BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

Италияда су тасқынынан 12 адам қаза тапты

Фото: costajonicaweb.it

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Сицилияда толлассыз жауған жаңбырдың соңы су тасқынына ұласты. Салдарынан 12 адам қаза тауып, сонша тұрғын зардап шекті. Бұл туралы Италия премьер-министрі Джузеппе Конте Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазды.

La Sicilia басылымының мәліметіне сәйкес, 4-қараша күні түнде Палермо қаласындағы вилланы су басып, 9 тұрғын қаза тапқан. Қайғылы оқиға болған сәтте ғимаратта екі отбасы болған. Құтқарушылар тек 3 адамды құтқарып үлгеріпті. Қалғаны суға батып кеткен. Аталған оқиға бойынша италиялық полиция қылмыстық іс қозғады.

Сондай-ақ Сан-Леонардо өзені арнасынан шығып, жергілікті аумаққа су жайылған. Көліктен 2 адамның өлі денесі табылды. Арнасынан шыққан өзен суы автомобильді өзімен бірге алып кеткен.

Із-түссіз жоғалғандардың қатарында 40 жастағы дәрігер де бар. Оның көлігі Равиотта ауданынан табылды.

Giornale Di Sicilia басылымының хабарлауынша, қаза тапқандардың арасында Салеми коммунасының муниципальды кеңесшісі де бар.

Айта кетейік, 3 қараша күні Жерорта теңізіндегі Сицилия аралында нөсер жаңбыр жауып, соңы су тасқынына ұласқан. Кастроново-ди-Сицилия коммунасынан 15 отбасы қауіпсіз жерге көшірілді. Сондай-ақ қаладағы аудандардың бірінен 50 отбасы эвакуацияланған.

Италия премьер-министрі Джузеппе Конте Сицилия аралында төтенше жағдай енгізілгелі отырғанын хабарлады. Ол төтенше жағдай енгізілсе, үкімет тиісті көмекті бөлетінін, табиғат апатының салдарын жою бойынша тиісті шаралар жүргізілетінін мәлім етті.

Сондай-ақ Италия Ішкі істер министрі Маттео Сальвини зардап шеккен ауданға бюджеттен 250 млн еуро бөлінгенін айтты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер