USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Тағылымы мол ұстаз!

Қазіргі заманда әркім әр нәрсемен мақтанып жатады. Біреу бәлкім - көлігімен, біреу бәлкім - өзге елде білімін толықтыруымен , енді бірі – өзінің ерекшеліктерімен. Мен де бір мақтанып көрейінші. Әрине, менікі қарапайым дерсіз, дегенмен менің мақтанышым – өзгеше, өйткені мен өзімнің жақсы көретін ұстазыммен мақтанамын!

Құс шарлап аспанды,
Күз айы басталды.
Бірінші қоңырау
Оқуды бастады.

Алақай, келіңдер:
Класқа еніңдер.
Балалық өмірдің
Бақытын көріңдер! –

деп басталатын өлең жолдары бәріне таныс болар. Әрине бұл кісіні танымайтын адам жоқ шығар. Балалар әдебиетінде өзіндік ойып тұрып алар орны бар, ақын, профессор, ғалым – ұстаз - Әдібай Табылдиев. Міне, осы кісінің әсерлі әңгімелерін, дәрісін тыңдадым деп мақтанғалы отырмын!

Қара шаңырақ Қазақ ұлттық университетінде білім шыңдау бір бақыт болса, ғалым-ұстаз Ә. Табылдиевтің дәрісін тыңдау өз алдына бағымыздың жанғаны деп білемін.

Үстіне тап-тұйнақтай қылып киген костюм шалбарымен нық басып дәріс залына кіріп келе жатырған 90 жастағы кісіні көз алдыңызға елестетіңіз. Жасын 90 да деп айтқаныммен қимылы өте ширақ кісі. Дәріс залына кіріп келіп, қолдарындағы кітаптарды үстелінің үстіне асықпай қойып, қыр түспеген сұр костюм қалтасынан ыңғайлы, шағын тарағын алып, талай жылғы еңбектің, асқан даналықтың, әдемі қарттықтың белгісіндей болған ақ түскен қою шашын сәнін келтіріп артқа қарай тарап, түзеп, бір күліп алады. Дәл осы сәтте оның осы бір қимылын жаттап алған сутденттер, белгі берілгендей бір мезетте орындарынан тұрады. Ертегілерде айтылар, көпті көрген дана қарттардың бейнесіндей жарқын жүзді осы кісі дәл сол сәтте өзінің қоңыр даусымен «Амансыңдар ма?!» деп аудиториядағы студенттерге сәлем береді. Қалыптасқан дәстүрмен осыны күтіп тұрған студенттер жарқын дауыстарымен, бір деммен: «Армысыз, ҰСТАЗ!» деп өзара сәлемдесіп алғаннан соң, үйретері көп, тағылымды, кезекті бір дәріс басталып та кетеді.

Ә.Табылдыұлы бізге «Этнопедагогика» курсы бойынша өзінің бар білгенін үйретіп, дәріс оқыған болатын. Қазақ этнопедагогикасының негізін салушы ретінде ғалымның өз аузынан осы курс бойынша дәріс тыңдау біздің болашақ қазіргі заманда маман ретінде қалыптасуымыызға өз негізін салды деп ойлаймын.

Өз арамызда Ә. Табылдыұлын «Атамыз» деп айтып алғанбыз. «Ертең атаның сабағына барайық» деп тобымызбен бірге мәз-мейрам боламыз.

Дәріс барысында қазақ ұлтының ерекшелігі, тазалығы, мәдениеті жайлы әңгіме қозғалса, не болмаса сұраққа жауап беріп тұрған студент қазақ ұлтының салт-дәстүрлерінің ерекшелігін сипаттап берсе Атамыз тарапынан анық, қоңыр дауыспен : «Ду қол шапалақ!» деген сөз естисіз. Дәріс залында осы кезде мақтаныштың , ұлтжандылықтың көрінісі сезіледі. Сізге сол сөзді естіп көру керек. Ол кісінің аузынан үнемі ұлтымыздың ұлықтығын, даналығын естіп жүреміз. Дәріс залында қазақтың қара көз қыздары көп отырамыз, осыған орай атамыз да бізе «айналайын, қарақтарым, сендер елдің, ұлттың болашағысыңдар, ұлттың айнасы өздерің» деп бізге үнемі ақылын айтып отырады. Қыз тәрбиесіне қатысты қазақ халқының даналығын, оның өзі бір үлкен мектеп екенін де атамыздың аузынан жиі естиміз.

Бұл кісінің есімі мектеп қабырғасында оқып жүрген кезде таныс болатын. Балалар әдебиетінде өзіндік орны бар деп білемін. Ол кісінің «Қоян қалай ноян болды», «Сырлы қала», «Ғарышқа саяхат», «Таңғажайып ертегі» секілді ертегілері есімде қалыпты. Одан бөлек ақынның мектеп бағдарламасындағы оқушыға түсінікті, айқын етіп шығарылған өлеңдері де өз алдын бөлек әңгіме. Сонымен қатар Ә. Табылдыұлының жұмбақтары да бар екені көпшілікке мәлім.

Ғалым-ұстаздың өз бойына жинаған жоғары білімділік, ұлтжандылық, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі жауапкершілігі берген әрбір дәрістерінде байқалып тұратын. Өскелең ұрпақты болашақта тәрбиелейтін мамандар болғаннан соң әрбір дәрісте бала тәрбиелеуде ұлтты тәрбиелеп жатқанымызды ұмытпауды үнемі есімізге салады.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады