USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Сенім артып үйренейікші

Соңғы уақытта адамдар арасында бір-біріне деген сенім азайып барады. Біз бір-бірімізге сенбейтін және сенімді ақтай алмайтын болып барамыз. Ал сене білсек және сенімді ақтай алсақ, өзгеге емес, өзімізге көп жеңілдік жасаған болар едік.

Біреуге сенім арту жайлы ойлай бастасам бастан өткерген екі-үш жағдай еске түседі. Сол кезде маған бұрын-соңды көрмеген, бейтаныс адамдардың сенім артқаны қатты ұнағанын, тіпті өмірге деген құлшынысымды арттырғанын несіне жасырайын?

Қызыма мерекелік кешке киетін көйлек іздеп жүргенбіз. Базарға барғысы келмеген соң дүкендерді аралауға шықтық. Қолымызда бар болғаны жиырма мың теңге. Ондай ақшаға көйлек келмейтінін ішім сезіп тұрса да, қызымның көңілін қимадым. Бірер дүкенге бас сұғып, өзімізге ұнаған көйлектерді көрсетіп бағасын сұрап едік, сатушылары бәрібір алмайсыңдар ғой дегендей қабақтарын шытып, бағаларын тістерінің арасынан сыздықтатып әзер айтты. Тіпті арасында «ұстамаңыздар, ол қымбат көйлек» деп жақындатпағандары да кездесті. Онсызда ақшамыздың аздығына іштей қуыстанып келе жатқан көңіліміз одан әрмен жер болсын. Тура сол жерден үйге қарай тартып кеткім келіп тұрды да, қызыма қарап едім, оның қалайда көйлек алғысы келіп тұрғанын байқадым. Не болса да несібесінен көрейік, мүмкін біздің ақшамызға лайықты көйлек кездесіп қалар деп, орталық әмбебап дүкеніне кіріп, біраз бутиктерді аралап тастадық. Онда да сол көріністер. Бір кезде бір бутикке кіріп едік, сатушы жылыұшырай қарсы алды. Қазақша амандасып, өзімізге ұнаған көйлектердің бағасын сұраған едік, орысша жауап берді. Жылы сөйлегеніне қуанып, оның орысшасын да елемедік. Ол біз сұраған көйлектерді көрсетіп қана қоймай, қанша ақшамыздың барын біліп алды да, «скидкасы» бар деп тағы біраз көйлектерді көрсетті. Қызымды «примерочныйға» кіргізіп жіберіп, көйлектерді бірінен соң бірін апарып беріп жатыр, ал оған ешқайсысы ұнамайды. Бір кезде сатушы әйел менен қызымның қайда оқитынын сұрады, айтып едім, ол: «Бағанадан бері айтпайсыз ба, сондай жақсы жерде оқитын қыз мынадай көйлектерді ұнатады дейсіз бе, оған ұят қой, мұндай көйлек» деп тағы біраз көйлектерді әкеліп берді. Әйтеуір ішінен біреуін ұнатып, алатын болды. Бірақ оның бағасы 45 мың теңге екен, мейлі ақылды әрі сұлу бойжеткен үшін мен оған 15 мың теңге скидка жасаймын 30 мың теңгеге ала қойыңыздар деді. Мен қалтамдағы бар ақшамды тиынына дейін шығарып санасам, 24 мыңнан сәл асатын ақшам бар екен. Өмірі көрмеген сол әйел: «20 мың теңгеңді беріп кет, кейін ақшаң болғанда 10 мың теңге әкеліп тастайсың, ал ана ұсақ ақшаларыңды қалтаңа салып қой, керек болып қалады», -- деді. Түрі қазақ секілді бірақ неге орысша сөйлейтінін түсінбей сұрап едім, кәріс екенін айтты.

Сонымен, оның біз ұнатқан көйлектің бағасын түсіргеніне әрі 10 мың теңгесін кейін беруге келіскеніне қуанып үйімізге қайттық. «Несібең күшті екен» деп қызымды да мақтап қойдым. Кейін ақшасын апарып бердік. Сол кезде өзімді танымайтын, бір-ақ рет көрген адамның маған сенім артқанына кәдімгідей қуанып, көңілім марқайып қалды.

Тағы бірде Түркістанға зияратқа баратын болдым. Жеті шелпек пісіруге уақыт қайда, тандыр нанның жетеуін сатып ала салайын деп ойладым. Бірақ қолымдағы ақшам жетіңкіремей тұр. Жеті нан апарам деп ниеттеніп қойып ем, енді қайтем деп тұрғанымда мені бірінші рет көріп тұрған сатушы келіншек: «Әпке, қалауыңызша ала берсеңізші, бүгін ақшаңыз болмаса, ертең әкеліп тастайсыз ғой», -- деп еді, қуанғанымнан: «Онда, маған он нан бере тұршы, беремін ғой, бүгін жол жүріп бара жатыр ем, сәл жетіңкіремей тұр», -- дедім. Ол сұраған нанымды санап, пакетке салып беріп жатыр еді, қасындағы серігі: «Танитын ба едің? Неге қарызға беріп жатырсың?» -- деп сұрады. Ал ана әйел: «Алдамайтыны түрінен көрініп тұр ғой, несіне уайымдайсың?» -- деді еш саспастан. Ақшамды жеткізе алмай, біреуге кіріптар болғаныма іштей күйіп тұрсам да, ана келіншекке риза болып: «Уайымдама, ертең келе алмаспын, бірақ арғы күні міндетті түрде әкеліп тастаймын!» -- дедім. Ол басын изеп күлімсіреді. Сол кезде де айдаладағы өзім танымайтын бір адамның маған көмек қолын созып, сенім артқанына қатты қуандым. Негізі біреуге қуаныш сыйлаудың өзі үлкен бақыт қой білген жанға.

Жалпы, өзім сенгіш адаммын. Ешкімнің бойынан жаманшылық іздемеймін, маған күліп сөйлеген адамның бәрі жақсы адам секілді болып көрініп тұрады. Сол пейіліме қарай шығар, өмірдің қанша қиындығы мен соқпағына кезіксем де алдымнан ылғи жақсы адамдар жолығып, қиыншылықтан өздері құтқарып алады.

Қарбалас тіршіліктің қамымен жүріп бір жолы несиемді төлейтін күнімнің кеп қалғанын естен шығарып алыппын. Ұялы телефоныма хабарлама келіп түскенде ғана «енді не істеймін?» деп сасқалақтап қалдым. Жұмысым басымнан асып жатыр, оны тастап тағы кете алмаймын. Не істесем екен деп ойланып отырғанымда мекемемізде тәжірибеден өтіп жүрген жас қыз бар еді, кабинетке сол кіріп қалды. Оған өтініш айтып көріп едім, келісті. Ақшаны қолына санап бердім де жібере салдым. «Терминалға төле де чек шығарып ала сал, кейін жұмысқа келгенде әкеле саласың», -- дедім. Ол сөзге келместен ұшып кетті. Бірақ ол ақшаны төлеп болғасын әрі қарай үйіне қайтатынын айтқан. Мен жарайды деп келісім бергем. Кейін түскі үзіліс кезінде жанымдағыларға жүгіртіп жіберетін жастардың болғаны қандай жақсы деп болған жайды айтып едім, ішінде біреуі: «Ақшаңызды алып тайып тұрмасын» -- деп қалжыңдауы мұң екен, ішіме бір күмән кіріп кетіп, сол мезет уайымға салынып кеттім. Әлгі қызға қоңырау шалып едім, телефоны сөндірулі тұр екен. Уайымым үдей түссін, енді не істеймін деп. Біраздан соң қыздың өзі хабарласты төлегенін айтып. Сонда да сеніңкіремей: «Чекті суретке түсіріп, вацаппен жіберші», -- деп өтіндім. Ол бірден жібере қоймады. Оған менің көңілімдегі күдігім күшейе түссін. Бірақ оны жамандыққа қимаймын, олай алдап кететінге ұқсамайды. Бір кезде басқа номермен чекті суретке түсіріп жіберді де, сәлден кейін өзі келіп чекті әкеліп берді. Сөйтсем оның өз телефонының бірлігі таусылып қалған екен. Іштей шыдамсыздығыма қатты ұялдым. Оған қайта-қайта алғысымды жаудырып, адалдығына, уақыт таппай қиналып тұрғанымда қол ұшын созғанына риза болып қалдым.

Негізі осылай болуы керек қой. Адамдар бір-біріне жәрдем беріп, бір-біріне сенім білдіріп, сенімін ақтап, қуантып жүруі керек. Бұрынғы кезде солай болған емес пе еді? Адамдар өте мейірімді еді. Ал қазір ше? Кейде бірге туған бауырлардың бір-біріне қатыгездік көрсетіп жатқанын көргенде тіпті не деріңді де білмей қаласың.

Жалпы, мейірімді, сенімді, жаны жайсаң, жомарт болудан ешкім ешқашан ұтылған емес қой. Ал соңғы уақыттағы қатыгездіктің бастауы қайдан шығып жатқанына ақылым жетпейді. Бәлкім, жаман нәрселерді жайып, хабарлай бергеннен адамдардың жүректері қатайып кете ме екен? Бәрі өз қолымызда ғой, сондықтан мейірбан, бауырмал болайықшы, ағайын. Бір-бірімізді ренжітуге емес, қуантуға асығайық.

Г. ӘШІРБЕКОВА

Ұқсас сілтемелер:
26 Қараша 2016, 18:25
«Серпін» сенім ұялатады
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады