BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.04 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Ысхақ Баб (Баб Ата) кесенесі

Баб Ата кесенесі – көне сәулет өнері ескерткіштерінің бірегейі болып саналады. Кесене Әзіреті Әлінің (Әли ибн Әбу Талиб) жетінші ұрпағы Ысхақ Бабтың немесе Баб Атаның уақтысында құлаған мазарының орнына күйдірілген шаршы кірпіштен ортағасырлық дәстүрлі композициялық үлгіде қайта тұрғызылған.

Баб – арап тілінде қақпа дегенді білдіреді. Ел, Ұлы ғұламалығын қадірлеп, дін қақпасы атандырған – Ысхақ Баб, әулиелердің сұлтаны атанған Құл Қожа Ахмет Ясауидің сегізінші бабасы. «Насабнама» нұсқаларында аты аталған Ысхақ Бабтың кесенесі қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Жарты төбе кеңшарының аумағында орналасқан. Осы Ысхақ Баб (Баб Ата) кесенесінің тұрғызылуы жөнінде халық арасында бірен - сараң аңыз әңгімелер сақталған. Сол аңыздардың біріне тоқтала кетсек.

Баб Ата кесенесінің тұрғызылуы жайлы басқа аңыздарға ұқсай бермейтін өзгешелікті байқауға болады. Қазақтар мен қалмақтар арасындағы шапқыншылық жылдарында Баб ата басына тұрғызылған мазар қасақана қиратылады. Сол тұста айналасында отырған халық та тоз-тоз болып жан-жаққа босып кетеді. Қайтадан бейбітшілік заман орнап, халық басы құралған кезде, Баб Ата мазарының анық қай жерде екенін жұрт таппай қалады. Кесенені қайта көтермек болған халық орны қайда екенін тап баса алмай әбігерге түседі. Сол кезде ауылдың бір көнекөз қариясы, «Баб Атаның анық қай жерде жерленгенін білудің бір ғана жолы бар» - дейді. Түнде сол жерге барып жасырынып жатып, бақылау керек. Таң таянып, шолпан жұлдызы туған кезде, Ысхақ баптың қабірі үстінде қабылан пайда болады. Қабылан тұрған жерді дәл белгілеп алса, сонда жерленген болып шығады, - дейді. Жұртшылық ақсақалдың айтқанын істеп, түнде сол маңды бақылауға шығады. Айтқанындай таң саз бере қабылан пайда болады. Қабыланды өз көздерімен көрген адамдар Ысхақ баптың – әулиелігіне тағы да көздері анық жетіп, сол жерді белгілеп алады. Келесі күні, қабылан тұрған жерді қазғанда Ысхақ Баб (Баб Ата) сағанасына кіретін есіктің тура үстінен түседі. Ішке кіргенде жерленген кісі сүйегі мен Ысхақ бабтың туы, найзасын көреді. Қабірдің анық Ысхақ баптікі екеніне көз жеткізген халық, бүгінгі күнге дейін жеткен кесенені тұрғызады.

Ысхақ бабтың қабірінің орнын нақты дәл анықтау үшін, келесі аңыздың бірінде, Ысхақ бабтың Қарғалық (Бабата) қалашығындағы мекеніне түйе шөгеріпті деп те айтылады. Түйе – қазақтың да, арабтың да қастерлі малы. Жануар Темірқазықты бетке алып шөгіпті. Мінер үзеңгілігі жағы құбыла жаққа қарапты деседі. Түйе шөккен жерге Ысхақ бабтың сұпасын (қабір үстілік бөлігін) тұрғызып, кесенесін салған екен.

Күллі түркі жұртын, оның ішінде қазақ халқын исламға табыстырған алтын көпірдің бірі – Ысхақ Баб.

Қожамұратов Дәулет


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер