BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Солтүстікке қоныс аударған 3000 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін бейсенбіде өткен Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныс аударған адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бюджеттен 2019-2021 жылдары 15 миллиард теңге бөлу көзделгенін айтты.

«Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шеңберінде жұмыс күші көп оңтүстік өңірлерден 1 488 отбасы немесе 4 925 адам қоныс аударды. Оның ішінде еңбекке қабілетті жастағы 2,5 мың адам қатарынан 1,5 мыңға жуық адам немесе 56%-ы жұмысқа орналастырылды, 87 адам кәсіпкерлікпен айналысуда. Жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныстану кезінде қоныс аударған адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету маңызды фактор болып отыр. Ол үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мемлекеттік бағдарламада жұмыс берушілердің қатысуымен қоныс аударушыларға тұрғын үй салу және сатып алу механизмі көзделген. Бұл тәсіл алдымен Солтүстік Қазақстан облысында апробациядан өткізіліп, кейін басқа өңірлерде қолданылады», - деді ол.

Ол осы мақсатта бюджеттен 2019-2021 жылдары 15 миллиард теңге қаражат көзделгенін, нәтижесінде облыста алдағы үш жылда үш мыңға жуық қоныс аударушы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын атап өтті.

«Мемлекеттік бағдарламада мемлекеттік бағдарламалар, инвестициялық және шағын және орта бизнес жобалары шеңберінде жұмыс орындарын құруға мониторинг жүргізу бойынша мемлекеттік органдардың үйлестіру функциясын күшейту көзделеді. Ол үшін жобалық басқару құралдары арқылы өңірлер мен экономика салалары бойынша құрылатын жұмыс орындарының интеграцияланған картасы әзірленеді. Бұдан басқа, ағымдағы жағдайды ескере отырып бағдарламада жоспарлы көрсеткіштерді қайта қарау көзделген, сондай-ақ жекелеген бағыттар жаңа құралдармен және көрсеткіштермен толықтырылды.

Министр мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін оның операторларына бірқатар нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу қажет екенін айтты.

«Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, мемлекеттік бағдарламаға енгізілетін жаңа тетіктер мен өзгерістерді мақұлдауды және оның іс-шараларын жыл соңына дейін тиімді іске асыру үшін Білім және ғылым, Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне үш күндік мерзімде қажетті нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуді тапсыруды сұраймын», - деп сөзін түйіндеді ол.

Айта кетсек, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағыты аясында қазандағы жағдай бойынша 128 мың адам немесе жоспардың 136%-ы субсидияланатын жұмыс орындарына, оның ішінде 22 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды. 26 мың адам жастар практикасына және 80 мың адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді. Электрондық еңбек биржасы арқылы 336 мыңға жуық адам тұрақты жұмыс орындарына орналасты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер