BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.35 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.57
Астана:

Оқырман Оккама ұстарасымен қырынады

Билік пен, әлеуметтік желіде өздерін халықтың аватары деп есептейтін қолданушылар арасында ара-тұра тақырыптық хайп болып тұрады.

Ресмиет өкілінің білігі мен этикасына және қолданушының қояншықтығына байланысты, тақырып кейде бықсып жатып, ақыры сөнеді; кейде лаулап жанып, мазмұндас тақырыптарды да өртеп кетеді; ал кейде бықсыған күйі қалып, аккаунтыңа кірген сайын ащы түтіні лентаңды тұмшалап, көзден жас парлатып, тұншықтырады. Ондайда банмен әлде уақытша я мәңгіге жасыра тұру сияқты функциялармен құтылмасаң, кей тақырып онсыз да қам көңілді тұңғиыққа сүйреп кете береді. Біреуінікі дұрыс емес болса жақсы ғой: кейде бәрінікі дұрыс болатыны жаман.

Анау айтқандай оқиға болса, ресмилер түсіндірмені кешіктіріп жатады. Және кешіктіріп келіп-келіп, ақыр аяғы оқырманның "бәсе айтып едім ғойының" үстінен дөп түсетіні қиын. Бұл кей оқырманның дандайсып, есіруіне әкеліп соғады.

Тағы бір көрініс - оқырманға берілетін түсініктеменің күрделі болуы. Тағы бір деп, жанама атап өткеніммен, басты мәселе осы шығар. Оқырманның қарапайым ғана сұрағына - диаграммалармен демелген, сандармен қапталған, шетелдік "тәжірибемен" көмкерілген ауыр артиллерия шығарылады.

- Су қайда? Кеуіп барам, су қайда!
- Жаппай суландырудың жүзжылдықтың бағдарламасы бойынша, біз қазір бәлен шақырым құбыр тартуымыз керек еді. Бірақ ақырзаманның топан суы ертерек келетіндіктен, жүзжылдық бағдарламаны уақытша тоқтатып, қаржы үнемдеуді шештік. Енді, топан судың дәл күнінен тоқталсақ. Өздеріңіз білетіндей, Інжілде...

Тапқазіргі мәселеге тағы да - сөзбұйда. Нақты мәселені - басқа игілікпен жабу әрекеті оқырманды тіпті жындандырады. Қандай қиямпұрыс термин айта бер, неткен шытырман формулаларды лақылдат, оқырман бәрібір де:

- Айттым ғой әне, ішіп-жеп қойған! - дейді.

Бұл, оқырман топас деген сөз емес. Тіпті де. Жай, оқырман Оккама бәкісімен қырынады. Ми қыртысының беткі қабатында жатқан оймен ғана жұмыс істейді. Мүмкін, түсіністік танытқысы келетін болса - танытар еді, және ол үшін себеп табар еді. Бірақ табиғатта импульстің де орны бар.
Сосын тағы бір мәселе -


"БАРЛЫҚ БӘЛЕНІҢ КІЛТИПАНЫ - АҚШАДА"


деген қарапайым, тіпті жексұрын ұстаным расымен - ешкімді ешқашан алдаған емес. Кез келген тергеушіде қылмыстан ең алдымен экономикалық себеп іздеу керек деген инструкция бар. Мұнда да сол.

Ендеше оқырманға өз мәселеңнің тарихи алғыштарттарын, генезисін түсіндіргеннен гөрі, шындықты айта салған жақсы.

Шыншылдыққа үндеп отырғаным жоқ, моральдің келбеті тап мен емес; бірақ шын айтпасаң - тез шешім де күтпе. "Пиаршыға тиіспеңдер, ол жұмысын қал-қадірінше істеп жатыр!".


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер