USD 336.23 EUR 360.3 RUB 5.28
Астана:

АҚЫЛ МЕН СЕЗІМ СЕКІЛДІ

Мен – ойдың, сен – сезімнің адамысың,
Матырған Махаббатқа қалам ұшын.
Ып-ыстық сезіміңді нөсерлетіп,
Жаным-ау, жүрегімді жарамсың?!

Мен кейде қыстыгүні қайыңдаймын,
Не ыстық, не суықты айырмаймын.
Сен мені ойламайсың, сағынасың,
Мен сені ойлай берем, сағынбаймын...

Сен əлі алыстасың, алыстасың,
Ғашықтық ғаламында – ғарыштасың.
Сені ойлап, сезімді ойлап, сенделемін
Ұрғандай ұр да жық жел қамыс басын.

Екеуміз екі жақта қаламыз ба,
Айтамыз нендей арыз Алламызға?!
Біріміз бірімізге жете алмаймыз,
Бір ғасыр жатқан сынды арамызда.

Сен – қыз боп, мен – жігіт боп қала тұрсақ,
Қайда əлгі... жұлдыз жерге жауатын шақ?!
Көлеңкең болсам дағы, арманым жоқ,
Екеуміз бір адам боп жаратылсақ...

Мақшарда Махаббатым мақұлданар,
Ойлауға осылай деп хақым да бар.
...Бір күні көңіліңнен Сезім көшер,
Мен құсап жалғызсырап Ақыл қалар...

Авторы: Алмас Темірбай

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады