USD 334.31 EUR 355.17 RUB 5.31
Астана:

Қара нан!

Шәй орнына қара су сораптадық,
Сонда да біз жамандық жолатпадық..
М.Мақатаев..

Еңкейгенде төбемізден торы күн,
Ойынымның орындап бар жорығын.
Кеш батқанда келетінмін үйді іздеп,
Тас қанатқан,шөлмек кескен тобығым.

Қиын кездер болған еді ол заман,
Тойып та бір ас ішер күн болмаған.
Суық үйде дірілдеген денемен,
Үсіп кете жаздаушы еді қол жаман.

Сұм күндерде борандайын бораған,
Есіңде ме тағам таппай табадан.
Алабайдай аштық келіп талаған,
Қаншамызды қорғап қалды қара нан!

Есіңде ме ағатай ау қиын күн,
Қара нан сонда ырыс болып бұйырдың.
Ақша деген түсімізге кірмеген,
Не екенін танымаушы ек тиынның,
Сонда дағы Алланы ойлап сиындың!

Кедейлік кеп қысып еді тұс тұстан,
Аман шықсақ деп жүруші ек бір қыстан.
Жанымызда сонда да бір бар еді,
Өмір сүру үшін жалын тырмысқан.

Тоңушы едік аяз қысып денені,
Сонда дағы жүрегіңіз кең еді.
Ол жылдары еркелеген бала жоқ,
Жылайтұғын болмаса егер дегені.

Ойламаушы ек не болар деп күніміз,
Қызық еді жырымыз бен сырымыз.
Дастарханда түк болмағанмен аға,
Бай еді ғой адамгершілігіңіз!

Қара нан мен,қара шайды ішкен ек,
Сонда да біз қуанған ек күлген ек.
Шырқағандай ұранды күй мәз болдық,
Бұйырғандай гран-при жүлде кеп.

Қара наның дастарханның сәні еді,
Гүлі еді бұл,ас еді рас әдемі.
Дәмі кетпес балалықтың тәп тәтті,
Қара нанды әлі жегім келеді

Қара нан бұл, есте қалған кешегі,
Қиындықтың ауыр желі еседі.
Шәй іштік-ау деп жүруші ек қуанып,
Қара суға толтырып ап кесені.

Қара нанмен өскен бұрын алап бар,
Адалдық та қара наннан тарапты әр.
Қара нанмен қара ауылды ұмытпа,
Елің жайлы еске алғанда қазақтар!

Авторы:Ахметов Есенбек

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады