Соңғы екі жылда Ұлыбритания университеттерінде нәсілшілдік 60 пайызға артқан - Әлем|12 Маусым 2018, 08:33
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 360.12 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 409.67 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.33
Астана:

Соңғы екі жылда Ұлыбритания университеттерінде нәсілшілдік 60 пайызға артқан

Бүгінгі таңда Ұлыбритания университеттері толеранттылық пен либералды сипаттағы орынға айнала алмай отыр. Бұған соңғы жүргізілген зерттеу нәтижелері дәлел бола алады. Соңғы екі жылда Ұлыбританиядағы бүкіл жоғары оқу орындары бойынша нәсілшілдікке байланысты жанжалдар 60 пайызға артқан, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі The Independent басылымына сілтеме жасап.

Мамандар соңғы жүргізілген сауалнама нәтижелері нақты болмауы мүмкін екеніне, зерттеу барлық қызметкерлер мен студенттерді қамтымағандықтан, жағдай бұдан да нашар болуы мүмкін екеніне сенімді.

Ұлыбританияның Ұлттық студенттер кеңесінің (NUS) хабарлауынша, мемлекет бойынша барлық қалалардағы университеттерде нәсілшілдік өршіп тұр. Бірақ университет билігі бұл туралы хабарсыз.

The Independent жүргізген зертетулер нәтижесінде белгілі болғандай, 2017 жылы Ұлыбритания университеттерінде 129 нәсілшілдік жанжал тіркелген. Бұл 2015 жылғы 80 оқиғамен салыстырғанда 61 пайызға көп. Сонымен қатар студенттер мен университет қызметкерлерінің нәсілшілдікке байланысты шағымы бір жылдың ішінде 23 пайызға өскен. Ал 2016 жылы 105 шағым түскен.

Зерттеуге мәліметтерді ұсынған 94 университеттің ішінде әрбір 5 жоғары оқу орнының екеуінде (37%) соңғы екі жылда нәсілшілдікке байланысты оқиғалардың артқанын байқауға болады. Дегенмен, NUS ұйымының айтуынша, мәселе бұдан да ушығып тұр.

The Independent сауалнамасына жауап берген респонденттердің мәліметтері діни сенімге байланысты жек көрушіліктен туындаған жанжал 2015 жылмен салыстырғанда 2017 жылы екі есеге өскенін көрсетті. Сондай-ақ соңғы үш жылда исламға қарсы әрекеттер 26 университетте байқалған.

Өткен айда Эксетер университетінде заңгер студенттердің нәсілшіл көзқарастарын байқататын жазбалар WhatsApp арқылы тарап, кейін Facebook әлеуметтік желісінде кеңінен талқыланған болатын.

The Independent анықтаған жаңа мәліметтер бойынша, кейбір студенттер нәсілшілдік үшін оқудан қуылған. Бірақ көп жағдайда ескерту айтып, айыппұл мен кешірім сұратумен шектелген. Мысалы, Белфастағы Корольдік университет студенті исламға қарсы шыққаны үшін эссе жазуға міндеттелген. NUS ұйымындағы қара нәсілділердің құқығын қорғаушы Ильяс Нагденің айтуынша, көп жағдайда университет әкімшілігі студенттердің нәсілшілдікке қатысты шағымдарына сенбейді. «Олар өздерінің орнатқан тәртіптерінің орындалмағанын мойындағысы келмейді», дейді ол.

Зерттеуге қатысқан университеттердің үштен бірі нәсілшілдік оқиғалар туралы толық ақпарат бермеген. Олардың көпшілігі ондай ақпарат біреулердің жанына бататынын алға тартқан. Ал кейбір университеттер «нәсілшіл» жанжалдардың мүлде болмағанын айтқан.

Зерттеу барысында байқалғандай, университеттерде оқиғаларды тіркеудің ортақ жүйесі жоқ.

Жақында NUS әлеуметтік желіде өздерінің зертету нәтижелерін жариялады. Онда бір аптада 30 университетте оқитын 100-ден астам студент нәсілшілдікке байланысты оқиғаларын айтып, қауіпсіздік мәселесіне алаңдайтынын айтқан. Белгілі болғандай, көп жағдайда студенттер нәсілшілдікке балйанысты оқиғаларды айту үшін университеттердің ресми каналдарын емес, әлеуметтік желілерді пайдаланады. Мысалы, Ноттингем студенті өткен айда нәсілшілдік үшін айыпты деп танылды. Оның өз кінәсін мойындауына видеоның әлеуметтік желіде тарауы әсер етті. Сондай-ақ нәсілшілдік қысымға тек студенттер емес, университет қызметкерлері де тап болатынын айта кеткен жөн. «Барлық университет қызметкерлері кез келген оқиғаны әкімшілікке айта алатынын білгендері жөн. Әрине, олар қолдау табатындарына сенімді болғанда ғана ондай жағдайға баратыны анық», дейді Университеттер кеңесінің хатшысы Салли Хант.

Ағылшын тілінен аударған Алтынай Қуанышбек

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер