BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 361.94 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.4
Астана:

Норвегия жастары қалай байып жатыр?

Фото: Kuku Travel

Дамыған мемлекеттерде жастардың экономикалық жағдайы төмендеп бара жатқанымен, Норвегияда бұл көрсеткіш 13% -ға артты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі ВВС басылымына сілтеме жасап.

Бұл алтын ғасыр қанша уақытқа созылмақ?

Батыс әлеміндегі жастардың әлеуметтік жағдайы ата-аналарына қарағанда төмен. Ал бір мемлекет бұл тенденцияны қалай бұзды?

1980-2000 жылдар аралығында АҚШ, Ұлыбритания және басқа да мемлекеттерде дүниеге келген адамдар үшін университеттерге қарыз болу, тұрғын үй шығыны мен күнделікті қажеттіліктерді өтеу үшін қажет қаржы ортақ проблема саналады. Көптеген зерттеу нәтижелері көрсеткендей, бұл ұрпақ ата-аналарына қарағанда жағдайы анағұрлым төмен алғашқы ұрпақ болмақ. Дегенмен, бұлай кесіп айту да дұрыс болмас, себебі Еуропаның солтүстігіндегі мемлекетте бұл жағдай мүлдем басқаша өрбіп жатыр.

Норвегия викингтер тарихы, қар спорты түрлерімен танылған мемлекет. Ол бүгінде экономикасы дамып жатқан әрі жастарының тұрмысы жақсы Еуропадағы жалғыз мемлекет болып отыр.

Айта кету керек, Норвегиядағы 30 жастағы жастардың орташа табысы жылына 56 200 АҚШ долларын құрайды. Сондай-ақ 1966-1980 жылдар аралығында дүниеге келген ұрпақпен салыстырғанда қазіргі жастардың табысы 13% -ға артқан. Жақында Think Tank The Resolution Foundation қоры кірістер туралы мәліметтер базасын негізге ала отырып байлық туралы зерттеу жүргізді. Зерттеу нәтижесінде көптеген мемлекеттерде жастардың тұрмыс жағдайы нашарлап жатқаны байқалды. Мысалы, көрсеткіш Германияда 9%, АҚШ-та 5%-ға төмендеген. Еуропаның оңтүстігіндегі елдерде, яғни 2008 жылғы әлемдік экономикалық дағдарыстан ең көп жапа шеккен мемлекеттерде бұл көрсеткіштің 30%-ға төмендегені байқалған.

Тағы бір айта кетерлігі, Новергиядағы 15-29 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі де анағұрлым төмен екені (9,4%) белгілі болды.

Норвегияда жастардың жағдайы жақсы

Норвегияның астанасы Осло қаласында жағдайы жақсы жастарды кездестіру оңай. Мысалы, 25 жастағы Александр Аарнес өз ақшасын қайда жұмсайтыны туралы бас қатырмайтынын айтады.

«Мен айына бір рет театрға, бір рет киноға барамын. Қалағанымды ішіп, жеймін. Достарыммен қыдырамын. Еңбек демалысында қайда барғым келсе, сол жаққа барамын», - дейді ол.

Аарнес музыкалық театрда, аптасына бір-екі рет Корсволдағы супермаркетте жұмыс істейді және тапқан қаржысын өз өміріне жұмсайды. Қала орталығынан 20 минуттық жердегі ауданнан досымен бірге пәтер жалдап тұрады.

«Мен қандай жақсы жағдайда өмір сүріп жатқанымды білемін. Мансабымды жалғастырып, қаржы табу үшін маған көп күш жұмсаудың қажеті жоқ», - дейді ол.

Александр сағатына 20 АҚШ долларын алады. Демалыс күндері немесе кешкі уақыттарда бұл баға артып отырады. Скандинавия елдерінде салық деңгейі өте жоғары екені белгілі. Мысалы, Аарнес айына 1700 АҚШ долларын салыққа төлейді. Қалған табысынан пәтерақыға, жолақыға ақша ұстап қалады да, одан қалғанын «өзіне ұнайтын» іске жұмсайды.

Норвегияда тағы бір 31 жастағы кәсіпкерді жолықтырдық. Ол көлігімен барбекюге шығуға дайындық үстінде екен. Толық аты-жөнін айтудан бас тартқан жастың айтуынша, Норвегия бай мемлекет болса да, халық арасынан ешкім өзінің қаншалықты деңгейде бай екенін ашып айтқысы келмейді. Бұл жас жігіт 27 жасында өзен жағасынан екі бөлмелі пәтер сатып алыпты. АҚШ пен Азияға да жиі саяхаттап тұрады екен. Соған қарағанда, оның да жағдайы жақсы көрінеді.

Норвегия нені басқаша істеп жатыр?

Норвегиялықтардың өмір салты мемлекеттегі жылдам экономикалық өсімге байланысты екені сөзсіз. Бұл мемлекетте 1980 – 2013 жылдар аралығында экономика өсіп, орташа жалақы артты. Соның әсері болса керек, Норвегия жаһандық байлық рейтингтерінде жоғары орындарға шыға бастады. Тіпті, жаһандық дағдарыстан да сәтті өтті.

Былтыр Норвегия Legatum Prosperity Index рейтингінде әлем бойынша зерттеуге қатысқан 110 мемлекеттің ішінде бірінші орынға шықты.

Норвегияның үлкен мұнай-газ секторы соңғы отыз жылдағы экономикалық бумның қозғаушы күші болғаны да анық. Дегенмен, соңғы кездері мұнай бағасының төмендеуі де әсер етпей қоймайтыны белгілі.

Норвегиядағы BI бизнес-мектебінің экономика бойынша профессоры Хильде Бьорнландтың айтуынша, мәселе Норвегияның ақшаны қалай табатынында емес, тапқан қаржыны қалай жұмсайтынында болып отыр.

«Норвегия мұнайды, ақшаны жақсы басқарып отыр. Мемлекет керек кезде үнемдеп, қаржыны қоғам үшін жұмсайды. Сондықтан көпшіліктің бұл байлыққа қолы жетіп отыр», - дейді ол.

Норвегия өз ақшасын ең ірі қор нарығында сақтайды. Қарапайым сөзбен айтсақ, бұл мемлекет үлкен жинақ банкі секілді. Норвегия 9 мыңнан астам компанияға инвестиция салып отыр. Бүгінде ол қаржының өзі 1 триллион доллардан асады.

Дегенмен, бұл көрсеткіштерге қарамастан, Норвегияда салық қымбат, бірақ мемлекеттегі ең аз жалақыны кәсіподақтар бекітеді.

«Өндірісте жұмыс істейтін жастар мен халықтың жалақысы жыл сайын артып отыратынын байқауға болады. Сонымен қатар Норвегияда басқа мемлекеттердегі сияқты ең көп жалақы мен ең аз жалақының айырмашылығы көп емес», - дейді Бьорнланд.

Табыс туралы қордың баяндамасында АҚШ, Ұлыбритания, Германия секілді ірі мемлекеттерде кірістің төмендеуі теңсіздіктің артуына әсер еткен негізгі фактор екені айтылған. Бұл мемлекеттерде жастар жұмыс орындарының мобильдігі мен еңбекақысының өспеуіне куә болып, ауыртпашылықта өмір сүруге мәжбүр.

Бьорнландтың айтуынша, байлықты ұрпақтарға бөліп беру – Норвегиядағы әлеуметтік теңсіздіктің болмауына әкеліп, қалыпты әрі жайлы өмірдің тууына әсер еткен.

Еуропаның басқа мемлекеттеріне қарағанда Норвегияда әлеуметтік қамсыздандыру, медициналық көмек жақсы субсидияланады. Сондай-ақ жұмыссыздарға берілетін жәрдемақы да жоғары. Мысалы, жұмыссыз қалған адам жаңа жұмыс тапқанша екі жылға бұрынғы жалақысының 60%-ын сұрай алады. Сонымен қатар балаларды күтуге кететін шығынның аздығы мен бала күтіміне байланысты еңбек демалысы жүйесінің жоғары деңгейде болуы әйелдердің жұмысқа араласуына жақсы мүмкіндік береді.

Тағы бір айта кетерлігі, көптеген мектептер мен мемлекеттік университеттердегі тегін білім мен жеңілдетілген несиеге қолжетімділік студенттердің жағдайын жақсартып отыр.

«Жастар оқумен қатар жұмыс істеп, екеуін қатар алып жүре алады. Бұл да маңызды фактор саналады», дейді Бьорнланд. Оның айтуынша, мұндай уақытша жұмыс басқа батыс елдеріне қарағанда Норвегиядағы жастарға көп табыс табуға мүмкіндік береді.

«Норвегияда жұмыс табу оңай және жалақысы да жақсы. Бұл менің бос уақытымды тиімді өткізуіме септігін тигізіп, оқуыма да кедергі келтірмейді. Әрине, төлейтін салығым тым көп, бірақ мемлекет осындай мүмкіндіктер жасап отырғанда, салық көлеміне мән бермейсің», - дейді 27 жастағы Габриэлла Санзана.

Ол адам құқықтарын қорғаушы ретінде тұрақты жұмыс істейді және кейде даяшы болып қызмет етеді.

Болашақ қауіпсіз бе?

Норвегияда бүгінгі жағдай жақсы болғанымен, қауіп те жоқ емес. Investing in Youth мәліметтеріне сенсек, Норвегияда 15-29 жас аралығындағы жастарға қажетті жұмыс орны қазіргі жастар санына сай келмейді. Себебі 2007-2016 жылдар аралығында мемлекеттегі жастар саны 18%-ға артқан.

Бұл көрсеткіштің бестен төрті иммиграция деңгейіне байланысты пайда болған. Бүгінгі таңда Норвегиядағы шетелдіктер арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші 10%-ды құрайды.

Ослодағы Метрополитен университетінің Еңбек және әлеуметтік жағдай орталығының аға ғылыми қызметкері Кристиан Хеггебоның айтуынша, білімі бар халықаралық студенттер мен Еуропаның басқа мемлекеттерінен келген еңбек мигранттары еңбек нарығында табысты жұмыс істеп келеді. Бұған Норвегияда этникалық топтар арасында дискриминацияның жоқтығы тіпті жақсы әсер етіп отыр.

«Бұл жағдай біліктілікке байланысты болуы мүмкін. Бірақ мәселе сұраныста емес, ұсыныста болып отыр деп ойлаймын», - дейді ол.

Оның айтуынша, Норвегиядағы жұмыс берушілердің көбі бәрібір де норвегиялық жұмыс тәжірибесі барларға басымдық береді.

Жұмыс табу үшін таныс керек пе?

Нигериядан келген Оуве Джордж – жұмыссыз. Оның айтуынша, норвегиялық таныстарсыз бұл мемлекеттен жұмыс табу қиын.

«Мен соңғы рет таныс норвегтің қол астында жұмыс істедім. Содан бері жақсы жұмысым болған емес», - дейді ол.

Ал 19 жастағы Кайад Махаммед медиа-компанияда жұмыс істейді. Оның айтуынша, жұмыс іздеу барысында ол еш қиналмаған және жұмысқа жылдам орналасқан. Дегенмен, Кайад Норвегияда иммигранттарға байып кетудің қиын екенін айтады.

«Иммигранттар бұл елде жұмыссыз қалудан қорқып, қандай жұмысқа болса да орналаса береді», - дейді ол.

Дегенмен, мемлекетте теңсіздік артып келе жатыр деген де қауіп жоқ емес.

Ұлттық кірістің орташа көрсеткішінен төмен алатын норвегтер 2015 жылы 8,1% болды. Бұл көрсеткіш 2004 жылы 6,9% болған еді. Тағы бір айта кетерлігі, басқа топқа қарағанда жастарға төніп тұрған қауіп көбірек. Дегенмен, жаһандық стандарттарға сүйенсек, бұл да төмен көрсеткіш. Мысалы, АҚШ-та бұл 16,8% болса, Ұлыбританияда 10,9%-ды құрайды.

«Норвегияда білімі жоқтар өзін әлсіз сезінеді. Әлеуметтік проблемалары бар жас норвегтердің жағдайы қиын», - дейді «Жастарға салынған инвестиция: Норвегия» баяндамасы авторларының бірі Себастьян Кенигс.

Оның айтуынша, әлеуметтік жағдайы төмен жастар басқаларына қарағанда күйзеліске алты есе жиі шалдығады, денсаулығының нашарлауына байланысты тоғыз есе жиі жапа шегіп, еңбек нарығынан тыс қалады.

Табыстың бағасы қандай?

Бьорнландтің айтуынша, ең бай деген норвегтердің өзі алдыға жылжи отырып абай болғандары жөн.

«Олар жақсы көңіл көтеріп, уақытын жақсы өткізіп үйреніп қалды. Бірақ жағдай үнемі осындай болып қалмауы мүмкін», - дейді ол.

Оның айтуынша, Норвегия өзінің өнеркәсіп салаларын дамытуы үшін белсенді жұмыс істеуі керек. Бұл мемлекетке болашақта бәсекеге қабілетті болып қалуға көмектеседі. Сондай-ақ технология дамып, шикізат пен қайта қалпына келтірілетін энергия көздеріне басымдық беріле бастауына септігін тигізеді.

Бьорнланд Норвегиядағы жұмыс берушілерге шетелдік мамандарды тартудан қорықпау керек деп есептейді. Әсіресе, мұнай-газ саласынан басқа жердегі жұмыс орындарына ондай мамандарды тарту маңызды. Екінші жағынан, «қалаған жерде» жұмыс істеуге үйреніп қалған жастар тәжірибе мен біліктілікке баса назар аударғандары жөн. Бұл осы деңгейді сақтап қалу үшін маңызды.

Қандай шешім бар?

Норвегияның бүгінгі проблемаларына қарамастан көптеген сарапшылар басқа мемлекеттерге қарағанда жағдайдың жақсы екенін айтуда.

Себастьян Кенигстің айтуынша, білім, жұмыспен қамту мен әлеуметтік қызметтер арасындағы байланыс басқа мемлекеттерге қарағанда Норвегияда жақсы жолға қойылған. Бұл әсіресе жұмыс тәжірибесін енді бастаған жастарды қолдаудың ерекше әдісі.

Норвегияда халық саны 5,1 миллион ғана адам болғанымен, басқа да мемлекеттер осы саясатты қолданып көре алады.

«Мәселе мемлекеттің көлемінде емес, мемлекеттің инвестицияға қанша ресурс сала алатынында болып тұр. Норвегия бұл жағдайды ең басты басымдық санайды», - дейді ол.

Ал Кристиан Хеггебоның ойынша, болашақта Норвегия мұнайдан толығымен азат экономикаға бет бұрса да, жастарға салынып жатқан инвестиция арқасында қазіргідей дами береді.

Ағылшын тілінен аударған Алтынай Қуанышбек


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер