USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

«Сіз» бен «Біздің» арамызда

Сіз» бен «Біздің» ортамызда жүрген қаншама жандар бар. Әрбір жанның өзінше көтеріп жүрген өмір сынақтары мен қиындықтары бар. Біреуге жеңіл, біреуге ауыр тиіп жатқан бұл қоғамда, арамызда жүрген қарапайым «қайсар жандардың» сабырлылығы мен ерлігінен аз да болса үлгі-өнеге алар болсақ, шүкіршілігіміз көбейер, ағайын!

Ай-Күнім аурухана терезесінен сыртқы әлемге өзгеше бір сезіммен қарайды. Бүгін дәрігерлер Ай-Күнімді ауруханадан шығару жөніндегі нақты шешімді хабарлауы тиіс. Оның ойында өзін сағына күтіп, «Анашым, Сізді сағындым, тез келіңізшііі!» деп еркелей, мойнына асылатын, тәтті қызының қылықтары...

Жаратушы Тәңірі берген сабырлылықпен бұл дертке қарсы тұрып келе жатқанына 11 жылдың жүзі болыпты. Сыртқы әлемге қараған қарақаттай көздерінен сол он бір жыл бойғы көрген қиындық пен сынақтарды қалай жеңгенін, өмірдің ауыр соққысына берілмей, тек алға ұмтылған қайсарлық барын екінің бірі түсіне бермес.

- Тәте, сізге жеміс алып келдім! – деді, Ай-Күніммен бірге бір палатада ем қабылдап жатқан Сырғалым ентігін баса алмай. Ай-Күнімнің ауруханадан шығып, тезірек жанұясына барғанын, шынайы тілегімен қалап жүрген пәк жүрегі оны ерекше жақсы көріп кеткен. Сырғалым осы палатада жатқан күндері Ай-Күнімнің барлық әңгімесін, басынан өткен небір қиындықтарын шынайы жанашырлықпен тыңдаған болатын. Сырғалымның оңаша ойланған кездерінде: Қандай қайсарлық?! Осындай шыдамды болу екінің бірінің қолынан келмес. Тәте сізбен таныс болғаныма қуанамын. Сіз осы сырқатпен 11 жыл бойы күресіп келесіз, ал мен Сіздің жаныңызда болмашы сырқатқа бола уайым жеп, өмірден үміт үзіп кеттім емес пе?! Тәнтімін саған Қазақтың қызы, анасы!..» деп Ай-Күнімге ерекше тамсанады.

... – Тәте, сіз қандай сырқатпен жатырсыз?! – деді, палатаға заттарын орналастырып жатырған Сырғалым.

- Менің сырқатымды бәлкім дәрігер салғырттығы немесе басыма Жаратушы тарапынан берілген сынақ десем де болар бәлкім, - деп жимыя қарады Ай-Күнім, Сырғалымның жүзіндегі таңданысты байқап.

- Жүзіңдегі таңданыс, барлық адамнан байқайтынәдеттегі жағдай жаным. Ойлап отырсам, бұл сырқатпен алысқаныма он бір жылдың жүзі болыпты.

- Он бір?.. – Сырғалым таңданыстан даусының қатты шыққанын байқамай қалды.

- Иә, он бір жыл. Алғаш естігенде мойындамағым келмегені рас. Бірақ маңдайға жазылған сынақты көтере білу керек. Біз өмір сүріп жатып, не түрлі сынақты бастан кешіріп жатамыз. Біреуге ол сырқат болып, біреуге ауыр жағдай болып, біреуге кедейлік, біреуге тіпті байлық ретінде келуі де мүмкін.

Ай-Күнім жанына жаңадан келген ақкөңіл қыздың жанарындағы мейірімділік сезімін байқап, оған өз оқиғасын баян етпекші болып, оның жанына барып отырды:

«Ата-ана мейірімін көру маңдайыма жазылмаған екен. Балалар үйінде өстім. Бәлкім қиындықтарға төзімділікті менің бойымда қалыптастырған сол өзім шыққан балалар үйі болар. Тағдырыма ол үшін өкпе айтқаным жоқ. Өз бетіммен тырмысып, ҚазҰУ-дың заң факультетіне түсіп, оны үздік аяқтап шықтым. Өзіммен тағдырлас болатын адамдар болса олардың жақтаушы болып, әділдік үшін соңына дейін күресемін деген санада нық мақсат тұрды. Сол түпкі мақсатқа жету жолындағы «қосымша мақсаттардың» бәрін дерлік бағындырдым. Өмірлік жарымды жолықтырып, жұбайымның ақ некелі жары атандым. Үнемі көпбалалы ана атанамын деген арманым бар еді. Сырқатымның бар екені осы кезде белгілі болды емеспе. Ана бақытын сезінемін деп үлкен үмітпен күтіп жүрдім. Зымырандай зулап уақыт өте берді. Екі жыл уақыттан соң, дәрігерге қаралып, неліктен бала көтере алмай жүргенімнің себебін білгім келді. Бірнеше медициналық зерттеуден соң дәрігер маған жағымсыз хабар айтты. Менің ана бола алмайтынымды жеткізді. Жарық дүниені соншалықты көруге асыққаным ба жеті айлықтан сәл асып өмірге келген менің, аналық құрсағым жетілмей қалған екен. Онсызда балалар үйіне тастап кеткен анама сол кезде қатты жылап өкпемді айтқанымды білемін. Бұл маған қатты соққы болып тиді. Екі күн бойы бөлмемде қамалып жатып алдым. Жағдайымды сұрауға келген кезде жұбайыма бәрін айтуды жөн көрдім. Онымен асықпай отырып, сөйлесіп, бар мән-жайды айттым. Менің осындай жағдайым үшін оның бала сүю бақытынан айырылғанын қаламадым. Оның кетуін өтініп сұрадым», - Ай-Күнім көзіне келген жасты сүртіп тастап, өзін бар ынтасымен, көзіне жас алып, тыңдап отыған Сырғалымға қарады да ары қарай жалғады.

«Ол не айтарын білмеді, бәлкім. Ұзақ үнсіз тұрды да кетіп қалды. Арада бірнеше апта өткен соң мен жұбайыма хабарласып, оның маған бала асырап алу ісінде соңғы рет көмек беруін сұрадым. Оның келісімін алған соң, күн-түн демей құжат әзірлеуге көштім. Ақыры дегеніме жетіп, туылғанына 3-4 аптадан аспаған, қыз баланы құшағыма алдым. Менің сол сәттегі қуанышымды айтып жеткізе алмаспын. Сәбиімді құшып үйге келдім. Жұбайымда бірге ары қарай отбасы болып, қызымызды бірге асырайық деді. Міне содан бері біргеміз. Бірақ, менің денсаулықта кінәратым ары қарай жалғасты. Медициналық тексеру барысында олқылық жіберген дәрігер маман қателігінен сырқатыма қосымша тағы қосылды. Міне , содан бері ауруханада жиі тексеріліп, операция жасатып тұруға мәжбүрмін. Бірақ, мен мойыған емеспін. Айттым ғой, маған берілген сынақ болар деп. Аллаға шүкір өмір сүріп келемін. Отбасымның ұйытқысы болып отырмын, жақында отбасымызға тағы бір сәбиді алсақ деген ойымыз бар. Оны қызымызда қуана қабылдады» - деп Ай-Күнім көзіне еріксіз келген жасын сүртіп, әңгімесін аяқтады...

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады