BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 338.78 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 392.82 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.35
Астана:

Болат Көмеков: Өзін танып-білген халық ешқашан да жеңілмейді («Оңтүстік Қазақстан» газеті)

Фото: «Оңтүстік Қазақстан» газеті

Тарих сарқылмайтын су іспетті. Оның түбіне жету мүмкін емес. Ол туралы түрлі болжамдар мен пікірлер айтылады. Осы ретте қазақ елінің тарихы жайында да алуаң пікірлер бар. Осы ретте, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі тарихшы, академик Болат Көмековпен Қазақстанның тарихы жайлы сұхбат құрған екен.

Біздің тарих – бұл да бір терең тарих

– Болат аға, біздің тарихты оқыған адам моңғол шапқыншылығынан соң Жошы ұлысы құрылғанынша қазақтың Сарыарқасы елсіз-жұртсыз жапан түз болғандай әсерде қалады. Сұхбатты осы мәселенің бетін ашып алудан бастасақ.

– Біз кеше ғана Қазақ хандығының 550 жылдығын тойладық. Ақиқатына келсек біздегідей терең тарихы бар ұлттар жер шарында көп емес.

– Сізге келіп отырғандағы мақсатымыз да сол – терең тарихымызды өз аузыңыздан естіп, оқырмандарға жеткізу ғой...

– Көшпелі өмір салтының арқасында Ұлы Даланы игере алған сақтар б.з.д. VІІІ-ІІІ ғасырларда өзінің алғашқы мемлекетін құрды. Сақтар ат құлағында ойнап, құралайды көзге атқан мерген болған. «Тарих атасы» Геродот оларды дүние жүзіндегі ең мерген халық деп атайды.

Сақтарда үш әлеуметтік топ болған: көсемдер, абыздар және қауым мүшелері (малшылар мен егіншілер). Жоғарғы көсемдер (патшалар) жауынгерлер қатарынан шығып отырған. Сақтардың мәдени шығармашылығындағы ерекше құбылыстың бірі — «аң стилі» деп аталған теңдессіз бейнелеу өнері еді. Бұл олардың көркемдік ой-өрісінің айрықша дамығандығын және металл технологиясын ең жоғары дәрежеде меңгергендігін білдіреді. Б.з.д. V-ІV ғасырларда сақтарда мемлекеттіліктің басты белгісі – жазуы болғанын көреміз.

Сақ тайпаларының Жетісудағы мұрагерлері үйсіндер, ал, Сырдария бассейні мен Қазақстанның оңтүстігінде қаңлылар еді. Олар б.з.д. ІІ ғасырда күшті мемлекеттер құра алды. Үйсіндер мен қаңлылар көшпелі малшылар болды, жер өңдеумен, қолөнермен шұғылданып, қалалар мен кенттерге қоныс тепті. Олардың ақсүйектерінің бес мың жылқыға дейін малы болды, жылқы байлықтың басты көрсеткіші еді. Оларға Ұлы Жібек жолы үлкен пайда әкеліп отырды. Аталған қоғамдарда жазу болды, олар мөрлерді қолданды.

Қазақстанның қалған аумағында, Тарбағатай таулары мен Каспий жағалауы аралығында, ғұндар біздің заманымыздағы ІІ ғасырдан V ғасырға дейін қытай тарихшылары Юебань деп атаған мемлекеттік бірлестік құрды. Әскер мен халық ондыққа, жүздікке, мыңдыққа, он мыңдыққа топтастырылды. Б.з.д. ІІ ғасырдан бастап ғұндар адам мен мал санағын жүргізді, сол санақтың нәтижесіне қарай салық салынды, малдан алым алынды. Мемлекетте іc-қағаздар айналымы жүргізілді, ережелер мен заңдар қолданылды. Ғұндарда шекара қарауылдары болды. Жылқы түлігіне айрықша көңіл бөлінді. Ғұндардың жүз мыңдаған әскері аттарының түсіне қарай құралды. Сарбаздар жақсы жаттықтырылған, төзімді, мемлекеттің құдіретті күші еді. Ғұн билеушісінің «біз ат үстінде айқасып жүріп мемлекет құрдық» деген қанатты сөзі бар. Ғұндар қауымында мал мен соғыста қолға түскен құлға жекеменшік қалыптасты. Олар жеңілген халықтарға салық салды. Ғұндардың мемлекеттілік дәстүрі Орталық Азиядағы көшпелі мемлекеттерге нақты үлгі бола алды.

VІ ғасырда Қазақстан аумағында алғашқы еуразиялық империя – Түрік қағанаты дүниеге келді. Қағанаттың шекарасы кеңейіп, Солтүстік Кавказ бен Қара теңіз жағалауына дейін жетті, Иран және Византия елдерімен қарым-қатынас орнады.

Түрік этногенезі біртіндеп моңғол жерінен Қазақстан аумағына жылжыды. Қазақстан Түрік қағанатының саяси және мәдени ықпалына енді. Түркілер қаған мемлекеттіліктің тірегі мен бейнесі деп білді. Қағанның әулеттік (династиялық) руы аңыз бойынша қасқырдан таралған Ашина руы болды. Түрік қағаны Көктің еркімен билік еткен. Олар Көкті аспан және жоғары құдірет (Тәңір) ретінде қарастырды. Әскери-әкімшілік басқармасында 29 билік дәрежесі болды. Жоғары билік

5 дәрежеден тұрды: ябғу, шад, тегін, елтебер және тұтұқ. Ал, қалған 24-і төменгі дәрежеге жатты. Қағанның жақын ортасын «бөрі» ұландары құрады, олардың туында қасқырдың басы бейнеленді. Қағанатты басқарудың дәстүрлі қалпына орталық, шығыс және батыс қанаттары енді.

Түріктер өздеріне тәуелді ру-тайпалардан алым-салық алып отырды. Әскери міндеткерлік те болды. Әр аймақ мыңдаған әскер шығара алды. Әлеуметтік тұрғыдан тайпалар қатаң иерархиялық сипаттағы ақсүйек, бағынышты және тәуелді топтарға бөлінді.

Халықтың біраз бөлігі малдан бөлек егіншілікпен айналысты. Қала мен дала біртұтас экономикалық байланыстағы салаларға айналды. Малдарға әр рудың таңбасы басылды.

Түріктердің ең жоғарғы жетістіктерінің бірі – көне түрік жазуының кең таралуы еді. Керемет ойма жазу (тасқа ойып жазу) пайда болды. Онда түріктердің теңдессіз рухани байлығы, билігі, мемлекеттілігі, алыс-жақын халықтармен байланысы, қарым-қатынасы, барлығы да жазылған. Жазу әкімшілік және дипломатиялық тәжірибенің, мемлекеттік актілер мен дәстүрлерді тіркеу қажеттілігіне байланысты пайда болды. Батыс Түрік қағанаты ыдырағанда Қазақстан территориясында үш мемлекеттік бірлестік: Сырдария мен Арал маңында Оғыз мемлекеті, Жетісуда Қарлұқ мемлекеті, ал, Орталық, Солтүстік пен Шығыс Қазақстанда Кимек қағанаты дүниеге келді. Осы аталған этносаяси бірлестіктер ІХ-Х ғасырларда Түрік қағанаттарының мемлекеттік-әкімшілік, әскери және әлеуметтік-мәдени дәстүрлерін жалғастырды.

– Ал, сіз аспирант кезіңізде сол Арқада орта ғасырда гүлденген Кимек мемлекеті болғанын ашып, ғылыми ортада «айды аспанға шығарған» аз ғалымның бірісіз. Ол жайлы сіз бұдан он жыл бұрынғы сұхбатыңызда егжей-тегжейлі айтып едіңіз...

– VІІІ-ІX ғасырларда кимек тайпалары Алтайдан бастап оңтүстік Оралдан Сырдария бассейніне дейінгі аумақта мемлекет құрды. ІХ-Х ғасырларда түрік халықтары жайлы көптеген нақты мәлімет берген әл-Яқуби: «Түркістан мен түріктер бірнеше халықтар мен мемлекеттерге (мамаликтерге) бөлінеді» деп, араб географы Ибн әл-Факих: «Түріктерде оғыздар, кимек және тоғыз оғыздар құрметтеледі, олардың әрқайсысыларының патшалары бар» деп көрсетеді. Кимек билеушісі ІХ ғасыр соңынан бастап жоғарғы қаған лауазымын иеленген. Мемлекеттегі билік қағандар шығып отырған әулеттік рудың қолында болды. Кимектердегі қаған, ябғу, шад, тұтұқ лауазымдар көне түріктер ортасында да болған, мұның өзі өзара сабақтастықты білдіреді. Көне түрік мемлекеттік құрылымдарындағы дәстүрлі әкімшілік-территориялық жүйе – қанаттар жүйесі – Кимек мемлекетінің басқару құрылымында да көрініс тапты. Бірлестіктің шығыс жағы (сол қанаты) Ертіс маңында болды, батыс жағы (оң қанаты) Жайық пен Ембі өзендерінің аралығын қамтыды.

«Худуд әл-алам» (Х ғ.) мен әл-Идриси (ХІІ ғ.) мәліметтері бойынша Кимек мемлекетінің негізі 12 тайпадан құралды. Қыпшақтар мен құмандар – мемлекет құрамындағы ірі тайпалық бірлестіктер Х ғасыр соңына дейін саяси бағыныштылықта болды.

Қаған нақты билікке ие болды. Билеушілер мен тайпа шонжарларын тағайындап отырды. Тайпалық ақсүйектер мен хан руында, қаған отбасының ішінде мұрагерлік билік институты салтанат құрды. Қағанның 11 билеушісінің билігі мұрагерлікпен беріліп отырды. Олар негізінде кимек қағанына бағынды. Кимек ханзадасы Жанах ибн әл-Кимектің еңбегіне сүйенген араб географы әл-Идриси өзен-көлдердің жағалауларындағы, таулы аймақтардағы, кен орындары маңындағы, керуен жолдарының бойындағы Кимек қалалары туралы жазады. Ортағасырлық деректер мен археологиялық материалдар кимек қоғамында әлеуметтік топтардың, алым-салықтың, көне түрік жазуының, көне түрік діни сенімдері болғанын көрсетеді. Тәңір мен ата-баба әруағына сену маңызды орын алды. Кимек қағандарының барлығы ержүрек жауынгер болған. Көршілес халықтардың бір-біріне жасап отырған шабуылдары көп жағдайда бейбіт қатынаспен аяқталып отырды. Бұған кимектердің жерінде Шығыс Еуропадан, Орталық Азиядан, Шығыс Түркістаннан және Оңтүстік Сібірден келіп түйісіп жатқан көптеген сауда-керуен жолдары дәлел бола алады.

Біз Ұлы Даламен мақтануымыз керек!

– Сіз Қыпшақтану орталығын құрған, ұзақ жылдар бойы соны басқарып келе жатқан ғалымсыз.

– ХІ ғасыр басында Кимек қағанаты Ішкі Азиядан келген көшпелі тайпалардың миграциясы мен қыпшақ хандарының өзара алауыздығы салдарынан құлады, қыпшақтар Кимек мемлекетінің мұрагерлері ретінде ұланғайыр жерге ие болып қалды. Каспий және Арал маңы, Сырдария аймағы хандық жеріне қосылғаннан кейін халық-аралық деңгейде қыпшақтардың саяси рөлі өсті. ХІ-ХІІ ғасырларда Қазақстан территориясында Қыпшақ хандығының құрылуы қыпшақ дәуірінің басталуын білдірді. Дешті Қыпшақ (Қыпшақтар даласы) деген этногеографиялық термин дүниеге келді. Қыпшақ және құман тайпалары Византиямен шектес Қара теңіз жағалауы далаларына қоныстанып, ХІ ғасырдың ортасында хандық нығайды. Қыпшақтардың саяси үстемдігі Ертістен Днестрге дейінгі ұлан-байтақ территорияға тарады. Қыпшақ хандары билігінің нәтижесінде еуразиялық масштабтағы этносаяси құрылым қалыптасты. Оның шеңберінде мемлекеттік-әкімшілік, әскери және саяси-мәдени көне түрік дәстүрлері жалғасын тапты. Дешті Қыпшақ кеңістігінде тарихи-этнографиялық бірлестік пайда болды. ХІІ ғасырда барлық түрік халықтарының ішіндегі ең көбі және ең үлкен алқапта таралғаны қыпшақтар еді.

Тоқсаба қыпшақтар Әзірбайжанда Илдегизидтер династиясының негізін қаласа, Грузия патшалары Давид пен Тамара жауынгер қыпшақтардың көмегіне жиі-жиі сүйенуге мәжбүр болатын. Ал, орыстар үшін қыпшақтар Византия секілді қуатты сыртқы әлем ретінде танылды, ортағасырлық орыс князьдары қыпшақ ханзадаларымен өте тығыз байланыста болды. Қыпшақ хандығы Ирандағы Газневидтердің, Осман империясындағы Селджүкидтердің, Орта Азиядағы Қараханидтердің әулетімен қарым-қатынас жасап тұрды. Шекарасын нығайту үшін ондаған жылдар бойы іргесіндегі Хорезмшахтармен соғысты.

Аса үлкен алқапты қамтыған Қыпшақ хандығы Шығыс Қыпшақ және Батыс Қыпшақ деген екі этнотерриториялық бірлестікке бөлінді. Олардың шекарасын Еділ өзені бөліп жатты.

Қыпшақтарды хандар басқарды. Хан билігі әкеден балаға беріліп отырды. Елбөрілі руы әулеттік ру болып саналды. Хан ордасында ханның мал-мүлкі мен әскерін басқарған аппарат болған. Әскери-әкімшілік тұрғыда Қыпшақ хандығы көне түрік дәстүрімен екі қанатқа бөлінді: оң қанаты – ордасы Жайық өзенінде, ортағасырлық Сарайшық қаласының орнында, сол қанаты – резиденциясы Сығанақ қаласында (Сырдария өзенінде), хандықтың орталығы Орталық Қазақстанда, Торғай даласында орналасты. Әскери құрылым мен басқарудың әскери-әкімшілік жүйелеріне ерекше мән берілді. Бұлар көшпелі қоғам болмысын көрсетті және көшпелі өмір сүру тәсіліне қолайлы болды. Жетекші аристократиялық топтың (хандар, тархандар, югурлар, басқақтар, бектер, байлар) қатаң иерархиялық жүйесінің үстемдігі айқын көрінді. Шығыс Дешті Қыпшақтың құрамына 16 тайпа енді. ХІ ғасыр соңы мен ХІІІ ғасыр аралығындағы қыпшақтардың тайпалық құрамының құрылымы күрделі және әр текті еді. Қыпшақ қауымы, өзінің төрт қыпшақ тайпасынан (елбөрілі, тоқсоба, иетиоба, дуртоба) басқа, түріктілді кимек, құман, оғыз, көне башқұрт, печенег тайпалары мен иран тілді этникалық қабатының түркіленген элементтерін қосып алды. Азиядағы көшпелі мемлекеттердегі рулар мен тайпалардың қатаң иерархиясы қоғамдық және мемлекеттік дамудың негізгі қағидасын құрады.

Қыпшақ хандығы далалық өркениеттің барынша дамыған жүйесі бар соңғы еуразиялық мемлекет болды. Ол өркениеттің негізгі параметрінің бірі далалық мәдениет болса, далалық өмір сүру салты оның ең мықты ұстынының бірі еді. Оған биік дәрежедегі сабақтастық тән болатын және ол ұзақ мерзім бойына сақталатын. Қалыптасқан стереотиптер, әсіресе, рухани және заттық мәдениетте айшықтала көрініс табатын.

Дешті Қыпшақта далалық заңдар жинағы үстемдік құрды. Бұл жөнінде Қыпшақтан шыққан Мысыр билеушісі Бейбарыс сұлтанның 1266 жылы Иранның илханы Абағу ханға жазған жауап хатындағы «біздің қыпшақтың жосығы Шыңғыс ханның жосығынан жоғары» деген сөзі дәлел бола алады. Қыпшақ хандығындағы заң, құқық пен әділеттілік жайлы дәстүрлі ұғымдар далалық мәдениет сабақтастығының биік дәрежесіне сәйкес далалық өркениеттің айнымас бір бөлігі болатын.

Қыпшақ қоғамындағы, Ұлы Даладағы ғасырлық жазу дәстүрі мемлекеттік актілерді бекітуге деген сұраныстан, күнделікті шаруашылық, әкімшілік және дипломатиялық қажеттіліктерден туындаған болатын. Қыпшақ билеушілері көрші елдердің билеушілерімен хат алмасып тұрған. Жазба деректерде қыпшақ ғалымдары мен ақыл иелері туралы айтылады. Көшпелі қоғамда ұлан-ғайыр территорияға лайық жоғары деңгейдегі байланыс жүйесі істеп тұрды.

Маусымдық көшке шыдамды мал тұқымдарын шығару, су қорлары мен жайылымдарды тиімді қолдану тәсілдерін жасау экологияның іргесін қалады. Көшпелі тайпалар жүздеген және мыңдаған шақырым бойы көшіп-қонып жүрген. Жайылымдардың негізгі орындары мен көші-қон бағыттары көпғасырлық тәжірибе негізінде қалыптасты. Осыған байланысты «Отан» ұғымы (этникалық территория) «жайылымдық территория» ұғымынан туындайды. Көші-қон бағыттарын тек маңызды экономикалық, әлеуметтік және саяси себептер ғана өзгерте алатын еді.

Мал ұрлағаны үшін әдеттегіден қатаң жаза қолданылды. Мал ру-тайпа белгісімен таңбаланды. Малынан және көшу мүмкіндігінен айрылған қауым мүшелері отырықшы тұрғындар (жатақтар) санатына ауысты. Бірақ, егер де оларға жеткілікті мөлшерде қайтадан мал бітетін болса, олар көшпелі шаруашылыққа қайта өте алды. Еш құқығы жоқ топты құлдар құрады. Олардың қатары әскери қақтығыста тұтқынға түскендердің есебінен толығып отырды.

Ұшы-қиыры жоқ зор кеңістікте егін шаруашылығы, қолөнер мен ішінара сауда-саттық, айырбас (бартер) дамыды. Біpaқ, шаруашылықтың бастысы мал шаруашылығы болды. Сонымен қатар егін шаруашылығының да жақсы дамығанын дәлелдейтін ескі заманнан қалған тоғай, арықтар жүйесі кездеседі. Қазба байлықтарды өндіру және өңдеу ісінің де жақсы жолға қойылғанын байқаймыз.

Қыпшақ халқының қалыптасуына ортақ әдеби тілдің пайда болуы үлкен үлес қосты. Орта ғасырдағы қыпшақ тегінің біp арнаға құйылып, үлкен халыққа айналуының қазақ ұлтының дүниеге келуінде маңызы зор болды. XІ-XІІ ғасырларда Шығыс Қыпшақ хандығындағы этникалық үрдістердің дамуы барысында қазақ халқының этникалық негізі қалыптасады.

– Сол кезеңдерде қазақ даласының күнгейінде де жаңа мемлекеттік құрылымдар қанат жайып, өсіп, өшіп жатты ғой...

– Иә, Х ғасырдың ортасына қарай Қарлұқ қағанаты қоғамында мұсылман әлеміне бет бұра бастаған топтар пайда бола бастады. Осылайша жаңа түрік державасының – Қарахан мемлекетінің құрылуына негіз қаланды. Қарахан түріктерінің мұсылмандануы миссионерлердің қысқа мерзімдегі әсерінен емес еді. Бұл исламның түрік қоғамы ортасына біртіндеп ену үрдісінен болған еді. Соның нәтижесінде көне түрік жазуын араб жазуы алмастырды. Қарахан мемлекетінде әскери ру-тайпалық жүйе маңызды әлеуметтік-саяси институт рөлін ойнады. Қағандар өз жақындары мен туыстарына белгілі бір аймақ халықтарынан өз пайдаларына алым-салық жинап тұруға рұқсат берді. Түрік тайпалары жер өңдеу мен қала мәдениетіне белсенді түрде ауыса бастады. Қарахан мемлекеті кезеңіндегі түрік этностарының сана-сезімінің өсуі түрік тілінде мұсылман әдебиетінің пайда болуына алып келді.

ХІ ғасырда Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» поэмасын жазды. Шығармада белгілі бір әлеуметтік топтардың саяси тұжырымдамалары, қоғамдық санасы мен болмысы көрсетілген. 1074 жылы Махмұд Қашғари тарихи-лингвистикалық «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегін аяқтады. Еңбекте түрік халықтарының тілі, этнографиясы, тарихи жағрапиясы, мәдениеті, тарихы бойынша мол мағлұматтар қамтылған. Аса көрнекті ойшыл-кемеңгер, бүкіл мұсылман жұрты әулиелердің сұлтаны деп таныған, Адамзат руханиятында үлкен беделге ие, «Диуан-и Хикмет» атты керемет рухани дүниенің авторы Қожа Ахмет Ясауи дәуірі Дала өркениетінің жаңа кезеңін бастады.

Қараханидтер мен қыпшақтардың қарамағында болған барлық жер XІІІ ғасырдың бірінші жартысында Моңғол империясының құрамына кірді. Моңғолдар қыпшақтың елбөрілі руын және қыпшақ қоғамының әскери әлеуетін жою саясатын жүргізді. Ол Шыңғыс хан әулетіне Дешті Қыпшақ жеріндегі саяси билікті иемденуге мүмкіндік берді.

Алайда, моңғол ақсүйектері келімсектер мен жергілікті халықтар арасындағы бәсекелестікке төтеп бере алмай, біртіндеп түркі-қыпшақ ортасына сіңіп кетті. Аса күшті дамыған түрік мәдениеті үстем түсіп, осыған орай тілдегі, діндегі, жазу, әдет-ғұрып, тұрмыс-салттағы қыпшақтық мәдениет моңғол мәдениетін жеңіп шықты.

Ақ Орда моңғол шапқыншылығынан кейінгі Қазақстан аумағындағы қыпшақтық құрылымға негізделген тұңғыш мемлекет болды. Жергілікті халыққа сіңіп кеткен Шыңғыс ұрпақтарының қолында тек саяси билік қалды. Ақ Орда Қазақ хандығының тұғыры іспетті еді.

Өзара әулеттік қақтығыстар, Әмір Темірдің қазақ жеріне жасаған жорықтары Ақ Орданың құлауына, Әбілқайыр мемлекетінің пайда болуына алып келді. Ақ Орданың, Әбілқайыр хандығының, Ноғай Ордасының және Сібір хандығының бір-бірінен айырмашылығы этникалық компоненттердің сандық көрсеткішінде ғана болды. Мәселен, Ақ Орда мен Әбілқайыр мемлекетіндегі негізгі тайпа – қыпшақтар, Моғолстанда – дулаттар, ал, Ноғай Ордасында – маңғыттар болды. Күрделі этникалық үрдістерде кейбір тайпалар үстемдікке ие болып отырды.

Қалыптасқан қазақ халқының Ақ Орда, Әбілқайыр хандығы, Моғолстан, Ноғай Ордасы мен Сібір хандығы секілді әртүрлі мемлекеттердің құрамында болуы, үздіксіз соғыстар, Шыңғыс ұрпақтарының өзара алауыздығы және сонымен бірге сыртқы қауіптің өсуі жақын этникалық топтар бір мемлекет құрамына бірігуі қажет деген ойдың тууына, ол 1465 жылы Қазақ хандығының құрылуына әкелді. XV ғасырдың аяғына қарай Қазақ хандығының шекарасы кеңейе түсті. Оның құрамына Батыс Жетісу, Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі қалалардың бір бөлігі, Сырдария өзенінің төменгі ағысы, Орталық Қазақстанның біршама аймағы қосылды. XVІ ғасырдың алғашқы отыз жылында қазақтар Шығыс Дешті Қыпшақтың көп жерінде билік жүргізді.

1512-1523 жылдары Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы өзінің күшею шегіне жетті. Қазақ халқының саны бір миллионнан асты. Мәскеумен дипломатиялық қатынастар басталды, Қазақ хандығы туралы батыс елдері біле бастады. Қазақтар туралы австриялық дипломат Сигизмунд Герберштейн жазбалар калдырды. XVІ ғасырда ағылшын көпесі Антони Дженкинсон сызған картада Қазақия территориясы көрсетілді. Ecім ханның заманында (1598-1628 жж.) Оңтүстік Қазақстан мен Сырдария жағасындағы аймақтар үшін болған Қазақ хандығының ұзақ жылдарға созылған күpecі жеңіспен аяқталды. Түркістан шаһары қазақ мемлекетінің құрамында қалды. Қазақтың «Ecім ханның ескі жолы» деген нақыл сөзі де сол заманнан қалды. Қазақтардың «Еңсегей бойлы ер Ecім» деп еске алатын ханы да Қазақ хандығын отыз жыл басқарған Ecім хан еді.

Қасым, Хақназар, Тәуекел, Ecім, Тәуке хандар заманында Қазақ хандығы орталықтанған мемлекет болып өмір сүрді. Орталық Азияда Қазақ хандығы eлeyлі рөл атқарды, өзіндік саясат жүpгізді, мемлекеттің, халықтың біpлігін нығайтты. Мемлекеттің іргесінде қазақ халқы, этникалық территориясы қалыптасты және бірікті, халықтың тұрмыс-тіршілігі, рухани және материалдық мәдениеті дамыды. Бірақ, XІX ғасырда Ресей империясы Қазақстандағы дәстүрлі мемлекеттік билікті түбегейлі жойды...

– Біз 300 жыл деп жазуға құмармыз, әйтпесе шын мәнінде орыс отаршылдығы қазақ даласының батысында 200 жыл, орталығы мен шығысында 170 жыл, ал, күнгейінде 130 жыл ғана салтанат құрып, ақырында тәуелсіздік таңына жол беруге мәжбүр болды емес пе?!

– Қазақ елі – Еуразиядағы Ұлы Дала елі. Қазақтың болмысы – Ұлы Дала елінің арқасында пайда болған болмыс. Сондықтан біз қашанда Ұлы Даламен мақтануымыз, Ұлы Даланы дәріптеуіміз керек. Өз елін танып-білген халық ешқашан да жеңілмейді. Өркениетті тек қана отырықшы қоғаммен байланыстыру дәстүрі кешегі күнге дейін салтанат құрып келді. Өйткені, өркениет жайлы сөз қозғағанда төрт жағдайды ескеруге тура келетін. Ол – мемлекет, ол – қала, ол – жазу-сызу және руханият мәдениеті. Осы төрт сала бар жерде ғана өркениет бар деп саналды. Көшпелі қоғамда өркениет жоқ деп саналды. Неге? Отырықшы халықтар өздерінің заңдылықтарын алып келіп, көшпелі қоғамға салмақ болды. Ал, көшпелі қоғам болмысы ол заңдылықтарға сыймайды, ол – ерекше қоғам! Ол қандай ерекшеліктер? Қайсыбір көшпелі қоғамды алсаңыз да мәдени-шаруашылықтың бірнеше түрін көре аласыз. Әрине, негізгі шаруашылық – мал шаруашылығы, сонымен бірге қала да, кент те, егіншілік те, бәрі болды.

Жалпы, бұл әңгіме қашан басталды? 1951 жылы кеңес археологы Киселев классикалық көшпелі қоғам саналатын Моңғолия жерінде көне қалаларды тапты. Сонда бірден «бұл қаланы қай халық салып кеткен?», «қай халықтың әсерімен бұл қалалар салынған?», «көшпелілерде қала болуы мүмкін емес!» деген дау туды. Киселев пен оны қолдаушылар тағы екі жыл қарқынды жұмыс істеп, соның нәтижесінде «бұл қалалар – көшпелі ғұндардың қалалары екен» деген түйін жасалды. Демек, егіншілік, қала салу – көшпелі қоғамға жат емес, қайта оған тән құбылыс екені анықталды.

Келесі ретте, кешегі алпысыншы жылдардың аяғында Қазақстандағы Есік қорғанынан «алтын адам» табылды. Сонымен бір мезгілде табылған күміс тостаған түбінде ойылып жазылған көне жазу табылды. Бұл қандай жазу? Бұл қай халықтың жазуы? Сақтардікі ме? Олар да көшпелілер ғой! Бір жылғы пікірсайыс нәтижесінде ғылыми қоғам ол жазудың сақтардың жазуы екенін мойындауға мәжбүр болды, жазу-сызудың тек егіншілік бар жерде ғана дамымайтыны анықталды.

Көшпелі қоғамның өзіне тән ерекшеліктері бар екендігі, міне, содан бері айтылып келеді. Оған көңіл бөлінуде. Бұған дейін бәрі керісінше, отырықшы қоғамның көшпелі қоғамға тигізген әсері қандай болғаны ғана айтылып келген еді.

Біздің құндылығымыз – фольклорда!

– Ендеше, аға, көшпелі қоғам мен отырықшы қоғамның қандай айырмашылықтары бар, басты-бастыларын атаңызшы.

– Айырмашылықтар өте күрделі. Мен екеуін ғана атайын. Өндіргіш күштердің дамуы, қандай қоғам болса да, техниканың дамуына байланысты. Әлемде осындай тұрақты ой-пікір қалыптасты. Көшпелі қоғамдағы біздің ата-бабаларымыз ең әуелден биологиялық даму жолына түсті. Малдың тұқымын асылдандырумен, селекциямен айналысты. 9-10-ғасырларда Түркістан өлкесіне келіп кеткен араб саяхатшылары, географтары: «Түркістанның ғажап бір дүниесі – бұл елдің қойлары 4-5 қозы табады, бізде ары барғанда 3 қозы табады» деп жазады. Келесі бір деректе «жатып қалған бордақы қой өздігінен орнынан құйрығын көтеріп тұра алмайды, сондықтан мұндай қойлардың құйрығын қоларбаға салып жүреді» дейді. Ондай семіз қойларды бала кезімде менің өзімнің де көргенім бар... Міне, мал шаруашылығының даму мәдениеті дегеніңіз қайда жатыр! Сақтарды көзімен көргендер оларды жылқы мен қой түлігіне бай деп сипаттаған.

– Көшпелілерде негізгі шаруашылық мал шаруашылығы болғандықтан олар қойдан басқа қандай түліктер өсірді деген сұраққа тоқтала кетейік.

– Жылқы малына келер болсақ, оның қазақ халқының тарихында алар орны айрықша екенін тағы да қайталамай кете алмаймыз. Қытай жылнамаларында мынадай қызық мәліметтер бар. «Алыста жатқан қорғанға ғұндардың мыңдаған әскері төрт жақтан бірдей жақындай бастады. Солтүстіктен жақындап келе жатқан әскердің бәрі бірдей ақбоз атқа мінген, оңтүстіктен келе жатқан әскердің бәрі бірдей қарагер атқа мінген, батыс жақтан келе жатқандар түгелдей күрең атқа, шығыс жақтан жақындап келе жатқандар түгелдей ала атқа мінген» дейді. Сонда он мың, жиырма немесе отыз мың сарбаздың атының бәрі бір түсті болуы, келесі он мың (жиырма, отыз мың) сарбаздың аты түгелдей басқа түсті, осылайша төрт тараптан құйылған аттардың төрт түсті болып келуінің аржағында не деген дамыған жылқы шаруашылығы мәдениеті жатқанын, не деген байлық жатқанын бағамдай беріңіз! Міне, біздің ерекшелігіміз! Бұл – біздің бір айырмашылығымыз ғана! Отырықшы қоғаммен біздің екінші айырмашылығымыздың деңгейі тіпті жер мен көктей!

Отырықшы қоғамда «жер болса ел табылады» деген қағида бар. Көшпелі қоғамда бұл қағида керісінше айтылады: «Ел болса жер табылады» дейді.

– Бір қойдың төлі сойылмаса, сатылмаса он жылда мың басқа жететіні белгілі. Ендеше, малының басы мен жанының басы геометриялық прогрессиямен өсіп жатқан, астында өзгелерде жоқ жылқысы, қолында өзгелерде жоқ темір қаруы бар жауынгер халықтың көсемдері жеріне сыймай жатқан еліне жаңа қоныс іздемегенде не істейді...

– Бұл қағиданың сыртында көшпелі қоғамды осы күнге аман-есен жеткізген ру-тайпалық құрылым тұр. Көшпелі мемлекеттіліктің негізгі ерекшелігі көпшілік жағдайда ру-тайпалық жүйемен тығыз байланысты. Ру-тайпалық жүйе қоғамдық және мемлекеттік дамудың негізгі діңгегіне айналған. Қазақтың болмысы осы ру-тайпалық құрылымда тұр. Кеңес өкіметі кезеңінде «ру-тайпалық жүйе-құрылымнан айрылмай, ажырамай қазақ ұлт болып қалыптаса алмайды» деген ұғым-түсінік қалыптасты. Ол ұғым бүгінгі күнде де бар. Жоқ, олай емес! Ол ұғым кетсе қазақтың аты ғана емес, заты да жоғалады. Ру-тайпалық жүйе – бұл өте күрделі жүйе. Көшпелі қоғамға әбден бейімделген жүйе бұл.

– Сізбен өз басым толық келісемін. Себебі, біз оның ұжым болып, қауым болып өмір сүруге жетелейтін жақсы жағын көрмей, пайдаланбай жүрміз. Ал, жапондар компанияға жұмысқа кірген адамды сол компанияның өле-өлгенше патриоты болуға тәрбиелейді. Жаһандануға жекелеп төтеп бере алмайтын болғандықтан ірі мемлекеттердің өзі неше түрлі ұжымдық ұйымдарға бірігуде!..

– Дұрыс айтасыз! Енді қала мәдениеті деген сұраққа көшейін. Киселев Моңғолиядан көне қалаларды тапты дедік қой. Ол жерде қалалар болса, Ұлы Жібек жолының бойында жатқан біздің елімізде, оның ішінде Жетісуда, Оңтүстік өлкеде, Сыр бойында қалалар болуы заңдылық емес пе?! Сыр бойында оғыздардың, Арыс өзенінің бойында кимек қыпшақтардың, Орталық Қазақстан мен Солтүстік Қазақстанда да нағыз көшпелі қыпшақтардың қалалары болған.

Ал, түптеп келгенде біздің басты байлығымыз – жазу-сызуымызда да емес. Біздің негізі, төл мұрамыз ретінде саналатын, әспеттелетін басты байлығымыз – ауыз әдебиетімізде. Біздің басты құндылығымыз – фольклорда. Ауызекі әдебиет біздің халқымызды мыңдаған жылда қалыптасқан керемет үш жағдайға алып келді. Отырықшы қоғамда олар жоқ. Біріншіден, біздің жадымыздың мықтылығы. Екіншіден, Еуропа мен Ресей жазушылары өз диқандарын сипаттағанда «олар керемет еңбек атқарады, бірақ, әдетте екі сөздің басын құрап айта алмайды» деп талай рет атап көрсетіп кеткен. Ал, сіз біздің кез келген малшымыздан «атыңыз кім?» деп сұраңызшы, ол өз жауабын сонау аңыздан, ертегіден, шежіреден бастайды!.. Шешендік өнер дамыған бізде. Бұл да отырықшы қоғамда жоқ. Міне, қандай ерекшеліктерімізді бетке ұстауымыз, нені айтып мақтануымыз керек біздің!

Үшіншіден, көркем әдебиеттің шыңы – батыста болсын, шығыста болсын – батырлар жыры және лирикалық поэмалар. Отырықшы қоғамда лирикалық поэмалар ондықпен саналады – қырық поэма, ары барса алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан поэма. Қазақта 500, бес жүзден аса батырлық жырлар мен лирикалық поэмалар тағы бар. Міне, руханият қайда жатыр! Байлық қайда жатыр! Біз осы құндылықтарды түп-тамырына дейін қопара зерттеуіміз, соларды мейлінше насихаттауымыз, жеріне жеткізе дәріптеуіміз керек!

Он тоғызыншы ғасырдың өзінде-ақ екі адам қазақтың осы теңдессіз байлығына назар аударды, көңіл бөлді. Олардың біріншісі, әрине, Шоқан Уәлиханов. Өте көп еңбек сіңірді. Бірақ... ешкім жалғастырмады. Екінші адам – академик Бартольд, біздің Орта Азия мен Қазақстанның ғылыми тарихын жазған адам. Біз қазіргі жағдайда, әсіресе, күннен-күнге тапшы болып бара жатқан кадр мәселесіне көңіл бөліп, көшпелі қоғамның ерекшеліктері мен құндылықтарын зерттеуіміз, насихаттауымыз керек..

– Рахмет, аға! Еңбегіңіз жана берсін!

Өмірзақ АҚЖІГІТ

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер