USD 334.31 EUR 355.17 RUB 5.31
Астана:

Самат СМАҚОВ: Өзімді жарнамалағанды ұнатпаймын

«Ақтөбе» футбол клубының капитаны, даңқты футболшы Самат Смақовты елімізде танымайтын адам кемде-кем. Қазақ спортында өзіндік қолтаңбасын қалдырып үлгерген оны пір тұтып, тіпті қазірдің өзінде аңызға айналған тұлға деп есептейтіндер аз емес. Бір белгілісі, қазақ футболшысы дегенде ауызға алдымен осы Самат ілігеді...

...Сәнді киініп, қашанда сырбаз мінезінен танбайтын №8 нөмірдегі атақты ойыншымен екеуара әңгімеміз тек спорт жөнінде болмады, жеке өмірі — отбасы, алдағы жоспары мен көпшілікке беймәлім қырлары төңірегінде де сөйлестік.

— Өзіңізбен сұхбаттасу үшін екі апта хабарыңызды күттік. Шынымен уақытыңыз тығыз ба, әлде журналистермен жүздескенді қаламайсыз ба?

— Білмеймін, барлығымен қарым-қатынасым жақсы сияқты. Біреумен сөйлесіп, екіншісімен әңгімелесуден бас тартқан кезім есімде жоқ. Бұны мен журналистерге қатысты айтып отырмын. Мүмкін, бұл жағдай бір сәті түспегеннен орын алған шығар. Ең бастысы, екеуміз бүгін жүздесіп отырмыз ғой.

— Дей тұрғанмен, сізбен сөйлеспестен бұрын ғаламторды шарлап шыққанымнан байқағаным, қазақтілді баспасөзге, жалпы ақпарат құралдарына сұхбат беруіңіз өте сирек екен...

— Бірден мойындайын, қазақшаны онша білмегендігімнен болар. Біз Кеңес Одағы кезінде тудық қой, оның үстіне ес білгелі қаладамыз. Әрі сол уақытта қала бойынша тек бір-ақ қазақ мектебі бар еді, ол алыста дегендей... Бүгінде мемлекеттік тілге келгенде ақсап жататынымыз сондықтан. Бірақ, тілді меңгеруге деген ұмтылыс бар.

— Қалың жұртшылыққа Самат футболшы ретінде ғана жақсы таныс. Күнделікті өмірде қандайсыз?

— Меніңше, отбасылы екенімді, балаларымның барын бәрі біледі. Мен оны жасырған да емеспін. Ал адам ретінде қандай екенімді айтар болсам, мен шындықты жақсы көремін. Өзіме ұнамаған нәрсені ол кім болса да, бетіңе айтуға дағдыланғанмын. Осы қасиетімнен шығар, мені адамдардың көпшілігі жақтырмайды (күліп).

— Күн сайын спорттық жаттығулардан басқа не істейсіз? Күн тәртібіңізді білсек.

— Шыны керек, біздің тәртіппен ұзақ ұйықтай да алмайсың. Әдетте сол сағат 9-ға дейін ұйықтаймын. Егер таңғы жаттығулар жоспарланса, одан ерте оянатыным да бар. Сосын күнбе-күн қайталанатын дайындық жұмыстары, осындай кездесулер, басқа да шаруалар. Анау айтқандай бос уақыт бола бермейді. Қолым қалт ете қалса, осындағы достарыммен бильярд ойнағанды жаным сүйеді.

Ұйықтар алдында кино көруді әдетке айналдырғанмын. Жалпы, жұрт қатарлы түнгі сағат 12-1-лерде жастыққа басым тиеді.

— Өзіңіз жұмыс бабымен Ақтөбедесіз, отбасыңыз — Алматыда. Балаларыңызды бақылау, жалпы олардың тәрбиесімен айналысу қиынға соғатын шығар?

— Иә, өте қиын. Әрі балаларың енді өсіп келе жатқанда, олардың қызықтарыңа куә бола алмауың оңай емес. Әсіресе, кішкентайымды ойлап, қатты сағынамын. Үлкен ұлымның болса, жұмысы менен қауырт (жымиып). Таңертең курстарға барса, түс ауа жаттығуларға жүгіреді. Қызым да солай.

Бәрі ойдағыдай болса, отбасым шілде айында осында келеді. Сол кезде сағынышымды басамын деп ойлаймын.

— Сонда оларға мүлде бара алмайсыз ба? Басшылықпен келісімге келіп, ара-тұра сапарлата ма десем..

— Жоқ. Тек демалыс, мейрам күндері орайы келсе, 1-2 күнге ұшақпен барып келемін. Әйтпесе, басқа футболшылардай ылғи осындамын ғой. Барлығымызға талап бірдей.

— Қызыңыз көркем гимнастикамен шұғылданса, үлкен ұлыңыз жолыңызды қууға бекінген екен. Балалардың бұл таңдауына әкесінің ықпалы тиді ме?

— Менде «Сен қалайда осы спортпен айналысуың керек» деген болмады. Өздері кішкентайынан спортқа бейім боп өсті. Самирамның жасы 11-ден асты, мектепке барғаннан осы спорт түрін қолай көрді. Ал үлкен ұлым Аламгир жақында 8 жасқа толды, ол да кішкентайынан футбол десе, ішкен асын жерге қояды. Әкесіне ұқсағысы келгені шығар... Ең қызығы, оған допты қалай тебу керектігін, футболдың өзге де қыр-сырын көрсетпесем де, бәрін өзі үйренді. Бұл кіл футболшылардың арасында өскендігінің әсерінен деп білемін. Қаршадайынан дайындықтарымнан қалмайды ғой. Бүгінде ол Алматыдағы «Қайрат» академиясында жаттығып жүр. Өзі ойнайтын команданың капитаны. Яғни өмірін осы футболмен байланыстыруды мақсат етіп отыр. Кішкентайым Данияр 3 жасқа енді келеді. Үш баламның тәрбиесімен негізінен жолдасым Ума айналысады, мен де оған барынша қолдау көрсетуге тырысамын.

— Сөзіңіз аузыңызда, балаларыңызды есімі неге қызық? Зайыбыңыздың аты да ерекше...

— Келіншегімнің шын есімі — Үміт. Тек кішкентайынан бәрі оны Ума деп атап кеткен, содан мен де солай деймін. Ал балаларымыздың атын өзіміз қойдық. Самираның мағынасы көпшілікке түсінікті шығар, оған тоқталмай-ақ қояйын. Аламгир деуіміздің сыры — бұл есім парсы тілінде «әлемді билеуші» дегенге саяды. Әрі естілгенде де құлаққа жағымды. Кенже баламыздың атын досым Данияр Мұқановтың құрметіне қойдым. Өскенде сондай азамат болса, арманым жоқ. Үшеуінің де аты өзімізге ұнайды.

— Отбасында негізінен орысша сөйлесесіз ғой?

— Жоқ, ауылдан анда-санда апаларымыз келгенде өз тілімізде де сөйлесеміз. Үйдегі бала күтушісіне де «Мейлінше қазақша сөйлесіңіз» деп ескертіп қойдым. Себебі қазақ тілі болашақта қай-қайсымызға да керек болатынын жақсы түсінемін. Әрі өздерінің ана тілі дегендей.

— Қандай кітаптарды оқисыз?

— Жазушы Борис Акуниннің шығармаларын оқығанды жақсы көремін. Жақында сол кісінің туындысын қайталап оқып шықтым. Қазіргі күні Грегори Дэвид Робертстің «Шантарам» атты кітабын оқып жатырмын. Сондай-ақ, атақты адамдардың ғұмырнамалық кітаптарын назарымнан тыс қалдырмаймын.

— Естуімше, отандық шоу-бизнес өкілдерінен араласатын достарыңыз көп екен. Болашақта киноға түсуге ұсыныс түссе, қалай қарайсыз?

— Бұл саладағы жора-жолдастарым шынымен көп. Олар мені түрлі түсірілімдерге жиі шақырады. Соңғы бірер жылда досым Нұртас Адамбайдың бір киносының эпизодында да ойнағанмын. Бірақ, менің ондайға аса құлшынысым да, ебім де жоқ. Уақыт та тапшы. Расын айтсам, өзімді бұл салада елестете алмаймын. Бұл іспен одан да кәнігі мамандар айналысса, сол дұрыс қой.

— Шетелдік футболшылар жарнамаға да көп түседі. Бұл жағынан қалайсыз?

— Бұған да аса жоқпын. Тек бір спорт тауарларын сататын ірі фирмамен кезінде келісімшартқа отырғанмын, анда-санда соның роликтеріне қатысамын. Сол-ақ. Өз басым жарнаманы, өзімді көрсеткенді ұнатпаймын.

— Әлеуметтік желілер — фейсбук, твиттер, инстаграмның белсенді қолданушысысыз. Бұл сізге не берді?

— Ең әуелі жанкүйерлермен байланыс қой. Қолым бос кезде жаңа суреттерімді салып, маған тіркелген жандардың сұрақтарына жауап беріп, уақытымды тиімді өткізуге тырысамын. Әсіресе, әуежайда, жолда жүргенде бұл таптырмайтын ермек.

— Футбол тақырыбына ойыссақ. Сіздің ойыңызша, оның бүгінгі халі қандай?

— Бұл сұраққа жауап беру қиын. Бір айтарым, өткен жылмен салыстырғанда, биылғы чемпионаттың деңгейі төмендеп кетті.

— Бұл спорт түріне не жетпейді?

— Мен балалар — біздің болашағымыз деуден жалықпаймын. Соларға, жас футболшыларға жақсы жағдай жасаса, жаман болмас еді. Содан кейін жақсы нәтижені де талап етуге болады...

Одан бөлек, Қазақстанда жақсы стадиондар жоқтың қасы. Мықты үлкен емес, 10-12 мыңға арналған стадион салып берсінші, басқа тілегіміз жоқ. Сосын көктем мен күзді айтпағанда, жаз мезгілінде ойнайтын дұрыс алаң таппай қиналамыз. Осының бәрін ескеріп, жолға қойса, ойынның деңгейіне оңды әсер ететіні даусыз.

— «Ақтөбе» футбол клубының толықтай дерлік жаңарғаны белгілі. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша алғашқы алтылыққа іліге аламыз ба, қалай ойлайсыз? Облыс әкімі осындай меже қойды ғой.

— Бердібек Машбекұлының мұндай талап қоятындай орны бар, ол — клубтың қожайыны. Мен оны жақсы түсінемін. Бірақ, біздің жас команда екенімізді, арамызда алаңға енді шыққан жігіттердің барын ұмытпауымыз керек. Сол себепті, жоғары нәтиже күтуге тағы болмайды. Дегенмен, Қазақстан чемпионатының екінші айналымы енді басталып жатыр, бар тартым әлі алда. Менің ойымша, ойыншылардың барлығы соңына дейін психологиялық жағынан мықты болса, мұндай қарқынмен жақсы нәтижені күтуге әбден болады.

— Қазақ футболы жыл санап жастармен толығуда. Кейінгі буыннан кімнің аяқ алысы сізді сүйсіндіреді?

— Дұрыс айтасыз, жастардың саны көп. Оның ішінде таланттар да аз емес. Мәселен, Абат Айымбетов, Бағдат Қайыров, Асланбек Какимовтарды ерекше атай аламын. Оларға ылғи айтамын: «Егер футболды алдамасаңыздар, жақсы нәтижеге түбінде жетесіздер». Өз басым сөйттім, неғұрлым әділ, шынайы ойнауға тырыстым. Сол кезінде төккен терімнің бүгінде зейнетін көріп жатырмын, шүкір.

— Қазақстандық командаларда, бізде де легионерлер әлі де азаймай тұр. Оларға көзқарасыңыз қандай?

— Бір анығы, легионер келсе, ол бәрінен мықты болуы шарт. Жергілікті ойыншылардан бір бас жоғары болса, оған төленген ақшаның қайтқаны деп білемін. Ал қаламақысы қолжетімді, соған сай деңгейі орташаларды алып керегі жоқ. Ондайлар өзімізде де бар... Және мен бұны өзіміздің командамызға қаратып айтып отырғаным жоқ, бұл — жалпы қазақстандық футболға қатысты.

— Жасыратыны жоқ, сіздің қазіргі жасыңыз футболшы үшін аз жас емес. Осындайда спорттық каръеараңызда 1-2 жылда өзгерістің болуы мүмкін бе?

— (Күлді). Бәлкім, өзіме кезінде көп жақсылық жасаған, өмірімде де орны ерек командама қайтып келуімнің себебі — осында каръерамды аяқтауды қалағанымнан шығар. Бірақ, биыл ма, келесі жылы, қашан кететінімді өзім де білмеймін. Әйтеуір, бабымда болғанша үлкен спортпен қоштаспаймын.

— Енді 10-15 жылдан кейін Саматты қалыптасқан бапкер ретінде көретін болармыз...

— Жоқ. Мұны мен анық айта аламын, бапкер болмаймын. Неге десеңіз, бұл жақсылық әпермейтін жұмыс. 1-2 турдан кейін сені қуып жіберуі бек мүмкін... Әйткенмен, осы футболдан алыстамайтыным хақ. Қалғанын уақыт көрсете жатар...

— Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

01.06.2016 жыл.

Облыстық «Ақтөбе» газеті

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады