BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Отбасы және феминизм: әлем бойынша әйелдер құқығындағы бағдар қандай?

Әйелдер осы күнге дейін отбасын жоспарлап, өз құқықтарының сақталуы үшін, аналар өлімін азайту үшін ұзақ әрі қайсарлы түрде күресіп келеді. Бұл күрестің хронологиясы қандай болды? Baq.kz ақпарат агенттігі назарларыңызға The Guardian басылымында жарияланған көлемді мақаланың ықшамдалған аудармасын ұсынады.

Ғасырлар бойы әйелдер күш біріктіріп, өмірлерін жақсарту мақсатында өз құқықтарын қорғауға ұмтылып келеді. Бірақ, соған қарамастан, ең маңызды деген өзгерістердің өзі соңғы қырық жылда ғана болды. Бұл аралықта әйелдерге сәтсіздіктер де, белгілі бір деңгейдегі жетістіктер де серік болды. Оның ішінде әйелдердің халықаралық төрт конференциясы, БҰҰ-ның көптеген резолюциялары да бар.

Бұл күресте, әсіресе, әйелдердің репродуктивті құқығы әлі де даулы мәселе саналады. Дегенмен, әлем бойынша ана мен бала өлімін азайту, отбасын жоспарлауға қолжетімділікті арттыру, денсаулық жағдайын жақсартуға байланысты біршама жетістіктерге қол жеткізілгені рас.

1975 жыл: әйелдер жылы

Әлем бойынша туу коэффициенті 4.17, халық саны 4 миллиард болды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы дискриминацияны азайтуға атсалысу мақсатында 1975 жылды Халықаралық әйелдер жылы деп жариялады. Мексикада әйелдер проблемасына арналған бүкіләлемдік бірінші конференция өтті. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен 133 үкімет пен үкіметтік емес ұйымдар қатысты. Бұл конференция «Тарихтағы ең маңызды оқиғалардың бірі» ретінде сипатталды. Конференция нәтижесінде әйелдер құқығына арналған он жылдық жоспар қабылданды.

Бұл жылдары әйел бойынша туудың орташа коэффициенті 4,17 болды. Бұл көрсеткіш Руанда, Йемен мен Ливияда тіптен жоғары болды. Себебі бұл мемлекеттерде әйелдер сегіз балаға дейін туатын еді. Ал ең аз көрсеткіш АҚШ пен Ұлыбританияда тіркелді. Бұл екі мемлекетте орташа есеппен коэффициент көрсеткіші сәйкесінше 1,77 және 1,81 болды. 1972 жылы АҚШ отбасылық жағдайына қарамастан барлық әйелдердің бала тууын бақылауды заңдастырды. Ал Ұлыбританияда 1961 жылдың өзінде бала көтеруден қорғайтын дәрі-дәрмектер еркін сатылды. Тек 1974 жылы ғана оны емханалар тегін тарататын болды.

1976 жыл

БҰҰ Мексикадағы халықаралық конференцияда қабылдаған он жылдық жоспарды орындау 1976 жылы басталды. Желтоқсан айында БҰҰ әйелдерге арналған даму қоры − Unifem құрылды. Бұл қор жұмысы әйелдер құқығына байланысты бағдарламаларды жүзеге асыруға бағытталды.

1977 жыл

АҚШ Хьюстонда бірінші ұлттық әйелдер конферецниясын өткізді. Оған бүкіл әлем елдерінің өкілдері қатысты. Делегаттар әйелдердің тең құқығы, балалардың сапалы әрі арзан күтімі, зорлық-зомбылықты азайтуға тырысу, отбасын құру секілді мәселелерге қатысты іс-әрекеттер жоспарын бекітті.

1979 жыл

БҰҰ әйелдерге қатысты кез келген дискриминация формасын ликвидациялау туралы конвенция (Cedaw) қабылдады. Әйелдер құқығының халықаралық биліне сәйкес онда барлық әйелдер үшін репродуктивті құқық маңызды мәселе екені айтылып, әйелдердің отбасын жоспарлауға қатысты кез келген ақпаратқа және медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру керектігі айтылды. Конвенцияны 189 мемлекет ратификациялады.

1980 жыл: жаһандық прогресс

Әлем бойынша туу коэффициенті 3.7, халық саны 4,4 миллиард болды.

Әйелдер проблемасына арналған екінші бүкіләлемдік конференция Копенгагенді өтті. Оған 145 мемлекет өкілдері қатысты және олар алдағы он жылға арналған негізгі тақырыптарды талқылады. Дегенмен, қатысушылардың көпшілігі әйелдер құқығын дамытуға қатысты іс-әрекеттерді қарастыра келе қаржы жетіспеушілігі мен саяси еріктің аздығын атап өтті. Себебі көп елдерде әйелдер құқығында еш өзгеріс байқалмады.

1984 жыл

Мексикада халық санына байланысты конференция өткізілді. Онда АҚШ президенті Рональд Рейган жаңа саясат ұсынып, АҚШ қаржыландырып отырған кез келген шетелдік ұйымға аборт үшін басқа серіктестерден қаржы алуға тыйым салды. Бұл Мехиконың саясатына ұқсайды. Хелмс 1973 жылы отбасын жоспарлаудың бір формасы ретінде аборт мәселесінде Америкадан көмек алуға тыйым салған болатын.

1985 жыл: 10 жыл өткен соң

Әлем бойынша туу коэффициенті 3.5, халық саны 4,8 миллиард болды.

Әйелдер құқығына байланысты қабылданған он жылдық жоспардың соңғы нәтижелері бойынша Найробиде әйелдер проблемасына арналған үшінші бүкіләлемдік конференция өткізілді. Оған 157 мемлекеттен 1400 делегат қатысты. Конференцияда гендерлік теңдік әйелдер үшін алыстағы арманға айналғаны айтылды. Сонымен қатар әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты азайту үшін күресті арттыру мәселесі де көтерілді.

Конференцияда гендерлік теңдік пен әйелдердің бейбіт өмір сүруі үшін қажетті стратегияларды қабылдап, кедергілерді жою керектігі туралы да айтылды. Оны жүзеге асыру үшін үкімет өкілдеріне бұл мәселеге әйелдерді де тарту ұсынылды.

АҚШ Кемп-Кастен шешіміне, яғни, ұйымдарға шетелдік қаржылық көмекке тыйым салатын шешімге байланысты БҰҰ қорын қаржыландыруды тоқтатты.

1989 жыл

Чили президенті Аугусто Пиночет президент орнынан кетпес бұрын Конституцияға кез келген жағдайда аборт жасауға тыйым салу туралы өзгеріс енгізіп кетті. Осылайша Чили Сальвадор, Доминикан Республикасы, Мальта мен Никарагуадан кейін абортқа толығымен тыйым салған бесінші мемлекетке айналды. Ал Латын Америкасы мен Кариб елдерінде әлемдегі ең қауіпті аборт деңгейі байқалды.

1990 жыл

Әлем бойынша аналар өлімінің деңгейі 100 000 адамға шаққанда 385 көлемінде болды. Яғни, жыл сайын жүктілік пен бала туу жағдайынан 532 мың әйел көз жұмды. Ең көп өлім Шығыс және Оңтүстік Африкада тіркелді. Бұл елдерде босанған 100 мың әйелдің 1100-і қайтыс болатын.

1993 жыл

АҚШ президенті болып Билл Клинтон сайланып, ол абортқа қатысты шетелдік компаниялардың қаржыландыруына салынған тыйымды алып тастады және БҰҰ қорын қаржыландыруды қайта қалпына келтірді.

Венадағы адам құқығы туралы бүкіләлемдік конференцияда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық адам құқығының шектелуіне және бұзылуына жататыны айтылды. Ал БҰҰ Бас ассамблеясы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты шектеу туралы декларация қабылдады. Онда зорлық түрлері мен оның сипаттары айтылды.

1994 жыл

Каирде өткен халық саны мен даму туралы халықаралық конференцияда 179 мемлекет өкілдері репродуктивті денсаулық пен әйелдер құқығы дамуға арналған кез келген бағдарламаның өзегіне айналу керектігін айтты. Сонымен қатар бұл мемлекеттер ана өлімін азайтып, репродуктивті денсаулыққа байланысты барлық жағдайды жасау туралы келісті.

1995 жыл: Бейжің жоспары

Әлем бойынша бала тууға қабілеттілік коэффициенті 2.8, ана өлімінің коэффициенті 100 мың адамға шаққанда 369, әлем бойынша халық саны 5,7 миллиард болды.

Бейжіңде әйелдер проблемасына арналған төртінші бүкіләлемдік конференция өтті. Онда әйелдер мүмкіндігі мен құқығын қорғаудың 12 балдық жоспары бекітіліп, оған 189 мемлекет қол қойды. Құжатта 2000 жылға дейін сапалы медициналық-санитарлық көмек деңгейін арттырып, ана өлімін 1990 жылмен салыстырғанда 50 пайызға дейін азайту туралы мақсат қойылды. Сонымен қатар құжатта отбасын жоспарлауға байланысты қызметтерді арттырып, қыздарды ерте тұрмысқа беруді азайту мәселесі де көтерілді. АҚШ-тың бірінші ханымы Хиллари Клинтон «адам құқығы – әйел құқығы, әйел құқығы – адам құқығы» екенін айтты. Ал Перу президенті өз елінде мәжбүрлі түрде стерилдеу жүргізіліп жатқанын жоққа шығарды.

2000 жыл

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі 1325 резолюциясын қабылдады. Онда әйелдердің шиеленістерді шешу кезіндегі рөлі мен бейбітшілікті қалыптастыруға әсері, соғыстағы тәжірибелері мен оның нәтижелері туралы айтылған. Сонымен қатар алдағы 15 жылда әйелдер құқығы мен қауіпсіздігіне қатысты жеті резолюция қабылданатыны, зорлау соғыс құралдарының бірі ретінде танылатыны да ескертілген. Сондай-ақ 2015 жылға қарай он бейбіт келісімнің жетеуі гендерлік проблематика мен әйелдер мәселесіне арналатыны, бірақ қаржыландыру әйелдерге қажетті көмек көрсетудегі басты қиындықтардың бірі болып қала беретіні де айтылған.

БҰҰ Бас ассамблеясы Мыңжылдық декларациясын қабылдады.

2001: мыңжылдық талаптары

Әлем бойынша халық саны 6,2 миллиард адам.

Мыңжылдық басында әлем кедейлік пен аштықтан құтылу үшін сегіз түрлі даму мақсатын бекітті. Олардың ішінде гендерлік теңдікті, әйелдер құқығы мен мүмкіндігін арттыру, ана мен бала өлімін азайту секілді мәселелер басты орынға шықты. Бұл жылдары 100 мың босану жағдайының 332-сінде ана өлімі тіркелді. Шығыс және Оңтүстік Африкадағы көрсеткіш азайғанымен (100 мың жағдайда 766 өлім), Батыс және Орталық Африкада жағдай бұрынғы деңгейде қалды (100 мың жағдайда 973 өлім).

АҚШ президенті болып сайланған Джордж Буш қайтадан Кемп-Кастен шешімін қабылдады, яғни, аборт мәселесінде сырттан қаржыландыруға тыйым салды.

2009 жыл

АҚШ президенті Барак Обама Кемп-Кастен шешімінің күшін жойды. БҰҰ қорын қаржыландыруды қайта қалпына келтірді.

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, жыл сайын 47 мың әйел қауіпті абор кесірінен көз жұмады. Бұл барлық аналар өлімінің 13%-ын құрайды.

2010 жыл: отбасын жоспарлау басты орында

Әлем бойынша аналар өлімінің коэффициенті 246, халық саны 6,9 миллиард болды.

Біріккен Ұлттыр Ұйымы гендерлік теңдікке қол жеткізу жұмысын жеделдету үшін БҰҰ-ның әйелдерге арнап құрылған төрт тобының жұмысын біріктірді. Агенттіктің бірінші директоры Мишель Бачелет болды.

Бұл комитет әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты зерттеу, әйелдер ісіндегі экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту, басшылыққа әйелдердің келуін қолдау секілді әстерді атқарады.

2011 жыл

БҰҰ адам құқытары жөніндегі кеңесі дискриминацияны тоқтатуға шақыратын алғашқы резолюцияны қабылдады.

2014 жыл

Ұлыбритания шиеленіс жағдайындағы зорлықты тоқтату үшін саммит өткізді. Оған 122 мемлекет өкілдері қатысты. Шараға Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Уильям Хейгпен бірге сондай-ақ Анжелина Джоли де қатысты.

БҰҰ Бас ассамблеясы балалармен некелесуді тоқтату туралы «тарихи» шешім қабылдады. Мамандардың айтуынша, бұл мәселеде ешқандай шешім қабылданбағанда, 2050 жылға қарай 1,2 миллиард әйел бала күнінде-ақ тұрмыста болады.

2015 жыл: айтылмаған мақсат, жаңа мүмкіндіктер

Орташа туу коэффициенті 2.4. Ана өлімінің коэффициенті 216. Халық саны 7,3 миллиард адам.

1990 жылмен салыстырғанда босанғаннан кейін қайтыс болған әйелдер көрсеткіші бүкіл әлем бойынша 45%-ға азайған. Дегенмен, аналар өлімінің 86% әлі де Африка мемлекеттеріне тиесілі. Бұл елдерде миллиондаған әйел медиицналық қызметкердің көмегінсіз босанады.

Тағы бір айта кетерлігі, контрацепция көрсеткіші бүкіл әлем бойынша 64% артқан. БҰҰ хабарлауынша, 2030 жылға қарай отбасында бала саны аз болса, әлем халқы 9 миллиардтан 8 миллиардқа азаюы мүмкін.

Осы жылдың қыркүйек айында БҰҰ мүше мемлекеттер тұрақты дамудың 17 мақсатын қабылдады. Оның үшеуі аналар өлімін азайтуға бағытталған.

35 жылдан кейін Қытай бір бала саясатын тоқтатты. Мемлекетте туу коэффициентінің азаюы демографиялық дағдарыс туғызған. БҰҰ болжамына сенсек, 2022 жылға қарай Үндістандағы халық саны Қытаймен теңеседі.

2016 жыл

Халықаралық қылмыстық сотта зорлауды соғыс қаруы ретінде қолдануға қатысты алғашқы сот процесі аяқталды. Нәтижесінде Конго Демократиялық Республикасының бұрынғы вице президенті Жан-Пьер Бемба кінәлі деп танылды. Сонымен қатар Чаданың бұрынғы президенті Хиссен Хабре зорлау, күш көрсету, адамзатқа қарсы қылмыстар бойынша қамауға алынды.

2017 жыл

АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйдегі бірінші жұмыс күнінде-ақ абортқа қатысты шетелдік қаржыландыру шешіміне қайта тыйым салып, тек отбасын жоспарлау ғана емес, денсаулық сақтау саласындағы барлық бағдарламаларда тыйымды арттырды. Әйелдер құқығын қорғаушылар бұл қадамға қарсылық танытты. Трамп бюджетті бекіткенде де отбасын жоспарлау мәселесінде шетелдік қаржыландырудың болмау керектігін айтты.

Әлем бойынша халық саны 7,5 миллиард адамды құрады. БҰҰ болжамына сенсек, 2050 жылға қарай халық саны әлем бойынша 9,8 миллиард адамға жетеді.

Ағылшын тілінен аударған Алтынай Қуанышбек


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер