USD 336.23 EUR 360.3 RUB 5.28
Астана:

ПЕРІШТЕ

Анамыз Гүлбарамға арнадым

Жанарында жалт-жұлт етіп бір сағым,
Жарарында жарық дүние құрсағын,
Сәби Алла Тағаламен көрісіп,
Жанның сырын Жаратқанмен бөлісіп,
Тұңғыш рет тіл қатыпты ақырын:
– Уа, Алла, не білер бұл пақырың,
Кетіп барам, кең дүниеге кетемін,
Кеткеніммен мен ол жақта не етемін?!. –
деген шақта мұң ұялап көңілге,

Алла айтыпты:
– Мен сен үшін өмірде
Жаратқан бір періштем бар арайлы,
Сол періштем саған күн-түн қарайды.
- Мен олардың тілін қайтіп ұғамын,
Қайтем енді, қалай тірлік құрамын?!.
Айтыңызшы соны, Алла Тағала –
деген шақта шыдай алмай шарана.

Алла айтыпты:
– Былай болсын келісім;
Мен жаратқан сол періштем сен үшін;
Мейіріммен, пейілімен сабырлы,
Сүйеді де сенің сәби жаныңды,
Үйретеді саған тілін солардың,
Үйретеді саған дінін солардың!
– Естуімше дүниеде не түрлі
Жамандық пен харамдық бар секілді.
Мен олардан енді қайтіп қорғанам,
Қорғанбасам – сор болмай ма ол маған?!.
Айтыңызшы соны, Алла Тағала –
деген шақта шыдай алмай шарана.

Алла айтыпты:
– Былай болсын келісім;
Мен жаратқан сол періштем сен үшін;
Өз өмірін от пен суға салса да,
Жанын қинап, азап шегіп қаншама,
Өлсе дағы, көрсе дағы сор-қайғы,
Сені әр кез сақтайды ол, қорғайды!..
– Уа, Алла, өзіңізге қайтадан,
Қашан, қалай ораламын қайта аман?..
Айтыңызшы соны, Алла Тағала –
деген шақта шыдай алмай шарана.

Алла айтыпты:
– Былай болсын келісім;
Мен жаратқан сол періштем сен үшін;
Саған қалай оралуды осында,
Үйретеді, оны ойлап, тосылма!..
Осы сәтте, осы сәтте о, Алла,
Келіп басқа періштелер оларға,
Тоғыз ай мен тоғыз күннің толғанын,
Кең дүниеге кетер уақыт болғанын,
Айтыпты да, «әмірімен Алланың
Өзің енді көрерсің - деп – қалғанын»,
Асықтырған кезде «жүр-жүр, болды» деп,
Сәби сұрақ қойған екен соңғы рет:
– Уа, Алла уайым бар көңілде,
Сіз мен үшін осынау бір өмірде,
Жаратқан сол періштенің аты кім?..

– Мән-маңызы қанша саған атының,
Алай дағы «АНА» дейсің оны сен –
деп айтқанда оған Алла Тағала,
Тұңғыш рет толғатқанда Хауа-ана,
Кең дүниеге келген екен күлімдеп,
Іңгәлаған ең алғашқы шарана…

Авторы: Алмас Темірбай

Ұқсас сілтемелер:
27 Қазан 2016, 23:30
Періште
20 Шілде 2016, 20:10
Ақ қанатты періште!
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады