BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Мұхтар Шерім. ӘШЕЙІН ТОЙ...

–Тойға шақырамын! –дейді.
–Ойбай, қандай той?
–Әшейін той...

Қазақта той көп, қой аз, той көп, ой саяз... Менің көңілім бүгін аяз... Аяз болатын себебі, күн сайын тойларға шақырылып, шықшытым шұңқыр, мұрыным «мұңқыр», не болып кетті құрғыр?
Әрине, туыс, дос–жарандардың тойларына өзіңді «пәдәркі» етіп бармайсың, көршіңнен бес он мың теңге қарыз алсаң да, кешкі сегізден қалмайсың! Отыз мың айлығыңның ту талақайы шығып, жүргенің сол, тойға шақыру қағаздарынан ығып... Қазақтың тойы таусылмасын, той қызығын көрейік дейсің–ау, тойанасын аздау берсең, ертеңіне уайым жейсің– ау! Қазір мынадай заң шыққан: «Жұмысқа бармасаң барма, бірақ тойдан қалма!» Тойдан қалсаң сотталасың! Бір күні аудандық соттан бір жігіт келді. «Бір жылда жетпіс жеті тойға барыпсыз, ал, бір тойдан себепсіз қалыпсыз. Сондықтан, аудандық сотқа шақыртылып отырсыз. Арыз иесі өзіңіздің құдаңыз Қырықбай, түс қайта келіңіз, ештеңеден қорықпай!» –дейді. Сотқа барып, құдаммен құшақтасып көрісіп, шақырылыған тойына келмей қалып, бір столдың бос қалғаны үшін, сол үшін мейрамханаға артық ақша төлегені үшін үш жыл шартты жазаға сотталып шыға келдім!
Содан кейін той дегенде доптай домалап, алты сағат бұрын барып тұрам, құдайға шүкір, тойлар үшін несие ақша алып тұрам. Қазақтың тойы таусылған ба, сүндет той, ажырасу тойы, үйлену тойы, «джип» тойы, иті күшіктеген тойы, мысығы мияулаған тойы деп кете береді, қазақ байғұстың «байлығы» бәріне жете береді... Той жарыс! Бәсеке! Кеше кеңкелес көршім келіп тұр.
–Тойға шақырамын! –дейді.
–Ойбай, қандай той?
–Әшейін той...
–Немене әшейін той?
–Жұрттан қалмайық деп, несие алып, әшейін той жасап жатырмыз, келмесеңіз сотқа беремін! –дейді. Әйелім екеуміз қорыққанымыздан бардық. Қарызға бардық. Оны айтасыз, кеше бөлем келіпті. «Әйтеуір бір жылы той жасаймын ғой, соған беретін он мың теңгеңді бере тұршы, керек болып тұрғаны» дейді... Нағашым «кедей тойын» жасады. Кедейленгенін атап өтті. Несие алып. Ее, қазақтың тойы көп, ойы саяз. Мемлекеттік тойлар да өріп жүр, оны мына жұрт көріп жүр! Жыл сайын миллиардтарды жеп қоятын Астана тойы, бас қала тойы, оллигарх тойы, шіренгендер тойы, жемқорлар тойы, парақорлар тойы... Мемлекеттік тойға бармай қалсаң да, жаза күтіп тұр... Кеше көршімді алты полицей тұтқындап алып кетті. Жағымпаздар тойына бармай қалғаны үшін... Бүгінде той десе «ой...» –деп қорқатын болдық! Кешіріңіздер, біреу есікті ұрғылап тұр. Тойға шақыруға келген біреу болды ғой? Ия, шақыру қағаздары поштамен келіпті, осы аптада алпыс алты той! Ал, аптада алты күн! Енді қайттім? Е, мейлі, бір мәнісі болар! Ағайын, той қызығын көрейік, бірақ тойдың да тойы бар, соған көңіл бөлейік!
(Авторлық құқы заңмен қорғалған.)


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер