BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

ӨЗІМ ТУРАЛЫ ӨЗІМ АЙТАМЫН...

Аспаннана адам жаумайды, салбырап түсе де қойған жоқпын, әке–шешем мені тоғайдан да тауып алған жоқ.

Аспаннана адам жаумайды, салбырап түсе де қойған жоқпын, әке–шешем мені тоғайдан да тауып алған жоқ. Мен әкем Жұмаш пен анам Бейсенкүлдің тұңғышымын. Аллам бұл бала жазда туылса, шыбындар мазасын алар деді ме, аязы қақаған қыста, 1957 жылы 12 желтоқсанында жарық дүние есігін ақырын ғана ашыппын, содан бері осы өмірге ғашықпын!
Алты айда апалақтап–сапалақтап жүріппін, бір жылдан соң, өзімнен аумайтын баланы айнадан көріп, сықылықтай күліппін. Оңтүстік Қазақстан облысының қазіргі Бәйдібек ауданы, Ақтас ауылында дүниеге келіп, кеңкілдеп күліп жүргенімде, анамның туыстарынан «жиен» деген сөзді көп еститін едім. «Неге жиенмін?» деп әкемнен сұрасам, жетім өскен әкем осы ауылда мал дәрігері қызметінде жүріп, анама үйленіпті, өзінің туған жері Түлкібас ауданындағы қазіргі Дауан ауылы екен. «Еліме барып, ет жеймін»» деген соң, әкем мені Дауандағы жеңгесі Тәттігүлдің қолына тапсырды. Сөйтіп, тоғызыншы, оныншы класты аудан орталығындағы Абай атындағы орта мектепте оқыдым, математикадан «үш, үш те болса күш!» деп баға алып, әдебиетті сүйіп, химияны жек көріп бітірдім. Аттестат алған соң айран ішіп отыра бермейсің ғой, дереу сағынған ата-анама зымырап барып, мауқымды басқан соң, аудандық «Алғабас» газетінде әуелі корректор, кейін тілшілік қызмет атқардым. Алғашқы айлығымды әкеме бердім. Жазуға деген қабілетім сегізінші класта оқып жүргенде– ақ «гүлдеп» кеткен. Шағын сықақ өлеңдер жазып жүрген болатынмын. 1975 жылы Алматыдағы ҚазМУ–дің журналистика факультетіне оқуға түстім, топқа староста болдым. Ауылдан барған қара бала өмірінде бірінші рет трамвайды көрді, Алматыдан ұшаққа мініп қайтарда, иллюминатордан ақша бұлттарға қарап отырып: «Шіркін, мына бұлттардың бірінде аяғымды салбыратып отырып, сатира жазсам ғой?» деп қиялдың қиярын жейтін едім. Оқуды жұрт қатарлы бітірген соң, Алматыда қалғым келіп, Дулат Исабековтің көмегімен қуыршақ театрындағы әдебиет бөлімінде жұмыс істедім. Сөйтіп жүргенде, Оңтүстік Қазақстан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне шақырылдым. «Қақпан» сын–сықақ бөлімін 1983 жылдан 1988 жылға дейін басқардым. Фельетондардың түтінін шығардым. Мемлекет қаржысын қылғыта салған бала–бақша меңгерушісі туралы «Алақаным қыши береді» атты тақырыппен фельетон жазып, соттан бірақ шыққан едім. Әлгі әйел «Менің алақаным өмірі қышыған емес!» деп арызданыпты. «Алақаныңыз қышымаса, жемқорлықты ғана ойлайтын басыңыз қышыған шығар?»– деп әрең құтылғанмын. Ал, 1988–1991 жылдары республикалық «Ара» журналының оңтүстік облысындағы тілшісі қызметінде жүріп, Ювенальдің шыбыртқысымен жемқорларды сабадым– ай! Қарап жүрмей қағынып, 1991 жылы республикада тұңғыш рет «Жұдырық» газетін ашып, бас редакторы қызметін атқардым. Кейін нарық қарық қылмады да, «Жұдырық» жабылып қалды. Арада жылдар өтіп, 1998 жылы «Барыс» атты тәуелсіз газет аштым. «Барыс» баспасөздің биік шыңына шықты. Бірақ сатира жазуға мүмкіндік бола бармеді. «Барыста» 14 жыл бас редактор қызметін атқарып, ақырында бір жола шығармашылықпен айналысуға бел будым. Ертеректе «Бюрократпен қоштасу», «Құдағи құшақтай береді» (1995 жыл) кітаптарым жарық көрген болатын, 2005 жылы «Талтайып тұрғым келеді!», Ымбаппа», «Кешіріңіз, сіз есек емессіз!», «Быт шытыңызды шығарамын!» атты төрт томдық әзіл–сықақтарым оқырмандар қолына тиді. Мемлекеттік тапсырыс-пен жарық көрген «Қуғандар мен қашқандар» жинағым да бар. Айтпақшы, ұйымдастырушылық қабілетімді айта кетейін, 1986 жылы облыста «Күлкі жәрмеңкесі» әзіл–оспақ отауын ұйымдастырып, ол бүгінде дәстүрлі жалғасын тауып келеді. «Шаншар» театрына шапан жапқан да өзім. Жүсіп пен Уәлиді жетектеп Алматыға апарып, «Тамашаға» қатыстырып, қайтар жолда осы «Шаншар» туралы жыбыр–жыбыр, сыбыр–сыбыр ойласқанбыз. Мұны Жүсіп мойындап, басылымдарда сұхбат берді, Уәли «ұмытып» қалыпты. Өзім де «Күлейікші, Мұхтар!» атты әзіл–оспақ театрын біраз жыл сүйредім. Менің сатираларымнан «Күлкі» вирусын жұқтырып алған Ақтөбелік Нұрлыбек Жұбатқан інім, шәкіртім туралы таң атқанша тақылдап, талай әңгіме айтуға болады. «Күлкі жәрмеңкесінде» танысқан біздер бүгінгі күнге дейін байланысымызды үзген жоқпыз. Талай мәрте «Айтқыштар Ақтөбеде» байқауында әділ қазылар алқасының төрағасы болдым, ол басқарған «Екі езу» театры сатираларымды сахналап, көңілім кранмен көтерілгендей болды. Енді міне, менің 60 жылдығымды ескеріп, Ақтөбе облысы әкімдігі, мәдениет басқармасы қолдауымен және «Екі езудің» демеуімен шығармашылық кешім 2018 жылдың бірінші сәуірінде өткелі жатыр.
Айтылмаған тағы не қалды өзі? Бүгінде «Ара» газетінің ОҚО–дағы тілшісімін, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Шона Смаханұлы атындағы сатиралық байқаудың бас жүлдегері, «Қазақ әдебиеті» газетінің лауреаты екенім рас, жұрт "оптом" алып жатқан халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты емес екенім де рас. Ары қарай Алла біледі...


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер