BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.2 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.34 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.52
Астана:

BBC Capital: Бастығыңыз полиграфпен тексеремін десе, не істейсіз?

Фото: Бекболат Тілеухан СТВ телеарнасының бағдарламасында, 2011 жыл © youtube.com

BAQ-Әлемпресс. Кез келген жұмыс беруші қызметкерінің әр қадамын біліп отырғысы келеді. Бірақ олар қаншалықты алысқа бара алады және қызметкерлер мұндай әрекеттерге қаншалықты дайын? BBC Capital басылымының авторлары осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Өткен аптада АҚШ-тың Жоғарғы сотына Бретт Каваноның кандидатурасын бекіту ісінде «полиграф» сөзі бірнеше мәрте айтылды. АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған кандидаттың есімін Сенат қарастырмай тұрып, шу шыққаны белгілі. Кристин Блейзи Форд есімді әйел полиграфиялық тест өтіп, орта мектепте оқып жүрген кезінде Бретт Каваноның оған қысым көрсеткенін айтты. Ал бұл айыпты жоққа шығарып отырған Кавано әлі күнге полиграфиялық тесттен өткен жоқ. Сенат комитетіндегі тыңдалымда да «полиграфтар» жиі сөз етілді.

Полиграфтар, яғни, жалғандық детекторы физиологиялық реакцияларға қарай адамның өтірік айтқанын анықтайды. Мысалы, жауап алу барысында қан қысымның өзгеруі секілді белгілер негізінде айтылып отырған мәліметтердің рас-өтірігі анықталады.

АҚШ-та полиграфтар қылмыстық тергеу барысында немесе полиция мен үкіметтік мекемелердің мәліметтер жинау қызметінде жиі қолданылады. Дегенмен, жалғандық детекторын жұмыс кезінде немесе жұмысқа қабылдау барысында пайдалану жағы қалай жүзеге асырылып жатыр деген сұраққа келсек, көптеген мемлекеттерде сұхбаттасу немесе басқа да контексте полиграфтарды пайдалану заңсыз саналады. Алайда, жұмыс берушілердің барлығы қызметкерінің әр қадамын біліп отырғысы келетін мына заманда бастығыңыз сізді жалғандық детекторымен тексеремін десе, не істейсіз? Олар жұмыс істейтін ең жақсы қызметкерді ұстап қалғысы келеді әрі бұл жолда не себепті полиграфтарды пайдаланбасқа деп те ойлауы мүмкін. Бастығыңыз сізге осындай ұсыныс айтып жатса, сіз келісесіз бе, әлде жасырғаныңыз бар ма?

Бұл заңды ма?

2007 жылы Мәскеуде түсірілген сурет. Ресейдің құқық қорғаушылары компанияларға қызметкерлерін полиграф тестен өткізуге рұқсат беретін заң жобасына қарсы шыққан кез
Жұмыс берушілердің қызметкерлерін полиграф тестен өткізуінің заңды-заңсыздығы сіздің қай мемлекетте тұратыныңызға байланысты. Дегенмен, көптеген мемлекеттерде жалғандық детекторларын жұмыс берушілерге пайдалануға тыйым салынған.
Мысалы, АҚШ-та 1988 жылдан бастап жекеменшік жұмыс орнында полиграфтарды пайдалануға тыйым салынған. Бұған Еңбек департаментінің арнайы заң қабылдауы себеп болды. Әрине, бұл ретте ерекшеліктер бар екенін де ескеру керек. Себебі егер сіз үкіметке, қауіпсіздік қызметі немесе барлау қызметіне жұмысқа орналасуға ниеттенсеңіз, міндетті түрде жалғандық детекторынан өтесіз.

Полиграфпен тексеру1921 жылдан бері бар және әлі күнге дейін кеңінен қолданылады.
«Жалғандық детекторлары проблеманы анықтау және оны ары қарай зерттеу үшін пайдалы болуы мүмкін. Теріс нәтиже алсаңыз, бір кандидатты сызып тастайсыз да, басқасына ауыса бересіз» дейді Вашингтон университеті Заң мектебінің профессоры Джеффри Фельдман.

Расымен де, полиграф тестерді жұмыс орнында пайдалану заңсыз ба? Сарапшылардың айтуынша, жалғандық детекторы белгілі бір деңгейде үлкен проблема туғызуы мүмкін.

«Егер бастық жалғандық детекторынан өткізгісі келсе, бұл оның қызметкерлерге сенбейтінін көрсетеді. Осылайша олар да өз кезегінде намыстанып, абыройына нұқсан келгенін сезеді. Тіпті, жұмыс берушіден көңілі қалады», дейді City University London бизнес мектебінің профессоры Андре Спикер.

Жалғандық детекторы кеңселерге керек пе?

Полицияның бұрынғы офицері, АҚШ-тағы полиграф әкімшілігінің маманы болған Дуг Уильямс алты мыңнан астам рет жалғандық детекторынан өткенін айтты. Ол тіпті, 2015 жылы жасырын агенттерге жалғандық детекторынан өтуге көмектескені үшін екі жыл түрмеге отырып шыққан. Ол полиграф тестерге қарсы екенін айтты. «Адамдарға өзін қорғауға мүмкіндік бергім келді. Бұл миллиондаған адамның өміріне кері әсерін тигізіп жатқан алаяқтық қана. Жалғандық детекторынан өткізу – аспанға тиын лақтырғанмен тең» дейді Дуг Уильямс. Оның айтуынша, Интернетте жалғандық детекторынан өтуге мүмкіндік беретін, жауап беру барысында физиологиялық реакцияларды қалай бақылауға болатыны туралы көптеген кеңестер бар және олар да расымен көмектесе алады. Ал полиграф тестпен жұмыс істеген ондаған жыл ішінде Уильямс бұл құрылғыны адамдарды қорқыту үшін пайдаланылатынына көз жеткізген. «Егер жалғандық детекторлары жұмыс орындарында пайда болатын болса, бұл адамдарға одан да көп проблема туғызады. Бұл құрылғы адамдарды қорқытаты. Мен осындай тесттен өтуді талап еткен компанияда бір күн де жұмыс істемес едім», дейді ол.


АҚШ-тағы ток шоулардың бірінің жүргізушісі Марио Лопес полиграф машинаны қолдануда. Жалғандық детекторларының тиімділігіне ғылым қауымдастығы күмәнмен қарайды.
Сонымен, жұмыс берушілерге полиграф тест не үшін керек? Қызметкерді бағалау үшін бе әлде қиын сұрақтарға дұрыс жауап алу үшін бе? Әлде олар мұндай күйзелісті жағдайда кандидаттың не істейтінін білгісі келе ме?

Нью-Йорк университетінің қарым-қатынас профессоры Сьюзан Стехлик ірі компниялардың бірінде тәуелсіз кеңесші болған кезінде кеңсе полиграфтары жас кандидаттар үшін «стресс-тестке» тең келгенін айтты.

«Мен кеңесші болған компания бір бөлмеге төрт-бес жасы үлкен адаммен бірге жас кандидаттарды жинап алып, 563 мыңның түбірін айтуын талап етті. Компанияда жұмыс істеу үшін сандарды білу керек екенін айтты. Бірақ мұндай сұрақтар адамның өз жұмысын қалай атқаратынын көрсете алмайтыны айдан анық емес пе?», дейді ол.

Уильямстың айтуынша, кеңсе полиграфтары адамның көңіл-күйін, жүрек соғысын ғана көрсете алады. «Тіпті, көңіл-күйі жоқ немесе бір нәрсеге алаңдаулы адам тестен өтпей қалып, өтірік айтып жүрген суайт өтіп кетуі де мүмкін», дейді Уильямс.

Сьюзан Стехликтің айтуынша, жұмыс берушілер полиграф тестерді өткізбес бұрын оның не үшін керек екенін нақты білгені жөн. Бір қызметкермен проблема туындады ма? Барлығын бірдей тестен өткізген дұрыс па? Қызметкерлердің барлығы оған келіседі ме? Міне, жұмыс беруші осы сұрақтарға нақты жауап табуы керек.

«Жалғандық детекторы жұмыс беруші мен қызметкер арасында сенімсіздік туғызады. Тіпті, полиграфтарды пайдаланған күннің өзінде, одан өтпей қалған қызметкерлерге не істейсіз? Бұл сұрақтың да жауабы бұлыңғыр», дейді Стехлик.

Ал Лондон бизнес мектебінің профессоры Дэн Кабельдің айтуынша, жұмыс орындарындағы полиграф тестер қызметкерлерді бақылауға мүмкіндік береді. «Қызметкерлерден жұмысқа қатысы жоқ қандай өмірлік маңызы бар шешім қабылдағаны туралы сұрау керек. Олар нақты не туралы сұрақтарға жауап беріп отырғанын, оның жұмысқа қандай қатысы барын білмеуі керек. Бұл ата-анаңмен тілдескен сияқты әсерде қалдырады», дейді ол.

Ал Австралияның полиграф агенттігінің директоры Стив ван Апереннің айтуынша, кей жағдайда жалғандық детекторлары қызметкерлерге де көмектесуі мүмкін. «Австралияда көптеген штаттарда жұмыс орындарында полиграфтарды пайдалану заңды саналады. Әрине, оған тек қызметкердің рұқсаты мен келісімі керек. Көпшілігі бастықтар жалғандық детекторын тек криминал немесе этикаға сай келмейтін жағдайларды анықтау мақсатында ғана пайдаланады деп ойлауы мүмкін. Мысалы, жұмыста өзіне жала жабылғанын дәлелдегісі келетін қызметкерлержиі келеді. Оларға да жалғандық детекторы көмекке келе алады деп ойлаймын», дейді Стив ван Аперен.

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, егер сіз өзіңіз туралы ақпаратты толық айтқыңыз келмесе, бәрібір оның салдары нашар болады. 2015 жылы Гарвард университеті жүргізген жеті бірдей зерттеу нәтижесіне сенсек, көпшілігі өзі туралы ақпаратты ашып айта бергісі келмейді. Тіпті, бұрынғы өмірінде болған келеңсіз жағдайлар мен зиянды әдеттерді де айтпайтын қызметкердің жауаптары алаяқтардың жауаптарына ұқсас болған.

Жұмыс беруші сіз туралы қаншалықты көп білуі керек?

Біз бастықтар қызметкерлердің кез келген әрекеті мен кез келген мәліметтерін бақылай алатын әлемде өмір сүріп жатырмыз. Осы ретте кейбір адамдар жасыратын ештеңесі жоқ екенін айтуы мүмкін. Олар тіпті ойланбастан жалғандық детекторынан өтіп, бастысы, өзіне жұмыстың керек екенін ойлайды. Дегенмен, полиграф тестер жұмыс орындарында көптеп пайдаланыла бастаса, оның соңы неге апаратынын мұқият ойланған жөн.

«Егер көптеген қызметкерлер жалғандық детекторынан өтуге қарсы болмаса, тестен өтуден бас тартқан адамға барлығы күмәнмен қарай бастайтыны анық. Бұл да сіздің жасырғаныңыз бар екенін көрсетеді немесе жұмыс беруші мен әріптестерге кері әсер етеді», дейді Оксфорд университетінің этика бойынша профессоры Ник Бостром.

Ал нәтиже ше? Полиграф тесттердің нәтижелерінің анықтығы мен дәлдігі туралы нақты мәліметтер жоқ. Тіпті, көптеген соттар жалғандық детекторының нәтижелерін айғақ ретінде қарастырмайды.

Ағылшын тілінен аударған Алтынай Қуанышбек


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер