BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 336.39 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 390.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.36
Астана:

Манап ақын

Манап ақын

Қазақстанның халық ақыны, туған топырағымыздың мақтанышы Манап Көкенов 1928 жылы 20 мамырда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Бесарық ауылында дүниеге келген. Білімі орта. 1944 жылдан өмірінің соңына дейін аудандық мәдениет бөліміне қарасты №1 Қызылотау меңгерушісі болып қызмет атқарған. Ол кісінің суырып салма ақын ретінде танылып, 60-қа жуық айтысқа қатысқанын білеміз. Оның сүбелісі Нартаймен, А. Тоқмағамбетовпен, Жалғасбай Аралбаевпен, Надежда Лушниковамен, В. Уринмен, Тәушенмен болған айтыстар. Ол айтыстар қазақ өнерінің алтын қорына қосылды.

Сонымен бірге ол аудандық театрдың «Дала жұлдыздары» мәдени үгіт бригадасының халықтық атаққа ие болуына қомақты үлес қосты. Ауыл сахнасына арнап жазылған ақынның пьесалары, сценарийлері бойынша әзірленген қойылымдар Мәскеу, Алматы, Қостанай, Павлодар, Шымкент қалаларында өткен түрлі одақтық, республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Облыстық кеңестің депутаты, «Білім» қоғамының белсенді мүшесі, Сыр өңірінің өнері мен мәдениетін насихаттауда әртүрлі делегация құрамында Ресейде, Өзбекстанда, Қарақалпақстанда, еліміздің Павлодар, Шымкент сияқты үлкен өндіріс орындарында болған. Ол ақын ретінде заманымыздың көрнекті ақын-жазушылары Асқар Тоқмағамбетов, Әбділда Тәжібаев, Сырбай Мәуленов, Фариза Оңғарсынова сынды әдебиет қайраткерлерімен творчестволық байланыста болды. Оған сол кезеңде жазылған хаттар куә. Ақынның көзі тірісінде «Сырдария саздары», «Қазақтың қазіргі халық поэзиясы», «Ақын-жыраулар», «Халық поэзиясы және бүгінгі өмір», «Шұғыла», «Бір қыз бен он алты ақын», «Екі мыңыншы сапар» атты кітаптары мен әр түрлі ұжымдық жинақтары жарық көрген.

Мәдениет саласындағы ұзақ жылғы еңбегі бағаланып, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының 1976 жылғы указымен Манап Көкеновке «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері», ал 1980 жылы20 қарашадағы указ бойынша «Қазақ ССР-нің халық ақыны» құрметті атағы берілді.

Республикамыздың өнері мен мәдениетіне сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, «СССР мәдениет министрлігінің озық қызметкері белгісімен», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» орденімен, бірнеше медаль, грамоталармен марапатталған.

Сыр бойының дарабоз ақыны М. Көкенов 1992 жылы 29 сәуірде 64 жасында дүниеден өтті. 1993 жылы оның басына кесене тұрғызылды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
25 Ақпан 2018, 16:19
АҚЫН
Пікірлер