BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 364.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Мұхтар ШЕРІМ. АБАЙ САҒАН ҒАШЫҚ ЕДІ ҒОЙ?

–Шұға, қалайсың? Абай саған сәлем айтып жатыр. Өзіңе өлердей ғашық екен «Б» сыныбындағы Абай ше? –деп сұрадым мен.
–Фәміләсі кім ойбай?
–Абай Құнанбаев ше?

Интернеттің қазақ жастарын жалпайтып, құлақтарын қалқайтып, ауыздарын аңқайтып тастағаны соншалық, білімдері саяз, көкжиектері аяз болып барады. Бір күні сыныптасым Шұғамен вацап арқылы сөйлестім.
–Шұға, қалайсың? Абай саған сәлем айтып жатыр. Өзіңе өлердей ғашық екен «Б» сыныбындағы Абай ше? –деп сұрадым мен.
–Фәміләсі кім ойбай?
–Абай Құнанбаев ше?
–Екке, танымадым, –деп қалды ол.
–Өй, Міржақып Дулат, Ахмет Байтұрсыновтармен бірге оқыған ше?
–Көрсем танитын шығармын?
–Сәкен де саған ғашық екен, – дедім мен.
–Қойшы? Қай Сәкен? Қошқарбаев па? Текебаев па?
–Сәкен Сейфуллин ше? Қазір мұрт қойып, сұлуу жігіт болып кетіпті.
–Қойшее? Менің телефонымды берші?
–Таныдың ба? Шымкентте ОҚМПУ- да оқиды екен.
–Ол мені қайдан таниды?
–Біздің сыныпта оқыған Еркешамен бір универде екен. Сенің суретіңді көрсетсе, жата келіп жабысыпты...
–Өләә, мен әлі байға тие алмай жүрмін ғой, Еркешаға айтшы, вацап нөмірімді бере салсын.
–Бейімбет Майлиннің сені көргісі келеді.
–Ол кім еді тағы? –деп сұрады сыныптасым. Беймбетті білмегеніне басым шарт сына жаздады.
–Бейімбет біздің ауданға соңғы сыныпта оқып жүргенімізде көшіп келген. Таныдың ба? Сені «сібідәниеге» шақырып, құшақтап... «Шұғам менің!» деп... Жансая деген құрбың сенен қызғанып, тартып алып еді ғой?–дедім мен әдейі даусымды өзгертпестен. Ол ойланып қалды.
–Есімнен шығып кетіпті. Немене пәле, бәрі маған ғашық болған ба? –деген Шұға сықылықтай күлді.
–Сен сынымыздың тікенегі, ой, гүлі едің ғой? Айтпақшы, «А» сыныбындағы Шәкәрімді «Камаз» қағып кетіп, қайтыс болды...
–Арты қайырлы болсын, танымадым?
–Шәкерім Құдайбергенұлы ше? Қабырға газетіне өлеңдер жазатын?
–Ия, танимын ғой, ақындар айтысында бас жүлде алған Шәкәрім бе? –деген Шұғаның шашынан сүйреп, аузына автол құйғым келіп кетті. Мұндай қараңғы болар ма? Қазақтың өткен ғасырдағы классик ақын–жазушыларын мектепте оқыды емес пе? Өйй, миындағы ләмпечкесі күйіп кеткен, жігітіне айтпасам ба, кеше ғана бетінен сүйіп кеткен!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер