BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 361.94 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.4
Астана:

Парижде пышақпен қаруланған адам 5 адамды жаралады

Фото: CNN

Ашуға булыққан ер адам пышақпен 5 адамды жаралады. Бұған дейін ол азамат тәртіп сақшыларының қара тізімінде болған, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі CNN басылымына сілтеме жасап.

Шабуыл жасаушы Париж опера театрына жақын жердегі туристік ауданда 5 адамға пышақ сұғып алған. Жаяу жүргіншілер жолы мен мейрамханалар серуендеушілерге толы кезде арам пиғылын жүзеге асырған. Тәртіп сақшылары оны бірден құрықтады.

Қалалық прокурор Франсуа Молинс шабуыл жасаушы қылмыскердің антитеррористік тергеу тізімінде болғанын хабарлады. Бұл тізімде сотталмаса да, ел қауіпсіздігі үшін қатерлі, радикалды көзқарасы бар азаматтар жазылған.

Қылмыскердің ата-анасы тергеушілер сұрағына жауап берді. Оның достары да енді тергеуден өтеді деді тәртіп сақшылары.

Ғаламторда шығарылған жазба арқылы ИГИЛ тобы өздеріне барлық жауапкершілікті алып, шабуыл жасаушыны «ислам елінің әскери азаматы» деп жазыпты.

Белгілі болғаны, Париж көшесінде бейбіт тұрғындар мен туристерге шабуал жасаған азамат Ресейдің оңтүстік- батысындағы Шешенстан республикасында туып-өскен. Ол бар болғаны 21 жаста.

Сарапшылар ИГИЛ тобы көбінесе өз мүшелерін Солтүстік Кавказдан алады деп хабарлады. Ресей Үкіметімен ортақ тіл табуы қиын автономды, жартылай автономды мемлекет азаматтары осы ұйымға мүшелікке оңай өтеді екен.

Шабуыл Гарнье деп аталатын Париж опера театрынан жаяу жүргенде 10 минутта жететін қашықтықта орын алған. Британдық ресторатор Оливер Вудхед оқиға куәсі ретінде шабуыл жасаушының әрекетін сұмдық оқиға деп сипаттады. Тәртіп сақшылары қылмыскерді бірден атып тастаған.

Париж мэры Анн Идальго журналистерге сұхбат беріп, жараланған 5 азаматтың отбасысына көңіл айтты. Франция президенті Эммануэль Макрон болса, қылмыскерді құрықтаған тәртіп сақшыларын мақтан тұтанын твиттерде жазды.

Соңғы жылдары ИГИЛ тобы мүшелері Парижде пышақпен шабуыл жасауды өршітіп келеді. Ресей территориясындағы автономды елдер азаматтары мыңдаған топпен Сирияға ИГИЛ ұйымына мүшелікке өткен.

Сарапшы Майкл Вайстың ойынша, олар Сириядағы ИГИЛ тобына Ресей Үкіметіне наразы болғандықтан мүше.

«2015 жылы Парижде орын алған террорлық әрекеттерге дейін, бірнеше күн бұрын мен ИГИЛ бұрынғы әскерилерінің бірінен сұхбат алған болатынмын. Ол Сириядан қашып, Стамбұлда өмір сүріп жатқан. Бұрынғы әскери ИГИЛ тобының жаңа мүшелері шешендер екенін айтқан еді. Ол тек Ресей территориясындағы жартылай автономды Шешенстанда туғандар ғана емес, Кавказда, Дағыстанда және Орта Азияның өзге елдерінде туып-өскен шешен ұлтының өкілдері туралы айтты», - дейді Вайс.

Парижде соңғы кездері пышақ шабуылы екі ай сайын тіркелуде. Соңғы рет оңтүстік Франция жеріндегі Требе супермаркетінде әйел азаматшаны кепілге алған ИГИЛ тобының өкілі ұсталған болатын. Осы оқиға кезінде полиция офицері ажал құшқан.

Жалпы, ИГИЛ тобының мүшелері 29 елде 143 шабуыл ұйымдастырып, 2043 адамды өлтірді.

2015 жылы қаңтарда Парижге жақын жерде орналасқан Монруж қалашығында, Charlie Hebdo сатиралық журналына шабуыл жасап, ИГИЛ тобы 17 адамның өлім құшуына себеп болды. Дәл осы жылы қарашада Франция астанасының бірнеше жерінде бірден террористік актілер ұйымдастырылып, Батаклан концерт залы мен «Стад де Франс» стадионында шабуыл жасалып, 130 бейбіт тұрғын көз жұмды.

2016 жылы Ниццеде жүк көлігі Бастилияны алу мерекесін тойлау кезінде далада серуендеп жүрген бейбіт тұрғындарды басып өтіп, 86 адам қаза тапқан еді.

Ағылшын тілінен аударған Алтынай ҚУАНЫШБЕК


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер