BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.98 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 428.7 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.64
Астана:

Мұхтар ШЕРІМ. Бүгінгі сатира. ЖАҒЫМПАЗДАР ЖАСАСЫН!

–Шіренгеніңізді көргім келеді, сіздің жолыңызда жеті минөт өлгім келеді!
–Басыңызда қалпақ, бетіңіз берекелі жалпақ! Сіз нағыз бастыққа ұқсайсыз!

Айым оңымнан туып, жүргенде қызмет қуып, бір күні «Жапырып жей сал!» департаментінің бастығы болып шыға келдім! Сол екен, әлдекім суретімді әлеуметтік желіге жабыстыра салып еді, жағымпаздар жамырай пікірлерін жаудырды. Өзім ұялып кеттім. Міне, оқыңыз:
–Қызметіңіз құтты болсын, оның шегесі мықты болсын!
–Дәке, Айға ұшып кетіңіз, аяғыздан тартқандарға құсып кетіңіз!
–Сіздің бастық болғаныңызға шын шүректен қуанамын деп, ауырып қалдым!
–Сіз өсетін баласыз, керек болса, Астанаға көшетін баласыз!
–Аяғыңыздың талтайғаны құтты болсын!
–Шіренгеніңізді көргім келеді, сіздің жолыңызда жеті минөт өлгім келеді!
–Басыңызда қалпақ, бетіңіз берекелі жалпақ! Сіз нағыз бастыққа ұқсайсыз!
–Еңбегіңіз лапылдап жана берсін, дұшпандарыңыз арпылдап, артыңызда қала берсін!
–Сізге сенім артамыз, міне біздің батамыз: Қызметің бұдан да үлкейіп, кит болсын, көре алмағандар кішірейіп, бит болсын» Әумин!
–Дәке! Сізді түсімде көріп, туфлиіңізді тазалап жатырмын, кешіріңіз, бетіңіз¬ден сүйіп, мазалап жатырмын!
Күндердің күнінде қызметтен босап қалдым. Маған басқа қызмет те бұйырмады. Баяғы жанашырларым да, есебі жоқ достарым да, тіпті туыстарым да тарақан болып кетті. Тым–тырақай қашып... Біреу суретімді әлеуметтк желіге салып, астына пікірлерін жазып қойыпты:
–Сауап болыпты, басыңа бөдене қоныпты!
–Қыметтен мұрттай ұшып түскеніңіз, соған қайғырып, арақ ішкеніңіз құтты болсын!
–Иттің баласы! Айға ұшпай–ақ, жерді жетістіріп алшы!
–Сіздің орныңыздан омақаса құлағаныңызды естіп, ауруымнан жазылып кеттім!
–Басыңызда батпақ, бетіңізде шимай–шатпақ! Нағыз жексұрынға ұқсайсыз!
–Сізге сенім артпаймыз, айтқанымыздан қайтпаймыз, міне теріс батам: «Есек едің, есек бол, қысқасы ешак, ешек бол! Әумин!»
О, жағымпаздарым менің! Жаса, жағымпаздар!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер