BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

КЕШІРІҢІЗ, ҚҰДАҒИ... 

«Отыздан асып барамын, қыздардан қашып барамын!» демекші, қыздарға қыры жоқ, не айтатын жыры жоқ, бір түрлі балам бір күні табан астында отыздан асып, отырып қалған кәрі қызға үйленіп,

КЕШІРІҢІЗ, ҚҰДАҒИ...

«Отыздан асып барамын, қыздардан қашып барамын!» демекші, қыздарға қыры жоқ, не айтатын жыры жоқ, бір түрлі балам бір күні табан астында отыздан асып, отырып қалған кәрі қызға үйленіп, келіншегіне «Көкеме шай құйшы?» деген жылы сөзді үйреніп, әп–сәтте екі бетіміз қызарып, қолдарымыз ұзарып, жағамыз жайлауда, көңіл–күйіміз сайлауда болғандай күй кештік. Келіннің «отырып» қалған себебі, университет бітірген соң, шетел асып, профессор атанып келіпті. Енді міне, анау–мынау емес, профессор келіннің қолынан шәй ішіп жүрген жайымыз бар, дастарханда үзілмейтін, құрт, ірімшік, сары майымыз бар.
Күндердің күнінде, құда–құдағиларды шақырып, үйімізді, қазіргі күйімізді көрсетейік дедік. Соның қамын жедік. Сәрсенбінің сәттісі, торт біткеннің тәттісі күні құда–құдағилар да жетіп келді, ағайыны бар, жамағайыны бар, басқасы бар, кең маңдайлы қасқасы бар, он алты болып, шопырын да ертіп келді. «Құда қайда? Құда неге келмеген, бұл жағынан хабар бермеген!» деп асаба сөз бастады, бастағаны сол, құдағиға сөз тастады. Құдағи сөзден сүйек шығарып, өзінен асырмады, қасында отырған жеңгесі «тақ–тұқ» екен, құдағидың күйеуге «обшым» тимегенін жасырмады... Біз аң–таң болдық, не айтарымызды білмей, көңіл–күйіміз шаң–шаң болдық. Бір кезде төрде ілулі тұрған, менің Алматыда милицияда істеп жүрген, жас кезімде түскен суретіме көзі түссе керек, құдағиым құлап қалды, жеңгесі бетіне су шашып, біраз жылап қалды. Бір кезде есін жиған құдағи:
–1986 жылдың желтоқсаны есіңде ме, құда? –деп сұрады даусы дірілдеп. Мен тұрмын бір нәрсені іштей сезіп, көзімнің алды іріңдеп...
–Есімде құдағи, есімде. Мен сол жылы милиционерлер тобының бастығы едім.
–Қыздарды аязды күні тау жаққа апарып, қатқақ қар үстіне отырғызғандарың есіңде ме, құда?
–Е..есім...
–Менің шашымнан тартып...
–Кешіріңіз құдағи, кешіріңіз... –дей беріппін, сасқанымнан алдымда тұрған салаттан жей беріппін, жей беріппін... Көз алдыма қара торы қарындастың шашынан тартып, оңашалау жерге апарып... Құдайым–ау, не болып кетті өзі? Көшеге түсіп алып, жүріп келем, 1986 жылғы қыз, бүгінгі құдағиым болып, өзіме–өзім сақ–сақ күліп келем. Көкірегімде желтоқсан жайлы жазылмаған жыр қалды, айтпақшы, сіздер бірмейтін бір ғана сыр қалды...


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер