BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.2 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.34 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.52
Астана:

Профиль. Айшолпан. Бүркіттері, армандары және бауырлары Эксклюзив

Фото: Нұржас Жақсыбай

Әлемге аты шыққан 17 жастағы бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы білімін Қазақстанда жетілдіретін болды. Моңғолиялық қандасымыз енді Астанада оқиды. Бүгін Айшолпанға Қазақстанның бір емес, екі оқу орны білім грантын бөлді. Бірі –«Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының Кембридж бағдарламасымен оқытатын «Spectrum» халықаралық мектебіне грант болса, екіншісі - Сүлейман Демирел атындағы университетке қалаған мамандығын таңдау шартымен білім гранты. Яғни, енді Айшолпан екі жыл бойы елордалық «Spectrum» мектебінде білім алады. Baq.kz тілшісі Айшолпан Нұрғайыпқызымен сұхбаттасып, бүркітші қыздың алдағы жоспары, арманы және әрине – бүркіті жайлы сұрастырған еді.

- Айшолпан, қос грантыңыз құтты болсын. Қазақстандағы мектептің Моңғолиядағы мектептен ерекшелігі бар ма екен?

- Иә, әрине, ерекшелігі бар. Бұл мектепте барлық сабақ ағылшынша жүреді. Біздің Өлгей қаласында мектепте сабақ моңғолша және қазақша өтеді.

- Елден, ата-анаңыздан жырақта оқу қиын емес пе? Үйіңізді сағынатын боларсыз?

- Басында көп ойландым. Ата-анаммен сөйлестім. Соңында оқитын болып шештім. Мен Моңғолияда бірінші кластан бастап үйімнен алыста тұрып оқыдым. Мектептің жатақханасында 12 жыл бойы тұрып келдім. Ал Қазақстан атамекенім болғандықтан тез үйреніп кетемін, мұнда онша қиыншылық жоқ деп ойлаймын. Әрине, алыста жүрген соң ата-анамды сағынамын ғой. Бірақ көбіне үйімнен ұзақ жүргендіктен, онша көп сағынбайтын шығармын деп те ойлаймын.

- Болашақта кім болғыңыз келеді?

- Аудармашы болғым келеді.

- Неше тіл білесіз?

- Қазақша, моңғолша, түрікше және аздап ағылшынша.

- Бос уақытыңызда немен шұғылданғанды ұнатасыз?

- Бос уақытымда кітап оқығанды, волейбол ойнағанды ұнатамын.

- Қазақстан, Астана ұнады ма? Несімен ұнады?

- Иә, әрине, ұнады. Мен өте қуаныштымын. Айырмашылыққа келсем, Моңғолияда қазақтың салт-дәстүрлері жақсырақ сақталған деп ойлаймын. Жалпы, менің көптен күткен арманым орындалып жатыр.

- Тағы қандай армандарыңыз бар?

- Мен АҚШ-тың Гарвард университетінде оқығым келеді. (Айшолпан Гарвард және Оксфорд университеттерінен шақырту алған – автордан ескерту). Мен фильмдерден түскен ақшама Моңғолияда мешіт салдырғанмын. Болашақта өз атымнан қор әрі мектеп ашып, қордың кедей адамдарға көмектескенін және бүркітті үйретумен айналысқанын қалаймын. Жалпы, қор көптеген іс-шараларды қамтыса деймін.

- Шетелде көп болдыңыз ғой. Қандай әсер алдыңыз?

- Мен 26 елге бардым. Маған ең ұнаған қала – Дубай. Ол жақта тұратындар құсты жақсы көреді екен. Және маған олардың мәдениеті ұнады.

- Осындай атақ сізге қалай әсер етті? Сізді көшеде танып қалып жататын шығар?

- Менің мінезіме әсер етті. Мен негізі көп сөйлей бермеймін, тұйықтаумын. Енді ғана ашылып келемін. Көшеде кезіккен адамдар алғысын білдіріп, тілектерін айтып жатады. Әрине, қуаныштымын.

- Астанада болғанда құсбегілікпен әрі қарай айналыса бересіз бе?

- Мұнда болғанда да уақыт тауып, бүркіт үйретемін бе деген ойым бар. Бірақ, бұл туралы әлі сөйлесіп жатырмыз. Осы жаққа өз бүркітімді әкеліп қажет емес. Бұл жақта да, ауыл жақтарда бүркіт ұстайтындар бар деп естідім.

- Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз. Қанша ағайындысыздар?

- Төрт ағайындымыз. Ағам, сіңлім және бауырым бар.

- Олар құсбегілікпен айналыса ма?

- Иә, қазір менің сіңлім үйреніп жатыр. Ол 14 жаста.

- Құсбегілікке қалай келдіңіз?

- Мен бұл өнерге 8 жасымнан бастап әуес болдым. 10 жасымнан бастап айналыса бастадым. Қазіргі бүркітімді менен бұрын ағам ұстаған. Ағам оқуға кеткен соң бүркітін мен баулыдым. Одан кейін өзім 18 метр биіктіктен балапан алдым. Содан қызығушылығым оянды. Қазір үйде екі бүркіт бар. Менің бүркітімнің аты – Аққанат. Ол қазір 4 жаста.

- Неге Аққанат деп қойдыңыз?

- Оның иығында ақ дақтар болғандықтан солай атадым. Негізі бүркітке ат қоймайды. Мен өзім оған Аққанат деп есім қойдым.

- Жалпы, бүркіт қанша жыл өмір сүреді?

- Бүркіт төрт айда бір жасайды. Адамның жасымен 30 жыл өмір сүреді.

- Бүркіттің салмағы қанша болады?

- Жазда 15-20, қыс уақытында 10 килограмм болады.

- Ауыр емес пе?

- Жоқ, өзіме ауыр емес, үйреніп алғанмын.

- Бүркіттің көздерін күндіз жауып қоятынын байқаймыз...

- Бұл құстың албаты нәрсеге талпынып, қанатын сындырып алмас үшін қажет. Сол үшін томағасын кигізіп қояды.

- Әр бүркіттің мінезі әр түрлі болатын шығар?

- Бүркіттің мінезі адамға байланысты болады. Оны ұрып-соғып үйретсең, оның мінезі жаман болып, өзіңе де шабуыл жасауы мүмкін. Оны кішкентай кезінен алған соң әлпештеп, қол тигізбесең, ол жақсы болып шығады.

- Бүркіт қандай күтімді қажет етеді? Қалай тамақтандырасыз?

- Бүркіт бір күнде 500 грамм ет жейді. 20-шы қыркүйектен 15-ші ақпанға дейін бүркіт аңға шығатын «қансонар» деген кезең болады. Сол кезде жемді аз береміз. Ал жазда түлеп, қанаттары түседі, сонда жемді көп жейді. Қыста өзі аң аулап жесе, жазда әкем қоян және басқа тағамын алып келеді. Негізі, бүркіт қыс уақытында аң ұстап, жазда демалады.

- Бүркітті еркіндікке жіберу деген бар деп естіген едім.

- Иә, әрине, бүркіт ана жасына келеді. Ана жасына келгенде ол балапан басып, ұрпақ көруі керек. Сол себептен 5 не 6 жылдан кейін бүркітті еркіндікке қоя беру қажет. Кейбіреулер 10-15 жыл ұстайды. Бұл теріс деп ойлаймын. Біз бүркіттің ұрғашысын ұстаймыз, аталығын ұстамаймыз. Өйткені, аталық бүркіттің денесі кішкентай болады. Ол қояннан басқа аң ұстай алмайды.

- Бүркітіңізді еркіндікке жібергенде қимастық болатын шығар?

- Әрине, ол өзіңнің жан досыңдай болып кеткен соң қимастық болады ғой. Алла қаласа, Аққанат шілде-тамызда 5 жасқа толады. Сол кезде еркіндікке жіберемін.

- Сұқбатыңызға рахмет, Аққанаттың да, сіздің де қанаттарыңыз талмасын!

Естеріңізде болса, 2014 жылы ағылшынның «Daily Mail» басылымы құсбегілік өнерін игерген 13 жастағы қазақ қызы туралы мақала жариялап, Айшолпанды бүкіл әлемге танымал етті. Осыдан кейін режиссер Отто Белл «Бүркітші қыз» (The Eagle Huntres) атты деректі фильм түсірді. Аталған фильм Оскар сыйлығына үміткер үздік 15 фильмнің қатарына енді.

Фото суреттердің авторы Нұржас Жақсыбай


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер