BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Үндістан Ресейден күдерін үзді

Фото: Тоқтар Әубәкіров МиГ-29К ұшағының сынағы кезінде

Үндістан өз әскери-теңіз күштеріне ресейлік палубалық жойғыш ұшақтарды 2004 жылдан бастап сатып ала бастаған. Содан бері МиГ-29К және МиГ-29КУБ - үнді теңіз авиатасымалдаушы флотында соққы беруге арналған жалғыз ұшақтар болып кеткен.

Ұшақтардағы ақаулар мен инженерлік қателер үнділік әскерилерді о бастан әбігерге салған. Бірақ үнділер Ресеймен сол ұшақтарды жөндеп тұратын серіктес компания ашуға үміттенген болатын. Алайда Ресей өз технологияларын жасырын ұстау және жөндеуде ақылы қызмет көрсету үшін серіктестік құрудан бас тартқан. Оның үстіне, Ресеймен болған 2,2 млрд долларлық келісімде ұшақтарды жөндеу және күту мәселесі қарастырылмаған екен.

Сол уақытта, ресейлік ұшақтардың проблемалары бірінен соң бірі шыға берді. Ақыры 2016 жылы әскери тақырыптағы белді сайттарда ресейлік ұшақтардың ұрыс жүргізбек түгілі, ұшып-қонуға да жарамайтыны туралы мәлімет тарады. Айталық Defence News, ұшақтардың кемеде ұшып-қонуын - «авиакатастрофа» деп атаған.Үнділерді, өздерінің басты «Викрамадитья» (ол да - 1982 жылы шыққан советтік «Адмирал Горшков» кемесі) авиатасымал кемесінде ондай тәуекелдердің болуы алаңдатып жүрді.

Жақында, тағы да сол Defense News сайты, үнділердің ресейлік ұшақтарды кәдеге жаратудан біржола күдер үзгені туралы жариялады. Сәйкесінше, Үндістан МиГ-29К ұшағынан толықтай бас тартады.

Бұған қоса, Үндістан әскерінің ұшақ операторы HAL (Hindustan Aeronautics Limited) компаниясын аудиторлық тексеру ресейлік ұшақтарды сатып алу кезінде ережелердің бұзылғанын анықтаған.

Ресейлік осы ұшақтардың сапасыздығы жанама түрде де расталды. Өткен жылдың қараша айында Сириядағы әскери операция кезінде бір ұшақ палубаға жете алмай, суға құлады. Тағы да бір ұшақ тежегіш тростың үзілуінен палубада тоқтамай, суға күмп берді.

Енді үнді үкіметі бұл ахуал жөнінде есеп жасап, жариялап отыр.

Онда келтірілген мәліметтер:

1. Ұшақтардың қажеті үшін алынған 65 дана РД-33 МК моторларының 42-сі - жарамсыз;

2. Электр басқару жүйесінің сенімділігі 3,5 - 7,5%, яғни өте төмен;

3. Жаттығуға арналған симуляторлар дайындық жасауға тіпті келмейді, нақты әскери тапсырманы орындауға жарамсыз.

Үндістанда мұндай 45 ұшақ бар. Милитаристік ресурстар үнділер ұшақтарды енді Ресейден басқа елдерден алуды шешкенін хабарлайды. Оның бір себебі - Үндістан аймақтағы қуатты бәсекелестері Қытай мен Пәкістаннан қалмауға тырысады.

Ақпарат үшін:

МиГ-29К ұшағын кемеге қондырып-ұшырып сынақтан өткізген - тұңғыш қазақ ғарышкері, Совет Одағының батыры Тоқтар Әубәкіров. Ол ресейлік ТАСС агенттігіне берген сұхбатында ұшақты «басқаруға икемдіктің үлгісі» деген.

BAQ-Әлемпресс


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер