USD 334.48 EUR 355.62 RUB 5.25
Астана:

Йеменде үш тәулік бойы оқ атпау режимі жарияланады

Йеменде бүгін жергілікті уақытпен 23 сағат 59 минуттан бастап оқ атпау режимі енгізіледі. Ол 72 сағат яғни, үш тәулік бойы сақталмақ.

Алайда соғыстан әбден мезі болған тұрғындар елге уақытша тыныштық емес берік бітім орнатып, қантөгісті тоқтату керек дейді. Йеменде үш тәулік бойы тыныштық орнайтынын Біріккен ұлттар ұйымының Йемен істері жөніндегі арнайы өкілі мәлімдеді.

Айтуынша, аймақта соғысып жатқан қарулы топтың барлығы оқ атпауға келіскен. Осы аралықта ұйым шалғайда жатқан елді мекендерге гуманитарлық көмек жеткізуді көздеп отыр. Ал қақтығыстан қажыған Сана тұрғындары осы бітімгерлік атысты тоқтатудың алғашқы қадамы болады деп үміттенеді. Дегенмен, тұрғындар арасында оған сенбейтіндер де жоқ емес.

- Біз болашаққа үлкен үмітпен қараймыз. Егер мұнда қан төгіп жатқан барлық тарап халықаралық ұйымдар қойған талапты орындап келісімге келсе, елімізге бейбіт күндер қайта оралар еді. Таң тыныш атса деп әрбір Йемен тұрғыны армандап жүр.

- Біз мына сұм соғыс толастап, бейбітшілік орнайды деген үміттеміз. Менің ойымша, бейбітшілікті қолдайтын ұйымдар мен мемлекеттер қақтығысушы тараптарға қысым көрсетсе де бітімді сақтап қалуы керек.

- Оқ атпау тәртібі енгізілді деп жариялағаны болмаса әуе соққылары дамыл таппады. Олар мектеп, мешіт пен тұрғын үйлерге оқ жаудырып, бәрін жермен жексен етті. Осыны көріп бітімге кім келе қойсын?

Бұған дейін «Әл Жазира» телеарнасы Йемен президенті Абд Раббо Мансурдың үш күндік бітімді одан әрі ұзартуға ниетті екенін хабарлаған болатын. Оқ атпау режимін халықаралық ұйымдар да қызу қолдап отыр. Тіпті бітімге бүлікші хуситтерге қарсы әуе соққыларын жұмсайтын Сауд Арабиясының коалициясы да мақұлдады.

«Барлығы тараптардың шынайы ниетіне байланысты. Осы кезге дейін жалғасқан қантөгіс кикілжіңнің қарумен шешілмейтінін дәлелдеп берді. Мемлекетімізде тыныштық орнап, өсіп-өркендеу үшін достық қатынас ел ішінде ғана емес, көрші елдермен де қалыптасуы керек», - дейді саясаттанушы Абдул-Бари Тахер.

Айта кетейік, Йемендгі қақтығыс басталғалы мұнда оқ атпау режимі алғаш рет жарияланып отырған жоқ. Бұған дейін 11 сәуірде тараптар қол жеткізген бітімгерлік келісім бес айға ғана созылған. Тамыз айының басында оны Сауд Арабиясы басқаратын коалиция ұшақтары Санага әуе соққыларын жасау арқылы бұзды. Содан қайта жанданған қақтығыстар әлі де толастар емес.

24.kz

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады