BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.37 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

"ЭВТАНАЗИЯ" - ол жақсылық па әлде қастандық па?..

ЭВТАНАЗИЯ: ҚАСТАНДЫҚ ПА, ЖАҚСЫЛЫҚ ПА?

«Сократ синдромы» деп не үшін айтылғанын білесіз бе? Ол түрмеде жатып адам ағзасына зиянды «цикута» деп аталатын уды өз еркімен ішкен. «Мен өзімнің ештеңе білмейтіндігімді ғана білемін» деген әйгілі сөздің авторы өмірін қиямын деп ойлаған жоқ, соған мәжбүр болды. Ал қазір керісінше өлімге бас тігіп, өмірін қиюға өздері өтініш жасайтындар бар. Алла тағаланың аманаттап берген өміріне қиянат жасау кімге қандай пайда әкеледі? Жалпы, өмір сүру бәрімізге керек, ал жүрек қағысын жасанды тоқтату не үшін қажет? Әлемдік тәжірибеде адамның жарық дүниемен қоштасуына рұқсат бар. Неге? Бәлкім ол жақта адам құқығы түкке тұрмайтын шығар? Жоқ, әр адамның құқығы онда да заңды түрде қорғалған.
ЭВТАНАЗИЯ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Иә, денсаулыққа кінәрат түссе, медицинаның қызметіне жүгінесің. Ал дәрігер тағайындаған нақтама өміріңізге қауіп төндірерлік деңгейде болса, онда жансақтау бөлімінің мамандары мен ондағы аппараттар адам өмірі үшін күреседі. Осындай жағдайларға кез болған кей тұрғындар арасында «дәрігерлер дұрыс қарамады», «аппараттан ажыратпағанда аман қалар еді» деген өкпе-реніштер айтылып жатады. Расында дәрігерлер адам өмірін қиюға құштар ма? Керісінше, өз өмірін құрбан етуге әзір жандарға не жетпейді? Адамға өмір беретін де, алатын да жаратушы екенін ескерсек, бұлай айтпаған болар едік. Демек, науқастың ауруынан айығып, бетінің бері қарауына медицина саласы тек себепкер бола алады.
Әлемдік медицина тәжірибесінде айықпас дертке шалдыққан науқасты өзінің немесе туған-туыстарының келісімі бойынша медициналық тәсілмен адам өмірін қолдан қию деген түсінік бар. Мұны ақ желеңділердің сөздігінде «эвтаназия» деп атайды. Эвтаназия сөзі грек тілінен аударғанда «au» - жақсы, ал «Thanatos» - өлім деген мағынаны білдіреді. Яғни бұл сөз қайырымды өлім дегенге әлдеқайда жақынырақ. Дегенмен, адами тұрғыдан алып қарасақ, өлімнің жақсысы жоқ. Кім болса да адамзаттың ажал құшқанын қаламайды. Бірақ, өмір – өз дегенінен қайтпайтын серіппе. Ал жақсы өлім дегеннің өзінде жақын-жуығыңыздың өмірін гуманды жолмен кесуге келісер ме едіңіз? Келісім жасайтын елдер бар екен. Мәселен, АҚШ-тың Вашингтон, Вермонт, Монтана және Орегон штаттарында, Нидерланды, Бельгия, Голландия, Швейцарияның Цюрих қаласында, Люксембург пен Канадада өз еркімен өмірден озғысы келетін науқасқа рұқсат беріледі. Дей тұрғанмен, 2015 жылдың өзінде бұл елде өлімнің 3,9 пайызын осы әдіспен қайтыс болғандар құраған. Иә, әр мемлекеттің ұстанар заңы бөлек, жолы басқа. Жалпы, азапты аурудан құтылу үшін өз-өзін өлтірудің тарихы тым тереңде...
Балабек САҚТАҒАНОВ,
психология ғылымының докторы:
- Негізі әр мәселеге ықтиятпен қараған дұрыс. Мәселен, медицинадағы эвтаназия ұғымына келер болсақ, әр адам ұшы-қиыры жоқ пікір айтуы мүмкін. Біреуі заңды тұрғыда, шариғат негізінде, медицина саласы бойынша елімізде рұқсат етілмеген соң, соған сүйеніп «жоқ» деген нақты әрі ашық жауап береді. Шынтуайтына келгенде, әр нәрсені сезіне білу керек. Мысалы, бойына тараған дерті әбден қажытқан, емделгенмен ем қонбайтын, өмірден күдері үзіле бастаған, өмірден өтуге өзінің шамасы жетпей жатқан ауыр халдегі адамға өлудің өзі үлкен мәселе. Осы ретте оның биологиялық белсенділігі жоқ екенін ескере отырып, әрі психологиялық ахуалын саралай отырып, оған эвтаназия қолдануға болады. Өйткені дәл осындай науқастың орнына Алла сақтасын, әр адам өзін қоятын болса, бәлкім эвтаназияны қолдар ма еді?! Бұл – әрине, менің жеке пікірім. Менің пікірім – барлық психологтардың ойы демеймін, мен тек өз ойымның иесі боламын.
Адами, рухани тұрғыдан алып қарағанда эвтаназияға рұқсат берген елдердің ішінде мұсылман мемлекеті жоқ. Ал Ислам діні бұл процеске түбегейлі қарсы. Сондықтан да өмір мен өлімнің арасында арпалысып, биологиялық тіршіліктен үміті жоқ науқастың жүрегін жасанды тоқтату да бізге жат.
Адами, рухани тұрғыдан алып қарағанда эвтаназияға рұқсат берген елдердің ішінде мұсылман мемлекеті жоқ. Ал Ислам діні бұл процеске түбегейлі қарсы. Сондықтан да өмір мен өлімнің арасында арпалысып, биологиялық тіршіліктен үміті жоқ науқастың жүрегін жасанды тоқтату да бізге жат. Бірі «Айықпас дертке шалдыққан, халі мүшкіл адамды қинаудың қажеті жоқ» дегенді қоштаса, келесілері «Адамның өмірін қиюға ешкімнің құқығы жоқ, тіпті өзінің де. Өйткені ол мұсылмандық діни-нанымға сай емес». Әрине, әр адамның өзіндік пікірі бар, бір адамның ойы бүкіл халықтың көзқарасы дегенді білдірмейді. Тұлғалық ой, тұлғалық сана түрлі деңгейде болатынын ескерсек, қилы-қилы көзқарастарға тап боламыз.
Адамның өмірін сарапқа салатын біз ешкім де емеспіз. Тағдыр атаулы Жаратқанның иелігінде. Біздің мақсат – халі мүшкіл науқастардың өмірін қолдан қысқарту, өлімді жарнамалау немесе елімізге эвтаназия процесін енгізу емес, әлемнің өзге елдеріндегі жат құбылысқа көзқарас білдіру ғана.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
24 Қазан 2018, 09:37
Жаңа күнім - жаңа бағым
23 Қазан 2018, 18:16
Уақыт, сағат емес...
Пікірлер