BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

АУЫЛДАН АЛҒЫС АРҚАЛАП ҚАЙТТЫҚ


Менің бір әдетім бар. Үлкен істерді қолға алған кезде туған ауылыма тартамын. Алғашқы кітабым жарыққа шығарда сүйттім. Бұл жолғы жорығым мынау еді. Қарашаның қара суығында сатира майданында мылтық ұстап жүргеніме биыл тура 20 жыл толады. Театр әртістерін ертіп Шалқар ауданы, Жылтыр селосынан бір шықтым. Ауылдың төбесі көрінген кезде Жылтырдың алтындай жалтыраған құмдары мені күтіп жатқандай сезіндім. Бірақ, жылтырағанның бәрі алтын емес. Осы құмда балалық шағымның іздері қалды. Әрине, қазір көрінбейді. Ауылдан көшкелі қай заман? Мақсатым театрдың ұлы тойының алдында елден қаражат емес, бата алып қайту. Ең алдымен ауыл шетіндегі қорымға тоқтадық. Өлі риза болмай тірі қайдан байысын?...Осында жатқан бауырыма, әжеме және барлық өлі-әруақтарға құран бағыштадық.
Алыстан сәлем беруге өнерлі жігіттер келе жатыр дегенді естіген ауыл әкімі Қаржаубай Айтжанұлы Қалжан алдымыздан шығып жылы қарсы алды. Тоңып келе жатқан әртістерміз жадырап кетті. Кабинетіне шақырып өңір туралы айтты. Жылтырым шыныменде өзгеріп кетіпті. Алдымнан шыққан ауыл тұрғындарының жүздері жайдарлы көрінді. Сүйтсек, мұнда әр-бір үйге газ, су құбырлары тартылыпты. Бұрыңғыдай көмір жағып күл шығармайды. Қаланың тұрғындарындай күй кешіп жатыр. Бәсе, мәдениет үйінің директоры құрдасым Алпысбай ағарып, маңдайы жарқырап кетіпті. Әншейінде күйе-күйе болып жүретін бір жеңгем, голливудтың актрисасы сияқты құлпырып жүр. Алпысбай бір қойды сойып түскі асқа шақырды. Жусан жеген қойдың еті басқаша ғой. Әртістер әп-сәтте ет табақтың түбін жалтыратты.
-Еттің дәмін-ай-деп, ардагер әртісіміз Берік Нұрмағанбетов ыстық сорпаны сіміріп отыр. Бекбол тісін шұқып, Құралбек сүйек мүжіп, Қазихан бармаған жалап жатыр..
Түскі астан шығып мектепке бардық. Мектеп директоры Медет Мәуленұлы Купесов бізбен кездесу ұйымдастырды. Оқушылар мен ұстаздар көкейлерінде жүрген түрлі сұрақтарға жауап алды. Бір оқушы былай деді:
-Нұрлыбек аға, сіз жоғарғы класта алгебра, химия сабақтарын қалай оқыдыңыз?-деді.
-Жақсы оқыдым, төрт пен беске –дедім. Шынымды айтсам есімде жоқ. Бір кезде оқушылар күлді. Сүйтсем, олар сол кездегі баға қоятын журналды әкеліп көрсетті. Жаңағы айтқан пәндерден «үш» деген баға толып тұр. Ай, бір рахаттанып күлдік. Бұрын осы мектепте дәріс берген ұстаздарымды жолықтырып мәз болдым. Әттең, білім ұясына қайтып қона алмайсың...
Кездесу аяқталған бойда мәдениет үйіне тарттық. Баяғы тау-тау болып үйілген құмдар көзіме оттай басылды. Арамызда құм көрмеген әртістер жерге жатып аунап жатыр.
-Бұл қалай, үстімізге түк шаң жұқпайды?-дейді Диас деген әнші бала таңырқап. Жылтыр құмының қасиетін айтып жеткізе алмайсың. Талай төбеден секіргенде мамықтай тосып алады. Сүрініп кетсең, еш жеріңе дақ түспейді. Кеш салқындағанда аяғыңды құмға тығып жіберсең жып-жылы көрпе бола салады. Ал, қу тақырға құлап көрші, сүйектерің жарылып сынып кетеді. Құмның құдыретін құмда өскендер біледі...
Айтпақшы, концертіміз су тегін. Төрт жүз шақырымдай жерден арнайы келіп, менің шашбауымды көтеріп жүрген ұжымдастарыма басымды иемін. Әр кез қолдап жүреді. Үлкендері ақылшы, жастары қосшы. Ауызбіршілік деген міне осы.
Мәдениет үйіне ауылдастарым толып кетіпті. Көптен көрмеген жерлестерімді жолықтырып сағынышымды бастым. «Екі Езу» сатира театрының жаңа бағдарламасы жақсы өтті. Күлкіге көмілген көрермендер алғыстарын жаудырды. Баталарын берді. Мен ең маңызды керегімді алдым. Кешке «Сары Батақұлы» атындағы Шалқар мәдениет үйінде концерт бердік. Халық мұнда да ризашылығын білдірді. Осы кездесуге мұрындық болған Шалқар аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Алмас Сүлейменовке театр атынан, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония ұжымы атынан қапшық-қапшық алғысымызды айтамыз. Мәдениеттің биік тұғырына көтеріле бер!
Нұрлыбек Жұбатқан
ҚР Мәдениет қайраткері


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер