BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

МƏРТӨКТЕ МАРАЛ ӨСІРЕДІ


Бір апталық үзілістен соң, Ақтөбе қаласында аудан күндері қайтадан жалғасын тапты. Бұл жолы Мəртөк ауданы келді. Облыс орталығына жақын орналасқан əрі шаруашылығы шалқайып тұрған өлке. Бұл аймақта өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған. Басқа аудандар секілді орталық саябақта көрмелер мен спорттық ойындар ұйымдастырылды. Мəртөктің өнімдерінен ауыз тиіп жүргенде бір апамыз тоқтатты.
-Шырағым, Нұрлыбек Жұбатқансың ба?
-Тап өзімін
-Мені таныдың ба?
Қырсық қылғанда менің есте сақтау қабылетім онша емес, егжей-тегжейіне дейін айтып түсіндірмесе есіме түспейді.
-Шырамытып тұрмын-дедім.
-Баяғыда сендер 1999 жылы біздің ауылға келіп май-қаймаққа концерт қойдыңдар ғой.
Есіме енді сап ете қалды. Билет құны жарты литр қаймаққа балалар, бір литр қаймаққа үлкендер кірді. Май-қаймағы жоқтар жұмыртқа, үйітілген үйрекпен келіп жатты. Тіпті картоп пен сəбізге де концерт қойған кездеріміз болды. Ол жылдары елдің қалтасында теңге болмады. Халық қолындағы барымен есептесті. Қазірет ауылында бір сиырға екі сағат концерт бергеніміз əлі есімізде тұр. Басқа аудандарға қарағанда Мəртөк ауданында тоқшылық басым болды. Сол жылдары өнер адамдарының жағдайы мəз емес еді.
-Əрине есімде, ол күндер ұмтылмайды
-Тағы келмейсіңдер ме?
-Келеміз. Бірақ, енді қозы-лаққа қоямыз-дедім қалжыңдап.
Əрі қарай аралап жүрміз. Бір бұрыштан құлағымызға таныс əуендер шығып жатыр. Барсақ баяғы 80-90 жылдардағы клуб ішіндегі дискотека болып жатыр. Əріптесім Лəйла Омарова екеуіміз бір билеп алдық. "Зəру" пантоемдеу орталығының қызметкерлері бұғының мүйізінен жасалған емдік өнімдер туралы көпшілікке түсіндіріп жатты. Аудан күндері болмағанда мұндай сауықтыру орталығының бар екенін көпшілік білмейді екен. Мəртөк аудандық мəдениет бөлімінің ұйымдастыруымен өткен концерт "ретро" стилімен ерекшеленіп тұрды.Таныс əндерге көремендер қосылып отырды. Аудан күніне қала əкімі Ілияс Испанов келді. Кеш соңында жергілікті ақын Талғат Тілеулесовтің сөзіне жазылған "Мəртөк" əнінің тұсауы кесілді. Жаңа əннің əуенін ақтөбелік сазгер Бейбіт Оралұлы шығарды. Шағын концерт көпшіліктің көңілінен шықты. Күні кеше аудан басшылығын қолына алған Жандос Баирхановтан өнегелі істер мен елді елең еткізер жақсы жаңалықтар күтеміз.
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН
ҚР Мəдениет қайраткері


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер