BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.01 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.39 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.53
Астана:

Террористердің отбасы Индонезияда 7 адамды өлтірді

Ерлі-зайыпты төрт баласын террористік мақсатта қолданып, Индонезияның Сурабая қаласында 3 шіркеуге шабуыл жасады. Салдарынан 7 адам қаза тапты. Бұл туралы Baq.kz ақпарат агенттігі CNN басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл отбасында 9 және 12 жасар екі қыз бала тәрбиеленіп отырған. Тәртіп сақшыларының басшысы, генерал Тито Карнавианның хабарлауынша, аналары екі қызының жанында тұрып, жарылғыш затты жарып жіберген. Ал екі ұлы басқа шіркеуге шабуылдаған.

Бұған дейін өз-өздеріне қол жұмсаушы террорист отбасының шабуылынан ең аз дегенде 10 адам қаза тапқаны туралы болжам жасалды. Бірақ Карнавиан пресс-конференция кезінде жеті адамның қаза тапқанын хабарлады.

41 адам, екі тәртіп сақшысы әртүрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы полиция баспасөз хатшысы Франс Барунг Мангера мәлімдеді.

Жарылғыш затты іске қосқан отбасы мүшелерінің бәрі қаза тапты дейді Карнавиан. Тергеушілер ерлі-зайыптының Jamaah Ansharut Daulah террористік тобына мүше екенін болжап отыр. Ол - Индонезиядағы атақты ИГИЛ тобына қолдау танытатын террористік топ.

ИГИЛ тобы «Амак» ақпараттық агенттігі арқылы осы іс үшін жауапкершілік алатындарын хабарлаған. Бұл оқиғаны «қиналып жүргендердің жанын азат ету» деп атаған, алайда, нақты дәлел келтірмеген.

Карнавианның хабарлауынша, осы отбасының отағасы Дита Соприянто көлігін индонезиялық христиан шіркеуіне айдап келіп, әйелі Пужай Кушатты екі қызымен бірге тастап кеткен. Олар шіркеуге кіре сала, жарылғыш затты іске қосқан.

Одан кейін әкелері Орталық шіркеуге қарай бағыт алып, шіркеуге кірмей тұрып, көліктің ішінде жарылғыш затты атып жіберген.

Дәл осы уақытта олардың екі ұлы мотоциклге мініп алып, Санта-Мария католиктік шіркеуіне барып, олар да жарылғыш зат атқан. Жасырын камералардың бақылауындағы видеодан жарылғыш заттар шамамен жексенбі күні таңертең сағат 7:08-де жарылғаны тіркелген.

Тергеушілер бірден жарылғыш заттардың осы отбасы мүшелерінің денелеріне жабыстырылып қойғанын анықтады.

Тәртіп сақшылары үш шіркеуді де уақытша жапты. Бұл отбасының үйінен полиция жарылғыш зат сақталған үш пластик жәшікті анықтады. Саперлер оның ішіндегі жарылғыш заттарды істен шығарды. Сондай-ақ, олардың үйінен «қара ұнтақ» табылған, оның не екені әзірге белгісіз.

Рим папасы Франциск пен Индонезия Сыртқы істер министрі Ретно Марсуди оқиғадан зардап шеккендердің отбасысына көңіл айтты.

Айта кетерлігі, Индонезия халық тығыз орналасқан аймақ болып саналады. 261 миллион тұрғынның 82 пайызы - ислам дінін ұстанушылар. 10 пайызға жуығы – христиандар.

Индонезия Үкіметі Аль-Каида және «Джемаа Исламия» террористік топтарымен күрес жүргізіп келе жатыр. 2000-2010 жылдар аралығында аталған топ 11 ірі теракт ұйымдастырғанын мойындады. 2002 жылы Балиде болған террористік жарылыстан 200 адам қаза тауып, жүздеген тұрғын жараланған болатын. Олардың көпшілігі елге келген туристер еді.

Ағылшын тілінен аударған

Алтынай ҚУАНЫШБЕК


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер