BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.3 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

The Independent: Трамп дипломатия өнерін қалай өлтірді?

Фото: ашық дереккөзден

BAQ.KZ – Әлемпресс. Соңғы кездері Дональд Трамп жауларына махаббатпен, ал жақтастарына жек көрушілікпен қарай бастады. Дегенмен, АҚШ президенті сыртқы істерге қатысты түсініксіз тәсілдерін өзгертуі мүмкін бе? Әлде әлем оның бұл қылықтарына бейімделуі керек пе? The Independent басылымының авторы Ким Сенгупта осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көріпті.

АҚШ президенті Солтүстік Корея басшысына «ғашық» екен. Тіпті, Дональд Трамп – Ким Чен Ынмен келесі кездесуін асыға күтіп жүрген көрінеді. «Басында біздің қарым-қатынасымыз шиеленіске толы еді. Бірақ біз бір бірімізге ғашық болдық. Ол маған керемет хаттар жазды. Солтүстік Кореямен керемет қатынасқа көштік» деді, өткен аптада Батыс Вирджинияда көпшілік алдында сөйлеген Дональд Трамп.

Дәл сол кездесу барысында АҚШ президенті аудиторияға: «Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 73-сессиясында сөйлеген сөзімнен кейін әлем көшбасшылары АҚШ-ты қайта сыйлай бастады» деді.

Оның бұл сөздері Дональд әлемінің ақылға қонбайтынын ғана емес, саясаты әлемдегі ең қуатты саналатын мемлекет дипломатиясының өзгере бастағанын көрсетті. Бұған әсіресе, тарихты білмейтін, қазіргі оқиғаларды жетік түсіне бермейтін адамның әсер еткені айтпаса да түсінікті. Себебі әлемдік форумда көпшілік алдында күлкіге қалуды – асыйластық белгісі деп атау қаншалықты қисынды? Айта кету керек, БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде Дональд Трамп екі жылдың ішінде өзіне дейінгі президенттер атқара алмаған істерге қол жеткізгенін айтқан еді. Аудитория оның бұдан басқа да қисынсыз сөздерін күлкімен қабылдады. Ал Дональд Трамп болса, олар Трампты күлкіге айналдырмағанын, керісінше, онымен бірге күлгенін айтты. БҰҰ-да болған бұл оқиға содан бері дипломатиялық ортада кеңінен талқыланып жатыр. Американың ешбір президенті халықаралық көшбасшылар жиынында ешқашан күлкіге қалмаған еді.

Әрине, Біріккен Ұлттар Ұйымында көптеген жылдар бойы драмаға толы сәттер болды. 1960 жылы Никита Хрущев аяқ киімімен трибунаны ұрды (қазірде бұл оқиғаның дәл осылай болғанына күмән бар – BAQ.KZ). Дәл сол жылы Фидель Кастро төрт жарым сағат бойы Американы сынады. 2006 жылы Уго Чавес кіші Джордж Бушты «әзәзіл» деп атады. 1974 жылы Ясир Арафат бір қолына қару, бір қолына зәйтүн бұтағын ұстап келгенін айтты. Ал тоғыз жыл бұрын Муаммар Каддафи БҰҰ жарғысын жыртып тастады. Бірақ өткен аптадағы ашық келеке мен жек көрушілікті бұрын соңды ешкім көрген емес. Ол кезде Дональд Трамптың: «Менің әкімшілігім екі жылдың ішінде біздің мемлекетіміздің тарихында басқа президент әкімшіліктерінен де көп нәрсеге қол жеткізді» деген сөздерінен соң аудитория күліп жіберген еді. Бұл реакция Вашингтон, Линкольн, Рузвельт, Кеннеди мен Рейган және басқаларына қарағанда Трамптың Американың табысты басшысы болғанына емес, екі жыл ішінде өзінің абырой-беделін түсіріп алғанына қатысты жауап еді.

Бұл оқиға барлық жаңалықтар қызметінде де, әлеуметтік желілерде де кең тарап кеткені сонша, Трамптың командасы ұялғаннан не істерін білмеді. Ал Американың Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұрақты өкілі Никки Хейли тіпті, делегаттарға Трамптың ашықтығы ұнаған соң олардың күлкіге ерік бергенін айтты. Ақ үйдің осы және басқа да «түсіндірмелері» халықтың көңілін бір көтеріп тастады. Дегенмен, бұл дипломатиялық этикетке жатпайтын, дөрекі әрі орынсыз әрекет болғаны анық еді.

Дональд Трамп президенттік кампания кезінде «Әлем Американы күлкіге айналдырды» деген еді. Сол сөзіне сенсек, Дональд Трамптың БҰҰ сессиясындағы әрекеті оның өзін ашуландырар еді. АҚШ президентінің өз мемлекетін күлкіге қалдырғаны ақылға сыя ма? Дегенмен, бұл әрекеттердің барлығы – Трамп президенттікке келгелі бері болған өзгерістердің бір көрінісі ғана.

Дипломатия дегеніміз – «адамдармен сезімтал әрі әдепті тәсілдермен қарым-қатынас орнату өнері»; «Халықтар арасында келіссөздер жүргізу тәжірибесі»; «Өшпенділік туғызбай халықаралық істерді шешу қабілеті». Басқаша айтсақ, «әдептілік» пен «түсінік» деген сөздер – дипломатияның синонимі. Ал антонимі – «епсіздік», «сезімсіздік», «әдемсіздік». Дональд Трамп бұл критерийлер қатарында қайсысына сай келетінін көпшілік айтпаса да біліп отыр.

Трамп қарапайым дипломатиялық тәжірибеге мән бермегенімен қоймай, өзінің түрлі твиттері мен баспасөз конференцияларында айтқан сөздері арқылы халықаралық қатынастарда агрессияға толы атмосфера туғызды. Мысалы, Трамп өзінің алғашқы сондай пікірлерінің бірінде Еуроодақ пен НАТО туралы жағымсыз пікірлерді жаудырды. Бірақ еуропалық көшбасшылар оның тіл тигізуіне түсіністікпен қарап, сыйластық білдірді, әрі қоғамдық ортада ешқандай ерсі жауап қатпады. Кейін көпшілігі президент өзінің міндетіне толығымен кіріскен кезде барлығы өзгереді, ал оның әкімшілігіндегі жақтастары оған дұрыс кеңес беріп, дұрыс бағыт нұсқап отырады деп ойлады. Дегенмен, ештеңе өзгермеді. G7 және НАТО жиындарында бұрын АҚШ президенттеріне көп назар аударылатын еді. Ал қазір еуропалықтар өзара кездесіп, Трамп камера алдында қалып қояды.

Басында Дональд Трамп көпшілік алдында басқаларға жала жаба бастады. Баспасөз конференцияларында шетелдік көшбасшылар, тіпті, оған сұрақ қоюдан қашқақтайтын болды. Дегенмен, қазір Трамптың айтқандарын жоққа шығару процесі басталып кетті. Мысалы, шілде айындағы саммитте Трамптың НАТО-ға мүше мемлекеттердің қорғаныс саласына көп қаржы бөлмейтіні туралы сөздерін жоққа шығару үшін басшылар кезекке тұра бастаған еді. Сонымен қатар ол кезде Дональд Трамп альянстың бас хатшысы Йенс Столтенбергпен кездесу барысында Германия толығымен Ресейге тәуелді екенін айтып, өз кезегінде неміс үкіметі бұл сөзді де жоққа шығарған болатын.

Өткен аптада Дональд Трамп БҰҰ энергияға көзқарасы туралы да пікір білдірді. Сол кезде камера неміс делегациясын көрсетті. Жалпы, аудиториядағылардың ешқайсысы алаңдаушылық білдіріп, ашуланбады. Оның орнына барлығы жымиып отырды. Себебі олар Трамптың айтып жатқандарын тоқтата алмайтынын, бірақ ол айтылғандардың ешқайсысы байыпты түрде қабылданбайтынын білді.

Бұл Дональд Трамптың БҰҰ Бас ассамблеясындағы екінші сөзі еді. Бір айта кетерлігі, оның бұл сөзі Америка мен жаһандануға қатысты айтылған біріншісінен еш ерекшеленбеді. Дегенмен, Трамптың жауларының тізімі өзгергені байқалды. Өткен жылы Дональд Трамп Ким Чен Ынға АҚШ Солтүстік Кореяны жоқ қылатынын айтып ескерту жасаған еді. Ал осы жолы Трамп Кимді «бейбітшілік пен достыққа алғаш қадам басқан ерлігі үшін» мақтап та үлгерді.

Бұл жолы Трамп Иранға қарсы шықты. Ол халықаралық державалар – Ұлыбритания, Франция, Германия, Ресей мен Қытай он жыл бойы қол жеткізуге тырысқан Иранмен жасалған ядролық арсенал туралы келісімнен шығып кетті. Оның ендігі мақсаты – санкцилар арқылы мемлекеттің экономикасына нұқсан келтіру.

Бір сөзбен айтқанда, хаос басталды. Ұлыбритани Солсберидегі шабуылдағы Ресейдің рөлін анықтау үшін химиялық және биологиялық қаруды талқылауды сұрады. Бірақ оның орнына Дональд Трамп бар назар Иранға аударылатынын айтты. БҰҰ өкілдері бұл шешімнен кейін Иран президентінің де сөлеу керектігін ескертті. Ал америкалық дипломаттар бұл қиындық туғызатынын, себебі Хасан Рухани аудитория алдында ядролық келісім туралы Трамппен оп-оңай сөз таластыра алатынын білді. Сондықтан да болар, Ақ үй жаппай қырып-жоятын қару туралы талқылаған жөн деп шешті.

Трамп Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездесіп, сессияға жарты сағат кешігіп келді. Ол Иранды сынады, ал Қауіпсіздік Кеңесінің 14 мүшесі ядролық келісімді сақтап қалуға шақырды.

Президент Рухани өз сөзінде журналистерге: «Дональд Трампты ешкім қолдамады. Осылайша Америка тарихи және саяси позицияда жалғыз қалды», деді.

Одан кейін Дональд Трамп еш дәлелсіз Қытаймен сауда соғысы туралы сөйлей бастады. Нью-Йорктегі жағдай Дональд Трамптың халықаралық қатынастарға деген амалдарының дәйексіз айып, тіл тигізу мен қарама-қайшы хабарламаларға негізделгенін көрсетті.

Америкалық дипломаттар Дональд Трамптың әрекеттеріне шағымданып жатыр. Дегенмен, АҚШ президентінің істері басқа мемлекеттердің дипломатиялық белсенділігіне анағұрлым жақсы әсер етіп, жетістіктерге итермеледі. Мысалы, Солтүстік Корея президенті Трампты толығымен мақтау оны даттап қарым-қатынас орнатқаннан да тиімдірек екенін түсінді.

Сингапурдегі кездесу тарихи жағдай саналады. Себебі бұған дейін АҚШ-тың ешбір президенті Солтүстік Америка басшыларымен кездеспеген еді. Трамп та бұл кездесуді мемлекеттік басқару үшін үлкен табыс деп бағалады. Бірақ, шын мәнінде, Солтүстік Корея ядролық арсеналын демонтаждау үшін әлі ештеңе істемеді әрі істемейтінін де айтты. Дәл қазір ядролық сынақтар тоқтатылды. Бірақ Пхеньян бұл уақытша әрекет екенін де жеткізді. Солтүстік Кореядағы америкалық азаматтардың босатылғаны рас. БІрақ Ким Чен Ын өзінің ең негізгі мақсаттарының біріне, АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен әскери жаттығуларының тоқтатылуына қол жеткізді. Бұл ретте Ким Чен Ын әкесі мен атасы істей алмағанды істегені үшін құттықтауға лайық: ол ядролық қаруын сақтап қалды; Вашингтон мен Сеул арасындағы әскери одақты әлсіретті; АҚШ-тың халықаралық мойындауына, тіпті, америкалық президенттің махаббатына бөленді.

Бүгінгі таңда Американың нөмірі бірінші жауы ретінде Солтүстік Кореяның орнын Иран алмастырды. Еуроодақ, Иран, Қытай мен Ресей АҚШ санкцияларына қарсы жоспар да жасады. Олар қаржы бөліп, Иран экономикасына көмектесу туралы келісті. Еуроодақтың сыртқы саясат басқармасының басшысы Федерика Могерини БҰҰ Бас ассамблеясында сөз сөйлеп, Иранның келісімнен шықпауын сұрады. Сондай-ақ қаржылық бағдарлама Иран экспортына қатысты төлемдерді ақтайтынын айтты.

Ал Американың Иранның Батысқа апаратын жолын жауып тастағанын көрген олар қазір шығысқа қарай бет бұрды. Себебі бүгінде Тегеран, Бейжің мен Мәскеу арасындағы дипломатиялық және экономикалық байланыстар артып келеді. Әсіресе, бұл жолда Қытай негізгі басымдықты өз қолына алуға тырысуы мүмкін. Себебі Қытай жақында Ирандағы 3,8 млрд АҚШ доллары тұратын газ кен орнын алуы мүмкін деген болжамдар бар. Ал Еуразиялық экономикалық одақ жақында Иранмен жүздеген тауарға тарифті азайту және еркін сауда аймағына айналу туралы келісімге қол қойды.

Жалпы, Трамптың арқасында Иранның ядролық келісімінің жүзеге аспағанын қалаған Сауд Арабиясы мен Израильдің де жетістікке жету мүмкіндіктері артты. Израиль ішінде расымен келісімге қарсы оппозиция орнап, әскерилер де, саясаткерлер де қарсылық білдірген еді. Олардың ойынша, Тегеран Ирактың ядролық арсеналды алуына қарсы тиімді қорғаныс болып отыр.

Дегенмен, Израиль Трампты қолдап, ара-тұра қаржыландыру көзін ұсынып отырады. Әсіресе Трампқа көп қолдау көрсеткен миллиардерлер , Шелдон Адельсон мен Бернард Маркус та Иран келісімінің жүзеге аспауын тілеген еді. Дегенмен, америкалықтардың үштен екісі қолдағанымен, Трамп Иран келісімін үзді.

Дональд Трамп президент тағына отырғаннан кейін алғашқы шетелдік сапарын Парсы шығанағына жасады. Ол кезде қару сату мақсатына басымдық берілгені ашық түрде айтылды. Эр-Риядтағы кездесулер кезінде де АҚШ президенті қару сату туралы жиі айтты. Еуроодақ, БҰҰ мен америкалық дипломаттар Трампты Иран келісімін жалғастыруға көндіре алар еді. Дегенмен, уақыт өте келе оның өз шешімінен бас тартпайтынына көз жетті. Иран келісімінен бас тартуға Сауд Арабиясының қару сатуы да әсер етпеді деп айта алмаймыз.

«Сауд Арабиясы – өте бай мемлекет және олар сол байлықтарының бір бөлігін, нақтырақ айтар болсақ, үздік әскери техникасын АҚШ-пен бөліспек», деді Дональд Трамп жыл басында Сауд Арабия ханзадасымен кездесу барысында.

Америкалық дипломаттар президенттің қандай жағдайда болмасын толық картинаны көрмейтініне жиі шағымданады. Дегенмен, ол өз қызметінде отырғанда және саясатты бақылау мүмкіндігіне ие кезде өзімен келіспейтін кеңесшілерді ауыстыра салу да оған қиын емес. Дегенмен, Дональд Трамптың жақтастары дәстүрлі емес амалдар арқылы оның жетістікке жетіп жатқанын айтып жатыр. Тіпті, басында Трамп қатты сөздер айтпаса, қазір Ким Чен Ын осындай қарым-қатынаста болар ма еді дейтіндер де баршылық. Сондай-ақ Мексика мен Канадамен болатын «тарихи келісім» де екі мемлекетке қойылған жоғары тарифсіз жүзеге аспайтын еді деушілер де табылып жатыр. Бір анығы, Дональд Трамп америкалық ландшафтта ғана емес, халықаралық дипломатияда да өзінің ізін қалдырып кетті.

Ағылшын тілінен аударған Алтынай Қуанышбек


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
19 Қараша 2018, 02:49
МЕН ӨМІРГЕ ҚАЛАЙ КЕЛДІМ?
Пікірлер