BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 359 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.1 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.41
Астана:

Газада АҚШ елшілігін ашу кезінде 58 палестиналық қаза тапты

2014 жылғы Израиль-Палестина арасындағы соғыстан кейін алғаш рет кеше Газа аймағында тағы да қанды қақтығыстар болды. Иерусалимде АҚШ елшілігі ашылған соң, одан бар болғаны 50 миль жерде атыс-шабыс болып, Израиль қарулы күштері ондаған палестиналықты Газа шекарасында атып өлтірді. Бұл туралы Baq.kz ақпарат агенттігі CNN басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, бұл қанды қақтығыста 58 азамат қаза тапқан. Трамп әкімшілігінің Тель-Авивтегі елшілікті Иерусалимге көшіру туралы шешімі палестиналықтардың жынына тиген, осы себепті де олар наразылық көрсеткен.

Газада көз жасаурататын газ бен атқыш құралдарды қолданған Израиль әскерилері, тіпті, танктерін де іске қосқан. Палестиналық шенеуніктер Израильді қатал жаза қолданғаны үшін айыптап, халықаралық ұйымдардың араласуын сұрады. Олардың айтуынша, 2700 адам жараланған. Әзірге қаза тапқандар мен жараланғандардың жеке мәліметтері анықталған жоқ.

Ал Израиль Қорғаныс күштері террористік істерді ұйымдастыратын палестиналық «Хамас» тобын 35 мың адамды қарсыласуға үгіттегені үшін айыптап отыр. Шекарада болған наразылық акциясын Израиль террористік көтеріліс деп атады.

Израиль әскерилері қарсылық танытушылар жарылғыш заты бар бөтелкелерді, жанған шиналар мен тастарды лақтырды дейді. Сондай-ақ олар үш қаруланған палестиналық азаматты Рафах жерінде ұстап алған, бұл - Мысырмен шекарадағы аймақ.

Британия-палестиналық дәрігер Гассан Әбу Ситтехтің айтуынша, жараланғандардың көпшілігі - жас азаматтар. Олардың денесін оқ алынып жатыр деді дәрігер. Газаның солтүстік аймағындағы Джабалия лагерінде Британия қайырымдылық ұйымының дәрігерлері палестиналықтарға көмек көрсетіп жатыр.

Алты жылдан бері бірнеше рет көтерілістер мен қақтығыстар болғанымен, дүйсенбі күнгі оқиғада қаза тапқандар саны бәрінен көп тіркелді. 30 наурыз күні қарсылық танытушыларға оқ атылып, 17 адам көз жұмған.

«Әрине, бұл ең нашар күн болды. Ертең де жалғасын табады деп болжап отырмыз. Жараланғандардың көпшілігі жазылар емес, олар әлі ұзақ уақыт осы жарақаттарымен күреседі. 60 пайызы мүгедек болып қалады деп айта аламын, оның үстіне әрқайсысы сауығу үшін 5-7 рет ота жасатуы тиіс», - деді дәрігер Әби Ситтех.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху әскерилерді жақтап, «әр мемлекет өз шекарасын қорғауға міндетті» деді.

Бүгін осы көтерілістің жалғасы болуы мүмкін. Өйткені, дәл бүгін палестиналықтар 70 жыл бұрын Израиль орнатқан сұмдық жайттардың құрметіне Накба мерекесін атап өтіп, қаза тапқан бауырларын еске алады.

Палестина автономиясының президенті Махмұд Аббас Үкімет жиналысын өткізіп, үш күндік қаралы күнді жариялады.

«Бүгін біздің ел басына туған ең қаралы күн. Осыған дейін заңсыз Израиль көші-қонынан зардап шектік. Енді оған заңсыз АҚШ әрекеттері қосылды», - деді Аббас.

Ал Түркия премьер-министрі Реджеп Тайип Эрдоған Лондонда сөз сөйлеп, Израильді «террористік ел» деп айыптады. Ал атыс-шабысты Израиль жасап отырған геноцид деді.

Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрлігі де Израильдің күш қолданғанын айыптап, палестиналық азаматтарға қатысты зорлық-зомбылықтың, күш көрсетудің тоқтатылуын талап етті.

БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш Газадағы зорлыққа қатты алаңдаушылық білдіріп, Израиль Қарулы күштерін қару қолданбауға шақырды.

«Осы трагедиялық өлімге Хамас палестиналық террористік ұйымы жауапты. Израильдің қорғануға құқығы бар», - деді АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео.

Президент Дональд Трамп Иерусалимдегі АҚШ елшілігінің ашылу салтанатына келген жоқ. Бірақ, видеобайланыс арқылы Израильді құттықтап, бұл қуаныш «ұзағынан болсын» деді.

«Израиль тәуелсіз мемлекет, сондықтан өз жекеменшік астанасын таңдауға құқылы. Бірақ ұзақ жылдар бойы біз Израиль астанасы Иерусалим қаласы екендігін мойындай алмай келдік», - деді Трамп.

Осы елшіліктің ашылу салтанатында Биньямин Нетаньяху АҚШ пен Израиль арасындағы қатынасты осыған дейін болмаған, ең мықты одақ деп бағалады. Сондықтан ол 14 мамырды «ұлттық мұрағатта маңызды орын алатын күн» деп атап өтті.

Ал АҚШ-тың бұл әрекеті палестиналықтардың ашу-ызасын туғызды. Өйткені, олар Иерусалимді өз елдерінің болашақ астанасы деп сенеді. Тіпті, Палестина үшін ғана емес, бұл қаланың көптеген араб елдері үшін алар орны зор. Ислам діні бойынша ең қасиетті мекендердің бірі ретінде танылған Иерусалим - тарихи маңызы бар қала. Алайда, еврейлер мен христиандар үшін де діни тұрғыдан маңызды шаһар саналады.

Еске сала кетейік, наурыз айының соңынан бері әр аптаның жұмасында мыңдаған адам шекараға келіп, «Қайтару маршын» өткізіп жүр. Олар соғыс кезінде еврейлер басып алған жерлерін қайтарғысы келеді және 1948 жылы Израиль мемлекеті құрылған сәтте көптеген әділетсіздік орын алды деп сенеді.

Бірнеше аптаға жалғасқан бұл шеру бүгін 15 мамыр күні аяқталуы тиіс. Өйткені, бұл күн - Накба мерекесі немесе Израиль меншіктеп алған жерден қуылған 700 000 палестиналықтарды еске алатын «қайғылы мереке». Бүгін мыңдаған тұрғын шеруге шығады.

Айта кетерлігі, 7 апталық көтеріліс кезінде 100-ден астам бейбіт тұрғын көз жұмды. Оның жартысынан астамы 14 мамыр күні қаза тапты.

Израильге қарсы пікір айтып, ашуланған елдер мен халықаралық ұйымдар саны күн санап артуда. Мысырдан бастап араб елдерінің бәрі және израильдік бейбіт «Бецел» ұйымы да Биньямин Нетаньяху әрекетін айыптауда. БҰҰ антирасистік комитеті Израильден «заңсыз күш көрсету» әрекетін тоқтатуды талап етті. Халықаралық амнистия ұйымы халықаралық құқықтың бұзылғандығын, әскери қылмыстың орын алғанын айтуда.

Ағылшын тілінен аударған

Алтынай ҚУАНЫШБЕК


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер