Екеуіңнің еккен бағың жайды өркен... - |10 Тамыз 2018, 11:08
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 361.66 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 409.51 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.41
Астана:

Екеуіңнің еккен бағың жайды өркен...

Екеуіңнің еккен бағың жайды өркен...

Мәңгі жасыл әлемім бар сыйынар...
Саған теңер құдірет сөз таппадым,
Өзің жайлы жазылмады дастаным.
Кешір ана, кешірімшіл едің ғой,
Ойлап жүрсек пенделікпен бас қамын.

Өзің жайлы күмбірлейді көкте күн,
Сенсің анам оралмайтын көктемім.
Бұлт үйіріліп, жауып кетсе ақ жаңбыр,
Әр тамшыға айтар сырым көп менің.

Жанарымнан мұңайсам жас құйылар,
Маңдайыма тағдыр салған бұйырар.
Жүрегімнің тереңінде бүр жарған,
Мәңгі жасыл әлемім бар сыйынар.

Анам, анам, анам менің ерегім,
Әкем, анам, мәңгілігім, тереңім.
Шабытымның шалқар көлі өздерің,
Алла сыйы өзектегі өлеңім.

Қос бәйтерек ыстық қанды тербеген,
Жанымызды, тәнімізді емдеген.
Бір ұядан қанат қағып бәріміз,
Үлкен өмір сапарына өрлеген.

Алып кеме капитаны жан әкем,
Бізге бақыт сыйлап келеді өнегең.
Сен болмасаң қайтер едік, анашым,
Алақаның жылы нұрға бөлеген.

Екеуіңнің мейіріңнен көктедік,
Үлкен көрсек алдын кесіп өтпедік.
Сөз келер әке менен анаға,
Ізгілік пен адамдыққа беттедік.

Шүкір, шүкір жүзіп келеді кемеміз,
Бірде баяу, бірде орташа желеміз.
Сіздер салған ұлағатты жолменен,
Біз адаспай өркен жайып келеміз.

Қия шыңға кезіктік сан сынаққа.
Жауап таппай тосылдық сан сұраққа.
Артқа тастап кедергі мен ауырды,
Алға қарай бағыт алдық бірақ та.

Біз бақытқа жақындасақ.бір қадым,
Қуана бер жайқалғаны гүл бағың,
Екеуіңнің еккен бағың жайды өркен,
Немерелер, шөберелер гүлзарың.

Бақыттымыз, батаменен көктедік,
Сендер шеккен қасіретті шекпедік.
Жоғары ұстап адамдықтың ақ туын,
Сендер жиған абыройды төкпедік.

Өздеріңе ұқсасақ тек жоқ арман,
Біздің дағы шаштарымыз ағарған.
Шүкір, шүкір үрім бұтақ дін аман,
Аман тегіс артыңдағы қара орман.

Қол жаямыз бір Аллаға сыйынып,
Тәубе дейміз, жатыр достар сүйініп.
Қабыл болсың біз қол жайған дұғалар,
Қабіріңе иман нұр боп құйылып!
Әумин!

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер