BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

BBC Capital: Электронды хат жіберу үшін ақша төлесек, не болар еді?

BAQ-Әлемпресс. Электронды поштамыз толып кетпеу үшін не істеуге болады? Ал электронды хат жіберу үшін адресатқа ақша төлеу керек болсақ, не болар еді? Адамдар әр хатты жіберерде ақша шығындайтынын білсе, жағдай қалай өзгереді? Мінез-құлықтық қаржы сарапшысы Дэниел Иган BBC Capital басылымына жазған мақаласында осы сұрақтарға жауап іздеп көріпті.

Маған электронды хат жіберіп, менімен байланыс орнатқысы келген адам $20 төлеуі керек. Менің ойымша, барлығымыз осындай жүйеге көшуіміз керек. Не үшін? Басынан бастайын.

«Құдіреті күшті Брюс» фильмінен көрініс ©silkstreamnet

«Құдіреті күшті Брюс» фильмінен көрініс ©silkstreamnet

Мен күйбең тірлікте электронды поштамды тексеріп, хаттарды оқып, оны тазалау үшін көп уақытымды кетіремін. Ал жұмыста – адамдарға ақша мен уақытты қалай дұрыс жұмсау керегін анықтауға көмектесемін. Адамдар жеке инвестиция мен қаржылық зерттеулер туралы білгісі келіп, маған хабарласып жатады. Поштама келіп түсетін хаттарда шек жоқ. Менің салам бойынша кеңес сұрап жазылған хаттар қаншама. Олардың барлығына жауап жазып отыру маған проблема.

Бірнеше жыл бұрын мен Марк Андреессен атты венчурлік капиталистің кез келген электронды хатқа 100 долларға жауап беретінін білдім. Бұл сала үшін 100 доллар көп ақша емес, тіпті, консультация алу үшін арзан баға деуге де болады. Бұл идея маған қызық көрінді әрі уақыт өте келе бұл модельдің барлығымыз үшін пайдасы көп болар елі деген сенімге келдім.

Осылайша мен де өзімнің жеке сайтыма сілтеме қойып, менімен байланысқысы келетіндерге ақша төлеуді сұрадым. Маған электронды хат жіберу үшін төленетін 20 доллар қайырымдылық қорына кетеді. Әрі бұл мен хатқа жауап бергенде ғана болатын жағдай. Себебі маған қызықты, қызықсыз болатын тақырыптарды таңдаймын, ішінен іріктеп аламын. Егер маған ұнамаса, мысалы, криптовалюта тақырыбына қатысты болса, мен бас тартамын. Ал көбіне маған жазған адамдар нақты жауап алады. Екі жылдың ішінде мен көп адамдармен жақсы байланыс орнаттым.

Бұл ақша генераторы емес. Бұл проблеманың кілті деуге болады. Себебі мен өзім көргім келмейтін көптеген хаттарға мүлдем мән бермейтін болдым.

Электронды хаттардың бағасы қанша?

Интернеттің күші шексіз. Біз әлемнің түкпір-түкпіріндегі кез келген адаммен интернет арқылы әп сәтте-ақ тегін байланыс орната аламыз. Ал бұл өз кезегінде «спам» деген проблеманы туғызды. Яғни, біз уақытымызды бөлгіміз келмейтін, назар аударуымызға татымайтын хаттар легі көбейді. Электронды поштамыздың мекен-жайы жарнама таратушыларға да жетті. Осылайша электронды поштамызды тексеру уақытымызды алатын, күн тәртібіне енгізілген істердің қатарына қосылды. Ал электронды поштадан хат жіберу су тегін болғанымен, келген хаттарды іріктеу мен оқу көп уақыт алатындықтан, бізге қымбатқа түсіп жатыр.

Біріншіден, бұл біздің ең қымбат ресурстарымызды: уақыт пен көңілімізді алады. Мысалы, мен поштамды тексеріп әрі тазалап болған соң міндетті түрде үзіліс жасаймын. Ал негізінде мен үзіліс жасауға тұрарлықтай ештеңе істеген жоқпын.

Екіншіден, қаптаған пайдасыз электронды хаттар арасынан біз өзімізге керегін байқамай қалып жатамыз. Тіпті, спамды алып тастаған күннің өзінде, мен керек хатты білуім үшін, олардың барлығын оқып шығу керекпін. Ал кейде олардың арасынан расымен маған қажетін байқамай қалуым да мүмкін. Мысалы, біреу маған: «Екеуміздің қызығушылықтарымыз ұқсас екен. Сол себепті біз бірігіп әрекет етсек, жақсы болар еді. Осы мәселені бір жерде кездесіп талқылай аламыз ба?» деп жазса, мен оны жарнама немесе көп спамның бірі ретінде қабылдайтыным анық. Ал шын мәнінде ол жұмыс бабына байланысты болуы да мүмкін емес пе?
Электронды поштаны тазалау мен спамнан құтылудың жолдары негізінен хаттардың саны мен көлеміне ғана қарайды. Дегенмен, бұдан да жақсы жол бар. Ол жол – менің уақытымды мен сияқты бағалай алатындар арқылы келіп түскен хаттарды іріктеу.


«Хат жіберуші» сізге ақша төлейді» моделі

Елестетіп көріңізші: біреу сіздің назарынды өзіне аударғысы келеді. Сол үшін ол ақша төлеуі керек болса, қалай болар еді? Мысалы, біздің электронды поштамызға келіп түсетін әр жарнамалық хат үшін жарнама берушілер сізге $1 төлеп отырса ше?

Әрине, сіз жарнамаға қарап отырып табыс таба алмайсыз. Дегенмен, хатты жіберетіндер осылайша назарды өзіне аударып, жарнамасын өтімдірек еткені жөн сияқты емес пе? Себебі аздаған болса да төлемнің болуы хаттардың сапасын жақсартып, сізге келетін хаттар санының азаюына әсер ететін еді. Бұл ретте ақша да сізді жұбата алатын ресурсқа айналатыны анық.

Бұл ретте тек қана жарнама берушілердің ғана әрекеті өзгермейді әрі бұл модель тек соларға ғана қатысты деп ойласаңыз, қателесесіз. Жалпы, сіздің назарыңызды аударғысы келетін, сізден жауап күтетін кез келген адам байланыс орнатпас бұрын өзінің ақшасы мен уақытын жұмсамас бұрын ойланатын болады. Сатушылар болсын, рекуртерлер болсын, жалпы кез келген адам өзінің электронды хатын сізге оқыту 10 АҚШ долларын төлеуге татитын-татымайтынын басты назарға алатын еді.

Нұсқалар ұсынып көрейік. Мысалы, Bitbounce – «спаммен күресуге арналған шешім». Бұл үлгі бойынша сіздің байланыс тізіміңізге енбегендер сізге электронды хат жіберуі үшін белгілі бір мөлшерде ақша төлеуі керек. Олай болмағанда, хат спамға түседі. Bitbounce криптовалютаны талап ететіні проблема туғызуы мүмкін, бірақ бұл жақсы мүмкіндік бола алады.

Тіпті, әрқайсымыз хат жіберушілердің шығынын бекіте алатын болсақ, тіпті жақсы емес пе? Мысалы, назар аударуымызға тұрмайтын хат жіберетіндерге inbounds жеке балансын енгізе аламыз немесе отбасы мүшелері мен достарымызға, әріптестерімізге де тариф енгізе алатын едік.


Бұл қалжың емес пе?

Бұл қалжың емес. Маған келетін хаттарға жауап жазуым үшін $20 төлеуді сұрайтынымды жоғарыда айттым. Кейде электронды пошта арқылы бұл саясатымды түсіндіріп отыруға тура келетін кездер де жиі болып тұрады. Кейбірі бұл әрекетті эгоизм, өркөкіректік немесе әдепсіздік деп жатады. Дегенмен, мен бұл ақшадан байып жатқан жоқпын. Себебі электронды поштадан түсетін қаржының барлығы қайырымдылық қорына кетіп жатыр.
Әрине, бұл идеал шешім емес. Мен өмірлік мақсаты көп жастардың бірі болған кезім әлі де есімде. Мен өзім үлгі тұтатын адамдардың барлығына электронды пошта арқылы хат жазып, олардың уақытын алып, назарын аударуға тырысатынмын. Ал олардың біреуі маған жауап жазса, тіптен бақыттан басым айналып жүретін едім. Маған жауап жазғандарға деген махаббатым еселеніп, жауап жазбағандарға ыза болып жүрген кездері мен іштей «Жастар маған хат жазатын болса, ешқайсысын назарсыз қалдырмаймын. Барлығына көңіл аударатын боламын. Жауап жазатын боламын», деп өз-өзіме серт бергенім де есімде. Дегенмен, аптасына 50 сағат жұмыс істесеңіз және үйде үш жасар балаңыз жылап жатса, бұл қиын екен.

Осы жүйені пайдалана отырып мен керемет адамдармен тілдесу мүмкіндігінен айырылған да шығармын. Әбден мүмкін! Олардың ішінде менің көмегімді қатты қажет еткендері де болған шығар. Дегенмен, қатты қалаған адам менімен байланыс орнатудың басқа да жолын табатынына сенімім мол.

Білінбейтін артықшылықтар бар ма?

«Хат жіберуші» сізге ақша төлейді» моделінің арқасында сіз әрдайым электронды поштаңыздың толып тұрмағанын біліп жүресіз. Бұл модельдің артықшылықтары бірден байқалады. Себебі мен электронды поштамды тексеріп, маған келген хаттарды оқуға асығатын болдым. Сонымен қатар артық хаттарға уақыт кетірмейтінім басты артықшылықтардың біріне айналды.

Бұл менің де жауап жазған кезде сапалы хат жазуыма итермелей бастады. Себебі хат жазған адамның менің уақытымды бағалайтынын білемін.

Дэниел Иган, мінез-құлықтық қаржы саласының сарапшысы
Ағылшын тілінен аударған Алтынай Қуанышбек


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер