BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 342.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 400.85 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.51
Астана:

Мұхтар ШЕРІМ. О, ВАЦАП!

О, атаңа нәлет, вацап! Қонақта

Әйелімді айтамын да. Қолынан «Айфоны» түспейді, «Қатын, тамақ!» десем, «сәл, күт!» дейді. Күткені құрысын, айтсам егер дұрысын, әйелім ұялы телефонының ішіне кіріп кетеді, газға қойған сүті бір кезде іріп кетеді.

Тамақ істеп жатса да, иығы мен құлағының арасында «Айфоны». Бір күні кешке көшеде келе жатып, құдыққа түсіп кетіпті! Айфонын бетіне жабыстырып келе жатқанда байқамаған ғой. Содан маған, «Отбасы» тобына «Құлап кетіп, құшақтап отырмын!» деген жазба келді. Артынша, бір қайыршы әйелді құшақтап отырған суретін жолдапты. Төтеншеліктерді шақырып, өзім біраз бақырып, әрең дегенде шығарып алдық. Жатарда да, таң атарда да қолынан «Айфоны» түспейтін болды. Тіпті, соны құшақтап жатады. Мен қалдым жайыма. Бір күні «Айфонынан» бала көтеріп, жүкті болып қалса, таң қалмаймын. Сосын, түннің бір уағында тырқылдап күледі дейсің! Шошып оянып, иығынан түртсем: «Вацаппен қызыық приколдар келді!» деп қойып, артынша «Инстаграмдағы» «Супер мамашаны» қызықтайды. Маған, туған байына мүлде қызықпайды... Тіземді тыр–тыр қасып, көңілім бір түрлі жасып, бетімді алақаныммен басып, булығып жатқаным сол!

О, атаңа нәлет, вацап! Қонақтар келгенде де, әйелімнің қолынан «Айфоны» түспейді, Соған бір үңіледі де, қонақтарға шәй құя бастайды. Өткенде сорпаға шәй құйып, масқарамыз шықты. Тойға барсақ та сол, үңіліп отырғаны. Тойдан қайтсақ та сол, үңіліп, не бірдеңеден түңіліп... Ұйықтап жатқанда, қолына қысып алған «Айфонын» жәйлааап, алып қойғым келген... Енді қолынан ала бергенімде.. Енді ала бергенімде... Әйелім «Айфонымен» бетіме бір ұрғаны! Сауап болды, «Айфоны» сынып қалған шығар десем, жоқ, менің бетім сынып қалыпты! Мұрыным «Инстаграм», бір бетім «В контакте», екінші бетім «Вацап» сияқты... Керісінше, менің табақтай бетім «Айфонның» галереясына түсіп қалыпты. Оны әйелім «Жаға ұстатты», «Сұмдық екен!» тобына жіберіп, тағы да масқара болдым.

Сонымен, екінші күйеу деген пәле шықты. «Вацап» деген. Соны жақсы көреді. Соны еркелетеді. Соны қуаттайды... Тәуіпке алдап апарып, түшкірттім, оқыттым, дуаладым! Бәрібір! Сол атың өшкір «Вацаппен» бірге өлетіндей... Шайтан емес қой, егер әйелім өле қалса, «Айфонымен» бірге көмсек, о дүниеден хабарласып тұратын сияқты. «Тозақ» группасынан» деп. Жұмаққа әй қайдам, бара қоймайды–ау? Оқып жүрген намазын осы «Вацапқа» бола тастап кетті ғой!

Бір күні көшеде, сол «Айфонына» үңіліп келе жатқанда машина қағып кетіп... Жооқ, өлген жоқ, аяғы сынып, ауруханаға түсіп қалды. Кеше тамақ апарсам, аяғы гипсте, жоғары ілінсе де, қолында «Айфоны», «Вацапқа» бірдеңелер жазып жатыр! О, атың өшкір вацап!

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер