BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Мұхтар ШЕРІМ.  Бүгінгі сатира. ЕНДІ КЕЛСЕҢ, КӨРСЕТЕМ! 

–Әке, тағы қай жерін шұқиын? –деп сұрады баласы. Зәрем қалмады. Құдайым-ай, тағы қай жерімді шұқымақшы мына сайтан? Қазақтар осы, бірі-бірі шұқылап...
–Құлағынан шұқы...



Бір тепті. Ыңқ ете қалдым. Тапшанда отырғанмын. Тепкен, маған жұмыс беруші миллионердің кішкентай төрт жасар баласы. Кішкентай аяғымен тепсе де, тістеніп отыра бердім. Ұялы телефонын құлағына жабыстырып, аулаққа кеткен әкесі жаққа жалтақтай қарадым.
Бір кезде тағы тепті. Ыржақтап, тілін шығарды. Басына салеп қалғым келіп, «қой, құрысын, жұмысқа алмай жүрер...» деп ол ойымнан тез қайттым. Қиялдап отырмын. Шіркін-ай, миллионердің үйін күзетуші болып жұмысқа алынсам... Аш отырған балаларым мәз болып, әйелім құлпырып шыға келер еді... Бір кезде тағы бір тепті. Көзін қысып, сықылықтай күлді. Жұдырығымды түйдім. Бүйірім кәдімгідей ауырып қалды. Өзіне қарасам, толып кеткен, ал біздің бала солып кеткен. Мына баланың беті табақай, біздің баланың беті жұқа қалақтай... Мұрны аспанға қарап, тесігі үңірейген, біздікінің көздері шүңірейген... Әне, ол аяғымен тағы тепті. Бұл жолы сирағынан шап беріп ұстай алдым. Осы кезде әкесі де келді. Мен оның аяғынан қысып: «Ашалау, ашалау!» деп жатырмын. Әкесінің жауабын күтіп отырмын. Жұмысқа алады, я алмайды... Хабарландыру бойынша келіп отырмын ғой үйіне...
–Әке, мына кісінің шашынан ұстап, тартайын ба?–деп сұрады тәлпіш баласы.
–Тарта бер.
–Мен.. мен сізге келіп едім...
–Баланың бетін қайтармаңыз. Шашыңыз жұлынып, түсіп қалмас...
Баласы шашымның ұйпа-тұйпасын шығарды. Ары тартты, бері тартты... Басымның терісімен жұлып алардай тартады келіп... Не деген көргенсіз еді? Осындайлар ғой, кейін шаш алатын шенеунік болып шыға келеді!
–Әке, түк қызық емес, мына кісінің кіндігін шұқылайыншы?
–Сөйте ғой, Адик...
–Бұл енді...
–Бала ғой. Кіндігіңіз тесіліп қалмас...
–Мен.. Мен сізге хабарландыру бойынша...
–Адик, көкеңнің кіндігін шұқылай ғой, мә, сіріңкенің шиі...
Баласы көйлегімнің етегін түріп жіберіп, өмірінде кіндік көрмегендей кеңкілдей күліп келді де, шұқылай бастады. Әуелі қытығым келіп, соңынан ауырсына бастадым. Мына баланы маған салса... Бетіне шапалақпен салеп-салеп жіберер едім! Осындай еркетотайлар ғой, кейін өскенде әкесі әперген қымбат көлікпен жаяу жіргіншілерді басып өлтіріп, шетелге қашып кететін!
–Әке, тағы қай жерін шұқиын? –деп сұрады баласы. Зәрем қалмады. Құдайым-ай, тағы қай жерімді шұқымақшы мына сайтан? Қазақтар осы, бірі-бірі шұқылап...
–Құлағынан шұқы...
–Кешіріңіз, мен...
–Баланың қылығына қымсынбаңыз. Біз үйде оның бар айтқандарын орындаймыз. «Жұлдыз әпер!» деп еді өткенде, соны ғана әпере алмай жүрміз.
Баласы құлағымды саусағымен шұқылап сықылықтай, әкесі ықылықтай күлді. Мен мазаққа айналдым. Әне, ақшасы барлар сөйтеді... Ақшаның буы! Менде бу да, ішіп өле салатын у да жоқ... Бір кезе баласы тағы тепті. Бүйірімнен. Орнымнан тұрдым да, үнсіз есікке қарай беттедім.
–Қорқақ көке! –деп айқайлады баласы.
–Көшеге шыға беріп:
–О, не көкем? –деп сұрадым.
–Енді келсең, көрсетем!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер