BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Автобус, аялдама: тиімділігі зор тың жоба

Көзді ашып-жұмғанша қақаған қыс та таянды. Енді қоғамдық көлік күтетін қарақұрым халықтың да қыстың көзі қырауда аялдамадағы қарасы көбейеді. Құдасын сағаттап күтетіндерді қайдам, халық қоғамдық көлікті сарғайғанша сарыла күтуге мәжбүр.

Мәселен, Астананың арқыраған аязы мен бет қарытатын желін әсіресе аялдамада автобус күтіп қалғандар өте жақсы түсінеді. Тіпті, әнебір жылдары әйгілі «Титаник» фильмінің қазақстандық нұсқасына негіз болған аялдамада сағаттап күтіп тоңып қалғандар туралы бейнекөрініс әлеуметтік желіде әбден көрсетілген. Расында аялдамаға жетіп болмайтын Астанадағы автобустар Атлант мұхитының алып кемесін көзге елестеді. Астында көлігі барларға күлкілі болғанымен, қоғамдық көлікке күні қараған қалың жұрттың қайғысы бұл. Себебі, қаһарлы қыста аялдамаға жететін автобустардың аяқ алысы әдеттегіден де баяулап, жұртшылықтың жүйкесін жұқартып жататыны бар. Қоғамдық көліктердің кестеге сай жүрмейтіндігін айтып наразылық білдіретін тұрғындар қарбалас кезде автобусқа сыймай қалудан қорықса, енді бірі ентелей жеткен төрт аяқты тұлпардан тірі шықсам деп шыбын жанын шүберекке түйеді.

Шындығы сол, жыл сайын жыры бітпейтін жолаушы көліктерінің қызмет сапасы сыннан көз ашқан емес. Өйткені, көше бойында жарыс ұйымдастырып, жолаушыларды көкпар қылатын қоғамдық көлік жүргізушілері ақша үшін адам өміріне бей-жай қарайды. Оның дәлелі, аялдамадағы қатарласа келген автобус дабылдатқыштарының дарылы мен жолаушыларға талас. Тартыстың соңы тас жолдағы жарысқа ұласып, жалғасы жазатайым жағдаймен аяқталып жатса да жауаптылардан да жөні түзі жауап алу мүмкін болмай тұр. Салдарынан қазіргі кезде жол бойында жүйткіген жолаушы көліктерімен болатын жол-көлік оқиғалары жиілеп барады. Есте болса, жыл басында Алматыдағы қоғамдық көлікті тізгіндеген жүргізуші Төле би даңғылы мен Өтеген батыр көшесінің қиылысына жүйткимін деп, жолдың ар жағына өтпек болған қызды жоғары жылдамдықпен соғып өткен. Қатты соққыдан жәбірленуші бірнеше метр жерге ұшып, сол жерде тіл тартпай кетті. Осы оқиғадан кейін іле-шала Қызылордада екі қоғамдық көліктің жарысы жол бойында тұрған жолаушыны арғы дүниеге аттандырып жіберген еді. Өкініштісі де осы, автобус тізгініндегілерді тезге салып тәртіпке бағындыру әзірге мүмкін болмай тұр. Әйткенмен, жүргізушілерді жаңалыққа толы тың жоба арқылы тәртіпке бағындырып, ақпараттық жүйемен аңдап бастырудың амалы бар. Жүйенің жетістігі жол бойындағы жазатайым жағдайды қалай азайтуы мүмкін дейміз ғой. Әбден мүмкін. Мәселен, ақпараттық жүйе арқылы аялдамаға аялдап тұрған автобустың қанша уақыт тоқтап-жүргендігі қадағаланады. Спутниктік бақылау құралдары арқылы жұмыс істейтін тиімділігі зор тың жобаны астаналық «KazInterSoft» ЖШС ойлап тапқан. Көлік инфра­құ­рылымын дамытуға, қоғамдық көлік қозғалысы кестесінің қатаң сақталуына, жолаушылар тасымалын жеделдетуге бірден-бір себеп болатын ақылды жүйенің артықшылығын білу үшін жоба жетекшісі Сергей АЛЕКСАНДРОВИЧТІ әңгімеге тартқан едік.

Компанияның ойлап тапқан инновациялық жобасының мақсаты қандай? Қандай ерекшелігі бар?

– «KazInterSoft» компаниясы спутниктік мониторинг нарығында 2002 жылдан бастап жұмыс істеп келеді және осы саладағы мол тәжірибеге ие BusReport қалалық жолаушылар тасымалын жіберу үшін бағдарламалық кешенді құрастырған болатын. Оның құрамына спутниктік мониторинг жүйесі, BusReport талдамалық жүйесі және InfoBus.kz ақпараттық порталы кіреді. Біздің бұл кешенді дамытудағы мақсатымыз – тұрақты қалалық және қалааралық жолаушылар тасымалы саласында қызмет көрсету сапасын арттыру болатын. Қазіргі бағдарламалық қамтамасыз ету қызметі елімізде ғана емес, сондай-ақ Ресей аумағында алынған авторлық патентпен расталады.

– GPS-трекері мен «Infobus» бағдарламасын кеңінен түсіндіріп берсеңіз, қолданысқа енгізілгелі қанша жыл болды және қазіргі күні қандай қалаларда жүзеге асырылған?

GPS трекер – объектінің ағымдағы орналасуының географиялық координаттарын анықтауға арналған құрылғы. Автобустарда орнатылған GPS трекерлер олардың орналасқан жері туралы ақпаратты Infobus.kz серверіне жібереді. Infobus.kz сервері автобустардың деректерінен басқа, жолаушыларға орын туралы, тоқтауға келудің болжамды уақыты және маршруттарды іздеу мүмкіндігі туралы онлайн ақпаратын беретін қалалық диспетчерлік жүйенің бағыттары бойынша автобустардың таратылуы туралы ақпарат алады. InfoBus.kz сервисі http://infobus.kz веб-порталында бар, сондай-ақ, PlayMarket және AppStore-ден мобильді құрылғыларға қосымшаны жүктеуге мүмкіндік бар. Және айтпағым, Infobus.kz – қала тұрғындары үшін тегін. «Инфобус» жобасы 2013 жылы өз жұмысын бастады және республикамыздың 10 қаласында: Көкшетау, Петропавл, Семей, Ақтау, Орал, Талдықорған, Қостанай, Қарағанды, Щучье, Қызылорда, сондай-ақ BusReport бағдарламалық кешені Қазақстаннан тыс жерлерде де жүріп жатыр. Кременчука, сондай-ақ Ресей Федерациясының Апати-Кировск қаласында да бар.

– Бұл жобаны қолға алудың қандай себебі болды? Тиімділігі неде? Елдің экономикасы мен халықтың игілігіне қаншалықты пайдасы тиіп отыр?

Қазір көліктің спутниктік мониторингі жаңалық емес, оның стандартты мүмкіндіктері автобус парктерінің және жергілікті реттеуші органдардың барлық талаптарына және қажеттіліктеріне сай келмейді. Ал KazInterSoft әзірлеген BusReport бағдарламасы және InfoBus.kz ақпараттық порталы автобус паркін басқару процесін автоматтандыруға мүмкіндік береді, диспетчерлерге, флотты басқаруға және барлық басқару органдарына онлайн режімінде заманауи ақпаратты ұсынады. Жүйені енгізу арқылы елді экономикалық, экологиялық және әлеуметтік тұрғыдан да алға бастарымыз анық. Мысалы, GPS құрылғыларының автобустарда пайдалануы көлік құралдарын дұрыс пайдаланбауды азайтуы мүмкін, бұл атмосфераға шығарылған газдардың шығарындыларының мөлшерін айтарлықтай азайтады деген сөз. Астанадағы бір ғана автобус паркінің берген мәліметіне сүйенсек, GPS-құрылғылардың енгізілуі күн сайын 1 тонна дизель отынын үнемдеуге әкелген. Сондай-ақ, жылдамдықты шектеуді бақылау жолаушылар мен жүргізушілердің қауіпсіздігін жоғарылатуына мүмкіндік береді, автобустың ғана емес, барлық жол пайдаланушылардың қауіпсіздігін арттырады.

Біздің жобамыздың әлеуметтік маңызы әрқашан бірінші кезекте, ең алдымен қауіпсіздікте, қоғамдық көлікте жолаушыны пайдаланудың ыңғайлылығы мен хабардар болуында көрініс табуы керек. Яғни, соңғы ақпаратқа қол жеткізе алатын жолаушы өзінің сапарын болжамдап қана қоймай, уақытын тиімді жұмсауға және денсаулықты сақтап, сапарының сәтті болуына жоспарлай алады деген сөз. Әсіресе қыста автобусты ұзақ күтіп жатамыз. Ал BusReport және InfoBus программалық кешені арқылы әзірленген ақпарат арқылы жолаушылар қаладағы көлік желісіне жүктемені төмендете отырып, жеке көлікке емес, жолаушы көлігіне таңдау жасайды. Қазір астаналықтардың қыстың көзі қырауда аялдамаларда тоңып тұратыны рас. Кейбір автобустардың жүру аралығында ұзақтық бар, демек, тұрғындардың сағаттап аялдамаларда тосып тұратыны шындық. Оның соңы өзіңіз айтпақшы, уақытынан кешіккен жолаушы көліктерінің жүргізушілерін жарысқа итермелеп, арты адам өліміне ұласатын апатқа алып келеді.

– «Ақылды қала» атанып отырған Астанада бұл жобаның жүзеге асу жағы қалай?

- Астана және Алматы қалаларында қоғамдық көлік мәселелері бойынша қадағалаушы ұйымдар «Астана-ЛРТ» ЖШС және «Алматы қаласының көліктік холдингі» ЖШС екенін білесіздер. Қазіргі кезде біз бұл ұйымдарға шешім қабылдау үшін BusReport бағдарламалық кешенін іске асыру бойынша ұсыныстар жібердік.

Алдағы уақытта компания қандай тың жоба әкелмек, қандай жоспарларыңыз бар? Қоғамдық көліктің қозғалысын жақсартуда автоматтандырылған инновациялық жүйенің болашақта өзгеріске ұшырауы мүмкін бе?

KazInterSoft компаниясында білікті әзірлеуші команда жұмыс жасайды. Сондықтан біздің жобаларымыз үнемі дамып келеді және біздің клиенттеріміздің тілектеріне негізделген. Оның бірі, көп ұзамай infobus.kz қалааралық автобустарда жұмыс жасайтын болады.

«Біздің еңбегіміз ел экономикасына елеулі үлес қосса, еңбегіміздің еш кетпегені» дейді компания мамандары. Расында жергілікті билік үшін де, бұқара халық пен тасымалдаушы тарап үшін де жаңа интеллектуалды жүйенің берер пайдасы зор. Жаңа жүйенің жұмысы жолға қойылса, жүргізушілер мен жолаушылар арасындағы даудың бір сәтте шешілетіндігіне шүбә жоқ. Бұл дегеніңіз аялдамаға баяу жететін жолаушы көліктері азайып, автобусты сағаттап сарыла күтетіндердің қарасы да аяқталар күннің алыс еместігін аңғартқандай.

Жадыра МҮСІЛІМ


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер