BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 365.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.35 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.6
Астана:

NASA Жердегі мұз қалыңдығын дәл анықтайтын спутник ұшырды

Сенбі күні NASA Жердегі мұздың биіктігі мен қалыңдығын нақты өлшей алатын әрі 1 миллиард доллар тұратын спутникті ұшырды. Мамандардың айтуынша, бұл спутникті құрастыруға ондаған жылдар кеткен, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі The Guardian басылымына сілтеме жасап.

Жақында ғалымдар Жердегі мұздың қаншалықты жылдам еріп, теңіз көлемінің артып жатқандығы туралы нақты мәліметтер алатын болады. Бұл мәліметтерді NASA ұшырған күрделі спутник ұсынбақ.

Әр 91 күн сайын спутник орбитада мың маршрут жасайды. Smart автокөлігінің көлемімен бірдей спутник Арктика мен Антарктиканың мұзды алқаптарын алты лазер арқылы белгілеп, лазердің кері қайту жылдамдығын есептейді. Сол арқылы NASA мамандары мұздың қалыңдығы мен ұзындығын, биіктігін нақты өлшей алады.

«1980 жылдан бастап біз мұздің көлемін есептеп келеміз, бірақ осы күнге дейін мұздың қалыңдығын есептеу қиындық туғызатын еді. Ал бұл мәселеде қалыңдықтың маңызы зор. Себебі теңіз мұзы жұқа болса, ол дауыл кездерінде жылдам бұзылады әрі тез ериді», - дейді аталған миссия бойынша NASA вице-президенті Том Нейман.

NASA мәліметтеріне сенсек, Гренландия мен Антарктикадағы мұздың еруі теңіздің жаһандық көлемін жылына бір миллиметрге арттырып отырады. Бұл жалпы теңіз көлемі артуының үштен бірін құрайды. Тіпті, теңіз деңгейінің артып жатқаны соншалықты, ғасыр соңында теңіз деңгейі қазіргіден бірнеше фут жоғары болады.

Сенбі күні жіберілген «IceSat-2» спутнигі 2009 жылы істен шыққан спутникті алмастырады. Ал Нейманның айтуынша, бұл спутниктің 2003 – 2009 жылдар аралығындағы есептеулері теңіз мұзының қалыңдығы 40%-ға азайғанын көрсеткен. Ал жаңа спутник мұзды толық қамтып, нақтырақ өлшейтін болады деп болжанып отыр.

«Біз көзді ашып-жұмғанша IceSat-2 спутнигі алты лазерлі сәулесі арқылы 5 мың өлшем жасайды. Бұл сағат сайын, күн сайын жалғаса береді. Яғни, мәліметтер көп болады», - дейді Нейман.

Ағылшын тілінен аударған Алтынай Қуанышбек


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер