта марқұм Шәріп деген ағамыз тұрды. Көлігі бар болатын. Әкем төсек тартып жатқанда ауруханаға үшінші қабаттан көтеріп түсіріп, көлігімен апарып жатқызатын. Бір-біріміздің үйімізге жиі бас сұғатынбыз. Олар көбінде біздің пәтерде үлкен кісілерге сәлем беріп, жағдайын сұрап көп келетін. Есік айқара ашық. Есімде, біздің үйге бір сыйлы қонақ келетін болды. Көршідегі Шынар апам кілеміне дейін әкеліп төсеп, түннің бір уағына дейін ұйықтамай қонақ күтті. Бірінші қабаттағы Сәуле апамыз жылы-жұмсақ тамағын анам мен әкемнің аузына тосатын. Бесінші қабатта қазір екеуі де марқұм болып кеткен Жұмағазы мен Бисен, Бақыт, төртінші қабатта Мәлік пен Гүлнар, Бақытжан мен Гүлсара, Нұрлан мен Жанат, Гүлнар мен Орынбасар, бірінші қабатта Тыным деген аяулы көршілерім тұрды. Мен сол көпқабатты үйді 30 жылдан аса уақыт қоныс еттім. Біздің ортақ подьезімізге сол уақытта қаншама адам келіп кетіп, уақытша тұрып жатты. Бірақ жоғарыда аты аталған мейірімді адамдар санамда ғұмырлық дастандай болып жатталып, әр таңыма шұғыласымен сәуле шашып тұр.

Ал қазірде «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген сөздің мән-мағынасы, қадір-қасиеті өзгергендей. Бүйірден қысқан қиындық дейін десең, қан майдан болып жатқан тар заманда да қоңсылас қонған үйден хал сұрасып, бір тілім қара нанды бөліп жеп, қазаны ортақ, уайым-қайғысы бір болған. Оны біз көнекөз қариялардан естіп, көркем шығармалардан оқып жүрміз. Кешегі кеңес үкіметімен өмірі сабақтасып жатқан бізбен замандас орта жастағы немесе оған таяп қалған кісілердің көпшілігі көрші алдындағы парызы мен сауапты істерден бейхабар деп айтуға келмейді. Заманға ығыстырып, адамның ар-ұжданы алдындағы азаматтық бейнесін әсте төмендетуге болмайды. Әр адамның жүрегінде иман, шапағат нұры жомарттыққа, бауырмалдыққа жетелесе, қаталдық пен сараңдық ығысып, мейірімге жол ашары анық. Мейірім өркен жайса, ең алдымен күнде көріп, саулық сұрасып, дидарласып жүрген көршіңмен неге күнде болмаса да, оқта-текте жүздесіп, емен-жарқын әңгіме дүкен құрмасқа. Мен кейде әсіресе, көпқабатты үйлерде тұратындардан естимін, «есік қағып, жеті нан күлше таратсаң алмай жатады» деп. Тіпті, бір подьезде тұрып жатқан көршілер бірінің-бірі атын білмейді деген-ді. Ол ақылға сыймайды. Адамды дастархан татуластырады, тұз-дәм біріктіреді. Бабаларымыз ортақ қазан асып, сиыры туса уыз көже жасаған, наурызкөже пісірген, келіні бала көтерсе құрсақ той жасап шақырған. Сонда ауызбірлікті ойлап, ең бірінші көрші-көлемге қазыналы дастарханнан дәм татқызған. Қазақтың бұрынғы ата дәстүріндегі жоралғылардың бәрінде көршінің есімі ардақталады.

Сондықтан «Тамағыңмен емес, қабағыңмен сыйла» деген әдемі сөзді қаперге алып, көршілерге сый-құрмет көрсеткеніміз жөн болар. Ол жүрегіміздің кеңдігін, мейірімнің молдығын көрсетіп жатады.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер