BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

БОС ОРЫН


Ауылда мәдениет үйі директорының орны босады. Бос орынға таласушылар көп болды. Ауыл әкімі Талтаңбай Салпаңбаев сахнада жиналыс жасады.
-Менің балам директор болуға лайық-деп, сөзін бастады көп жылдан бері кітапхана директоры болған Биғаш апай.
-Ойыбай, сенің балаң домбырада тарта алмайды. О, несі-ай-деп, бұрық ете қалды Майжан. Ол мектеп директорының әйелі. Бұл қызметті көздеп жүргелі көп болды.
-Доғарыңдар, бұл орынға менің ұлым келгені дұрыс. Ол өзі өнерлі, сахнада ән айтады, би билейді-деді, бас маман Қыртық.
-Сіздер неменеге дау шығарып отырсыңдар? Бұл қызметке біз конкурс жариялаймыз-деді әкім.
-Ауылға конкурспен ешкім жұмысқа келмейді. Өзіміз сайлаймыз-деп, зейнеткер Мыртық заңды белшесінен басты.
-Екі дипломы бар менің балам үйде отыр. Қолынан бәрі келеді-деп жылады мәдениет үйінің еден сыпырушысы Мәлика. Мәликаға Әзима, Қалима қосылып үш дауыста дауыс етті.
Бұл таластың аяғы төбелеске айналатынын сезген әккі әкім айлаға көшті.
-Құрметті ауылдастар, мен сіздерге бір жұмбақ жасырамын, егер кім тапса соның баласы мәдениет үйіне директор болады-деді.
-Өте дұрыс шешім-деді, бас маман Қыртық мұрты жыбырлап.
-Қазақтың ұртын рахаттандыратын тағам?
Мәдениет үйіне тыныштық орнады. Жұмбақты дәл тапқан адам бос орынды иеленеді. Әкім шытырман жұмбағымен талай қызметті таныс-тамырларына әперіп жүр. Аңқау халық білмейді.
-Мен таптым, ол сағыз –деді біреу
-Сағыз тағам емес, қазақтың ұртын рахаттандыратын тағам суға піскен вермешель-деп қойып қалды Қоңқыш.
-Мүмкін пияз шығар-деді, арақтан аузы құрғамайтын Майлыбек.
-Дұрыс емес-деді әкім. Әкімде шешілмейтін жұмбақтар көп.
-Сарымсақ болар-деді тағы бір кісі.
Сонымен жұмбақ шешілмеді. Әкім қуанып отыр. Әйелінің інісіне қызмет дайын тұр.
-Құрт-деп дауыстады бір кемпір
-Кімді құртайық?-деді бас маман Қыртық
-Қазақтың ұртын рахаттандыратын тағам ол –құрт-деймін. Жұмбақ шешілді. Әкімнің бет-аузы жыбырлап кетті. Бірақ, шешуін тапқан әжейдің баласы жоқ. Талас қайта басталды. Әзірге орын бос тұр...
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
ҚР Мәдениет қайраткері


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер