BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Профессор Стивен Хокинг кім еді?

Фото: lviv.com

Бүгін атақты физик Стивен Хокинг өмірден озды. Оны көпшілік қауым алдағы мың жылдықты болжаған және адамзат қандай жағдайда аман қалатынын айтқан ғалым ретінде таниды. Әлемді мойындатқан ғалымның сал ауруына шалдыққан мүмкіндігі шектеулі жан болғанын бірі – білсе, бірі – білмейді. Baq.kz тілшісі оның өмір жолы мен ашқан ғылыми жаңалықтарына тоқталып өтпек.

Білім жолы – ғылым жолы

Стивен Уильям Хокинг 1942 жылы 8 қаңтарда Ұлыбританияның Оксфорд қаласында дүниеге келген. Болашақ ғалымның әкесі Франк Хэмстедтегі медицина орталығында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысса, анасы Изабель сол орталықта хатшылық қызмет атқарған.

Хокинг 1962 жылы Оксфорд университетін тәмамдайды. 1966 жылы Кембридж қаласында университет жанындағы Тринити-холл колледжінде философия докторы дәрежесін алады.

Сал болып қалу – толыққанды өмір сүруге кедергі емес

Балалық және жастық шағында ғалымның он екі мүшесі сау болғанмен, алпысыншы жылдардың басында бүйір амиотрофиялық склероз дертіне шалдығады. Ауруы жылдам асқанған жігіт ақыры сал болып қалады.

1965 жылы ол Джейн Уайлдпен некелесіп, екі ұл, бір қызы дүниеге келеді. 1974 жылы Стивен Хокинг Лондонда табиғат туралы білімді кеңейту корольдік қоғамының тұрақты мүшесі болады.

1985 жылы тамағына ота жасағаннан кейін сөйлеу қабілетінен айырылып қалады. Содан бері ол достары сыйлаған сөйлеу синтезаторының көмегімен ғана сөйлесетін. Белгілі бір уақыт аралығында оң қолының сұқ саусағында қозғалу қабілеті болып, уақыт өте келе бетінің мимикалық бұлшықеті ғана қозғалатын болып қалды. Сол бұлшықетке орнатылған құрылғыны ол арнайы компьютер арқылы басқарып, айналасындағы адамдармен сөйлеседі.

1991 жылы ол әйелімен ажырасып, 1995 жылы бұрын өзінің күтушісі болып жұмыс істеген Элайн Мэнсонмен шаңырақ көтереді. Арада он бір жыл өткен соң, яғни 2006 жылы екінші әйелімен де ажырасады.

Денесінің сал болып қалуы ғалымның толыққанды өмір сүруіне кедергі болмайды. Сөйтіп ол 2007 жылдың сәуір айында арнайы ұшу құрылғысымен салмақсыздық күйінде ұшып көрсе, 2009 жылы космосқа ұшуға ниеттенеді. Ғалымның өзі математикалық білімінің сәйкес келмеуіне қарамастан математика профессоры болудың қандай керемет екенін айтады. Ол Оксфорд университетінде сабақ беріп жүрген кезінде бірнеше апта ғана оқыған біліміне сүйеніп, студенттер оқып жатқан оқулықты өзі де бірге оқыған.

Стивен Хокинг және бәстесу арқылы ашылған жаңалық

Стивен Хокингке ғалым атағын алып берген сала – космология мен кванттық гравитация. Қара құрдымда (черная дыра) болып жатқан термодинамикалық үдерісті, қара құрдым ішіндегі ақпараттың жоғалып кету үдерісін зерттеу жұмыстары оны осы салада жетістікке жеткізді.

Ол әріптестерімен бәстесуді, өзінің болжамы дұрыс екенін дәлелдеуді жақсы көретін. 1974 жылы Стивен Хокинг пен Кип Торн есімді ғалым бәстеседі. Даудың басы Аққу Х-1 ғарыштық нысанның табиғаты және оның сәулеленуі болды. Хокинг ол нысанның қара құрдым емес екенін дәлелдегісі келеді, бірақ болжамы дұрыс болмай, әріптесінен жеңіліп қалады.

1997 жылы ол К.Торнмен бірлесіп Дж.Прескилла есімді ғалыммен бәстеседі. Осы бәстесу ғалымның революциялық зерттеу жұмысын жазуға және сол бойынша 2004 жылы баяндама оқуына себепші болады. Прескилл қара құрдымдардың ішінде әлдеқандай ақпарат болатынын, бірақ оны адамдар оқи алмайтынын айтады. Ал Хокинг оның пікіріне қарсы болып, өзінің зерттеуі бойынша қара құрдымдарда ешқандай ақпарат болмайтынын айтады.

2004 жылы ол өзінің тағы да қателескенін, Прескилдің болжамы дұрыс екенін мойындайды. Сондай-ақ, ол қара құрдымдардағы ақпарат өшіп қалмайтынын, бірақ уақыт өте келе ол сәулеленумен бірге сыртқа шығып кететінін айтты.

Хокинг – ғылым дәріптеуші

Ол ғылымды белсенді түрде дәріптеуші адам ретінде танымал. Оның алғашқы танымал ғылыми жұмысы «Уақыттың қысқаша тарихы» (1988) деп аталады. Сондай-ақ, «Қара құрдымдар және жас ғаламдар» (1993), «Жаңғақ қауызындағы әлемдер» (2001) кітаптарының авторы. Қызы Люси екеуі балаларға арналған «Джордж және Ғалам құриялары» (2006 жыл) атты ғылыми-танымал кітап шығарған.

Ол 1997 жылы (3 сериялы), 2010 жылы (6 сериялы) және 2012 жылы (3 сериялы) жарыққа шыққан ғалам туралы деректі фильмдердің авторы.

Ғалым ғылымға қосқан үлесі үшін Эйнштейн медалі (1997), Британия империясының ордені (1982) сияқты марапаттар мен Іргелі физика сыйақысына (2013) ие.

Адамзатты таяу мыңжылдықта не күтіп түр?

Ол 1998 жылы Ақ үйде лекция оқып, таяу мың жыл ішінде адамзат тарихында қандай өзгерістер болатыны туралы болжам айтты. Ол болжамға сүйенсек, болашақ үшін алаңдамай қоюға болады, алайда оның 2003 жылы оқыған лекциясында жер бетінде біздің өмір сүруімізге қауіп төндіретін вирустар көбейетінін, соған байланысты өмір сүруге болатын басқа ғаламшарларға көшу керектігі туралы болжам айтылды. Танымал физик Жер бетіндегі тіршілік ядролық соғыс, жасанды сана немесе генетикалық құрылымды вирус есебінен жойылып кететіндігіне сенімді. Хокинг адамдарды тіршілік етуге болатын басқа ғаламшарға көшуге шақырды және оны іске асыру үшін озық технологиялар жасау керектігін айтты.

Стивен Хокингтің қанатты сөздері

Егер қара құрдымға түсіп кеткеніңізді сезсеңіз – берілмеңіз. Тығырықтан шығар жол қашанда бар.

***

Ғылыми фантастика пайдалы болуы мүмкін: ол қиялды дамытып қана қоймай, болашаққа қатысты қорқыныштан да арылтады. Дегенмен ғылыми фактілер әлдеқайда таңғаларлық болуы мүмкін, себебі ғылыми фантастика қара құрдымның болуы мүмкін екенін ойлаған да жоқ.

***

Біз білетін жүйелердің ішіндегі ең күрделісі – өзіміздің денеміз.

***

Мектептегі ғылыми сабақтар құрғақ әрі қызықсыз түрде өтеді. Оқушы ғылым мен қоршаған ортаның байланысын көрмейді, олар тек емтиханда жақсы баға алу үшін естігенін есте сақтап қалуға тырысады.

***

Мен адамзат енді жоқ дегенде мың жыл өмір сүретініне және басқа ғаламшарда өмір сүруге мүмкіндік табатынына сенемін. Жер бетіндегі тіршілік иелерінің қалай жойылып кетуі мүмкін екені туралы әртүрлі сценарий жазуға болады, бірақ мен оптимиспін. Біз күндердің бір күнінде жұлдыздарға қол жеткіземіз.

Фотосуретер: ridus.ru, styleinsider, hi-news.ru, forum.gamer.com.tw


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер