USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Бара жатырмын

Көптен бері көріспеген сыныптастар аяқ астынан сауда дүкендердің бірінде жолығысып қалады. Бұл жолғы әңгімелері қысқа болатынына өкінген олар асықпай отырып шыр шертісейік деп бір күнді белгіледі. Осыдан кейін сағат он бірде жолығысуға уәделесті де өз жолдарымен екі жаққа бет алды.

«Көктемнің жайма шуақ күнінде өткен-кеткенді әңгіме қылған бір ғанибет емес пе? Пенде деген өзі күн жылыса далаға шыққысы келіп тұратыны тағы бар дегендей. Жастық шақты еске алып бір жасарып қалатын болдық қой. Шіркін, қайран кездер-ай!» деп Бердібек ертең сыныптас досы Асхатпен кездесетініне қуанып, бұрынғы жолдасдықтарын бір сәт ой елегінен өткізді. Оның естуінше Асхат жұмысында біраз көтерілген көрінеді. Арадағы айтылмаған әңгіме әлі қаншама десеңізші. Мызғымас достықты сынаптай сырғыған уақыт қана екіге бөліп кеткендей.

Қазіргі уақытта таң ерте ататындықтан сағат жеті-сегіздерде шұғыла күн біршама көтеріліп, жер бетін қыздыра түседі. Бұл күндегі тірлік те адамның көңіл күйін көтереді. Жан-жақты тазалап, ағаштарды тегістеп қиып, гүлзарларға, жол бойына гүлдер егіп көңілге қуаныш ұялатады.

Көрген түстей зымырап өте шыққан қаншама жылдан кейін досымен кездескелі тұрғандықтан Бердібек бүгін үстіне бір киерін киіп, үйінен шыттай боп шығып еді. Жұмысынан сұранған ол он бірлер шамасында уәделескен жерге келіп қойды. Сол жерді айналшықтап біраз жүрді де, қол сағатына көз салды. Саған тура он бірден он бес минут кетіпті. «Мазасын алмайын, келіп қалар» деп сыныптасы Асхатқа қоңырау шалмады.

Еріншек сағат тілі жылжымай тұрған сыңайлы еді, дегенмен арада бірсыпыра уақыт өтіпті. Бердібек шынымен зерігейін деді. Біресе отырды, біресе тұрды, бірде жынды кісілерше осы жерді тағы айналшықтады да телефонын қолға алды. Тыңылдаған бірнеше гудок үнінен кейін: - Алло! – деді Асхат.

Алло, Асхат, қалайсың, құрдас? – деді Бердібек байыпты түрде сұңқылдаған ашық дауысымен.

А-а-а, жақсы, Бәке. Өз жағдайың қалай?

Менікі шүкір. Қашан келесің сені күтіп тұрмын ғой.

Міне, міне бес минуттық қана жұмысым қалды. Сәл ғана күтсең болды барамын. Міне, жұмысым да бітті.

Ә,ә,ә жақсы онда, - деп Бердібек тұтқаны қойды.

Бағанағы ап-ашық аспанға бір шөкім қара бұлт үйіріле қалыпты. Бара-бара түнерген бұлттар да қанатын кеңге жая бастаған. Арты жаңбыр болмаса игі еді. Бердібектің санасын да «жылауық бұлттар көз жасын төкпесе екен» деген мазасыз ой қаумалап алды. Оның бойында әкесіне ұқсаған темірдей шыдамдылық бар еді. Не нәрсеге болаттай берік, төзімді болатын.

Бағанағы азғана тілдескендеріне де жарым сағаттан асыпты. Ол қолындағы қоңыр баулы сағатына тағы бір үңілді, мезгіл түске ауып барады екен. Жүйкесі сыр бере бастаған Бердібектің қабағы қатуланып, ақ құба жүзі түтігіп кетті. Қалта телефонынан Асхатқа тағы бір мәрте қоңырау шалды. Ол телефон тұтқасын лезде көтерді.

Алло, Асхат, келе жатырсың ба? – бұл жолғы Бердібектің дауысы бағанағыдай бір қалыпты емес, шыдамсызданып тұр. – түс болып қалды ғой, жұмыстарың бітті ме? – деді.

Иә, иә, кішкене ғана шыдашы, достым. Біттім, міне, барам, шыққалы тұрмын, Бәке, - деді Асхат.

Жақсы, тезірек кел.

«Қазір жұмыстан шыққан болса бірге тақау бірақ келеді ғой. Жарайды, бұған да көндік. Арқамызды кеңге сап әңгіме-дүкен құрмағанымызға да шапқан аттай болып он бес жылдай уақыт өтіпті ғой» деп Бердібек бұған да төзімділік танытты. Оның жер қозғалмаса қозғалмайтын шыдамдылығына кезінде сыныптастары тәуір-ақ таң-тамаша болысатын.

Көктегі жез табақ күнді қап-қара қалың бұлт басып алған. Сәл ғана қоңыр салқын жел тұрып, ағаштар сыбырласа қалыпты.

Расында, шыдамның да шегі бар-ау. Осы жолы Бердібек ашудан жарылардай болып, бурадай бұлқынды. Сабыры сарқылғаны сонша, шыбын жанын қоярға жер таппай тағы телефонын қолға алды.

Әй, Асеке, сағат деген түскі екі боп қалды. Мен күте-күте шаршадым. Енді мен кеттім, - дегені сол еді Асхат:

Бәке, онда тағы бірде жолығармыз. Менің де жұмыстарым әлі бітпеген еді, - деді судырап. Бердібек тіпті не дерін де білмеді. Домалақ жүзіне мысқыл оралды да, миығынан күліп сайрап жатқан жолдардың бірімен үйіне қарай жол тартты.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады